Әр сөзі де дәрідей Тұрақ-Серік

Әр саланың өз саңлақтары болады. Қарашаның 17-де ердің жасы елуден еркін асып, 51-ге толып отырған Тұрақ-Серік Мұсабайұлы туралы да дәл осылай айтуға болады. Медицинадағы фармацевтиканың жалын ұстаған жалынды жас Алматы мемлекеттік медицина институтын 1983 жылы бітірген соң, алғашқы еңбек жолын шағалалы да шағылды Шардара ауданынан бастайды. Ауыл адамдарына өз қызметін көрсетіп, денсаулық саласына дем береді. 1998 жылдан бастап еліміздегі ең ірі фармацевтикалық «Ромат» компаниясының Шымкент қалалық филиалының директоры. Дәрімен айналысқан соң ба, Тәкеңнің әр сөзінің, әрбір ісінің жаныңа дәрі секілді дәреметі бар. Өзінің ағайынға қамқор, бауырмалдығы мен елге деген ерекше елгезек кереметі бар. Асыл жары Гүлмира екеуі үш ұл, үш қызды үкілеп өсіріп отыр. Айтпақшы, таң нұрындай Таңшолпан қызы да әкесімен бір күнде 17 қарашада 12 жасқа толып отыр. Біз Таңшолпан қызымызға да асқақ армандарына жететін аяулы қыз бола бер дейміз. Шаңырақ шаттығын шалқытып, жұлдыздарың жарқырай берсін! Дәрі болып, жұмысы, Дәрідей әр сөзі де. Елдің болып ырысы, Көрінеді көзіңе. Таңшолпаның таңдай боп, Жайнап өссін жарқырап. Тарта бергін нардай боп, Арта берсін бар қуат!   Ізгі ниетпен, алматылық ағайындары атынан Қазыбек Иса