Атпал азамат

Оңтүстіктегі саясат саласында тұрақты жүргендер туралы айтсақ, ауызға ең алдымен ілінетіндердің қатарына бүгінде алпыстың асқарына көтеріліп отырған ардақты ағамыз Алтекең де, Алтынбек Кәттебекұлы да жатады. Алтынбек Кәттебекұлы жайлы айтқанда, ең алдымен ол кісінің саяси ұстанымына беріктігін айту керек. Сындарлы сын айта білетін, өзара сынды дұрыс қабылдай білетін саясаткер Алтекең «Ақ жол» партиясын он жылдай басқарды. Ал ақжолдықтардың ең көбі оңтүстікте екенін айтар болсақ, онда бұл жерде Алтекеңнің еңбегі айқын көрінеді. «Ақ жолдың» ең қиын кездерінде табандылығынан таймаған, азаматтық ұстанымын берік ұстап қалған Алтекеңнің адамгершілігімен де абыройлы екені бәрімізге белгілі. Алтекеңнің алуан істердегі айқын қайраты жайлы «Жас қазақ үні» газетінде де кезінде жақсы жазылды. Біз бүгін асқаралы алпыстың асуына шығып отырған атпал азамат Алтынбек Кәттебекұлын мерейлі белесімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ өмір, мол бақыт тілейміз! Алтекеңе Ақ жол! Республикалық «Жас қазақ үні» газеті атынан – Қазыбек ИСА