АҚ ОТАУҒА – АҚ БАТА

1
5490

 

«Қазақ үні» басылымында бүгін той! Газетіміздің атқарушы директоры Әзірет Жарылқасын жүрек қалауымен таңдап алған Шырынмен шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге қадам баспақшы. Әріптесіміз Әзіретке шаңырақтарың шаттыққа толы болып, қосағыңмен қоса ағар деген ақ тілегімізді білдіреміз!

Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстанның Халық жазушысы, Түркі әлемінің үздік ақыны:

Тәуелсіз Қазақ еліне әрбір жас шаңырақтың қосылуы тек бір әулеттің емес, жалпы еліміз үшін қуанарлық жағдай. Мен жаңа көтеріліп жатқан ақ отаудың ұлт үшін қызмет етіп, шындық үшін күресетін шаңыраққа айналуын тілеймін. Рухы мықты, имандылығы берік, отбасыға айналып, Көк туымыздың көкте мәңгі желбірей беруіне үлес қоса беріңдер! Қазақтың елі, жері, тілі, ділінің тазалығы мен беріктігі үшін күресте биіктен көріне беріңдер!
Әзірет пен Шырын қарақтарым! Шаңырақтарың биік, керегелерің кең, босағаларың берік болсын! Алла жар болып, жұлдыздарың жарқырай берсін!

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Атың Әзірет екен, әкең ырымдап қойғандай, Әзірет Сұлтандай болғын! Шаңырақтарыңа шаң тимесін! Жүйріктің жүйрігі, мыңнан озған тұлпар болыңдар! Сыңарың Шырынды аялай біл, қатар жүріңдер! Қосағыңмен қоса ағар! Жұрт сүйсініп қарайтындай шаңыраққа айналыңдар! Бір әулеттің, бір рудың емес, ұлттың, елдің қамын ойлайтын азамат болыңдар! Қазақтың үлгілі отбасына айналыңдар! Маңдайларың жарқырап, Алла жар болсын!

Мақпал ЖҮНІСОВА, әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Әзірет – Шырын тойларың тойға ұлассын! Әрбір арайлап атқан таң сендерге тек ғана шаттық нұрын төге берсін! Үлкен өмір жолына басқан қадамдарың сәтті, өмірлерің бал шырындай тәтті болсын. Тойларың келер шаттық пен мол ырыстың, берекелі өмірдің бастамасы болсын. Сендер құрған Ақ отаудың іші балдай тәтті балапандарға толсын! Тойларың құтты болсын!

Алтынай ЖОРАБАЕВА, әнші ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Жаңа өмірге қос аққудай қол ұстасып бірге аттаған қадамдарың құтты болсын! Босағаларың берік, керегелерің кең болсын деп тілеймін! Әзірет адал жар болсын, ал Шырын осы шаңыраққа қонған бақ болсын! Әрқашан алақандарың ашық, өмірге машық, бір-біріңе ғашық болып, тек бір-біріңе сүйеу болып жүре беріңдер.

Төреғали ТӨРЕӘЛІ, әнші:

 

Жас жұбайлар, кездессе де не күндер,
Мұқалмаңдар, мұратыңа жетіңдер.
Бір-біріңе дәл бүгінгі сезіммен,
Өмір бойы ғашық болып өтіңдер.
Сүйген жүрек сөнбесін, жалындасын!
Сүйген жүрек өзгені сағынбасын!
Жас жұбайлар қосағымен қоса ағарып,
Бақыттары алдарынан жарылқасын.

 

1 Пікір

  1. Жүздерің ақ алмастай жарқылдасын,
    Құштарлық сезімдерің тартылмасын.
    Жылдар ағып өтсе де Сыр суындай,
    Махаббаттың теңізі сарқылмасын.
    Бақ дәулет кіріп есіктен,
    Тербесін әні даланың,
    Жыл өткен соң бесіктен,
    Дауысы шықсын баланың!!!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз