ДАРХАН десе - ДАРХАН! (фото)

   

ҚҰТТЫҚТАУ!!!

 

Кинобайқаудағы  мың сұлуға қарамай, бір сұлуға – Күнсұлуға үйленгенде Дархан қырықтың қырқасына шыққан еді...

  Бүгін, cәулелі  сәуірдің 10-ыншы жұлдызында   менен 13 күн ғана үлкен болса да, соны үнемі есіме салып отырғанды жақсы көретін Дархан досымыздың туған күні! Дархан Қожахан екеуміз  Абай атындағы Қазақ  педагогикалық институтының  көркемсурет-графика факультетіне 1979 жылы бірге түсіп, 1984 жылы бітірдік.  Ол қалада, мен далада өссек те, арамызда ешқандай  айырмашылық немесе қарама-қарсылық болған жоқ. Өйткені, әкесі  Советхан азан шақырып қойған ДАРХАН деген атындай, оның жаны да, даладай дархан. Көркемсурет -графика факультетін бітіргенмен, екеуміз де суретші болмай, ол кинорежиссер, мен ақын болып кеттік.  Ал, жалпы, біздің курсты бітіргендерден  мемлекеттік "Дарын" сыйлығының лауреаты Тоққожа Қожағұл,  әйгілі "Аңырақай айқасы" полотносының авторы Мақсат Бексұлтан, көрмелері шетелде өтіп жүрген Жанұзақ Мүсәпір  т.б.  талантты суретшілер жетерлік.  Дарханның ерекшелігі сол, ол қазақ әдебиетімен қатар әлем әдебиеті мен мәдениетін жетік білетін білімдар, зиялы жігіт! Ол кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітіріп алды. «Көшпенділері», «Келіні» бар, талай кинолардың екінші режиссері, директоры болып істеді. Өзінің де «Жол», «Қарсы тексеру» атты бірнеше көркем фильмдері бар. Мен 1990 жылы  Шардарадағы Қызылқұм орта мектебіндегі мұғалімдік қызметімді, яғни  мектептегі  миссиямды аяқтап,  Алматыға ақын болып келдім.  Сонда, баспана тауып алғанша   осы Дарханның Гагарин көшесінің жоғары жағындағы үйінде біраз жүрдім.  Бұл үйден біз студент кезімізде де шықпайтынбыз.  Дарханның бала кезінде қайтыс болып кеткен әкесін көрмедік, ол негізі анасы Хадиша тәтемізге  ұқсаған деп ойлаймыз. Хадиша тәтеміз келісті келген, кеңпейіл кісі еді. Сол кезде бір курста бірге оқыған досымыз,  ол да суретшілікті бітіріп, журналист болып кеткен, қазір  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері  Жанұзақ  Мүсәпір де Бақанастан Алматыға келіп жатқан болатын. Ол да жайғасқанша біраз уақыт Дарханның үйіне тоқтады.  Бізді іздеп жиі келетін Нұрлан, Кәдірбек  секілді  достарымыз тағы бар. Сонда үйінде топырлап жүрген біздерге  Дарханның анасы да, Диас бастаған бауырлары да, Гүлмира, Гүлнафис қарындастары да  бір де бір рет қабақ шытқанын көрген емеспіз.  Дарханның өзі болса, «Біз бұл үйде төрт бойдақ  тұрамыз» дейтін. «Сен екеуміздің бойдақ екеніміз анық,   үйінен алыста жүрген  Жанұзақты да бойдақтарға  қосып отырғаның белгілі. Сонда төртіншісі кім?»-десем, «Тәтем ше, ол кісі де бойдақ қой» деп, анасымен де әзілдесіп қойып, бәрімізді күлдіретін.  Кейін өзіміз шаңырақ көтергенде , Хадиша тәтемізді  үйге шақырып, Жәннат келінінің қолынан шәй ішіп, батасын беріп кеткен  болатын.  Жатқан жері жайлы болсын дейміз. Бойдақ демекші,  Дархан әбден қыз таңдап жүріп қалып,  қырықтың қырқасына шыққанда бір-ақ  үйленді. Тоқсаныншы жылдары менің жырларымның  желісімен «Махаббат маусымы» деген кино түсіреміз деп, Шымкентте жүргеніміз бар.  Қазіргі руханиятқа қамқор рухы биік  мемлекет қайраткері, белгілі меценат  Ислам Әбішев ағамыз ол киноны қаржыландырмақ болды. Бірақ дағдарыс басталды да, аяқсыз қалды. Сол кезде кастингтен мыңнан аса қыз өтті. Бәрінің  фотолары,  іс папкасы түгел Дарханда болатын. Мен сонда оған: Мың қыздан бір қыз таңдасайшы, қашанғы бойдақ болып жүресің» деп тиісетінмін.  Бірақ, сол кино байқауына қатысқан  мың сұлуға қарамаған Дархан бір сұлуға – нағыз Күнсұлуға үйленді.  Сөйтіп, Кентаудың қоңырат қызын алып, маған күйеу бала болып шыға келді... Енді  13 күн үлкендігін айта алмайтын болып қалды... Бүгінде  Дарханның өзі немесе, біздің Күнсұлу қарындас  баяғы мың сұлудың суреттерінің  көзін құртқан шығар деп ойлап қоямын... Дархан досымыздың  туған күнінде біраз жәйттер еске түсіп жатыр осылай. Қадірлі Дархан дос,  Мерекең  Берекеге ұлассын.  Қоғамның   шынайы  болмысын болашақ киноларыңда  әдемі өрнектей бергейсің!  Өмірдегі ең басты кино – отбасың  аман болсын!  Ұл-қыздарыңның  жұлдыздары жарқырай берсін! Туған күнің бүгінгі  -  бізге ерек  күн! Ізгілікті әрдайым іздеп өткін! Алла дәйім өзіңді қолдай берсін, Жүзің жарқын күйіңде Жүзге жеткін!  Қазыбек  ИСА