Қайраткер журналистке құрмет

Даңқты жерлесiмiз, көрнектi қоғам қайраткерi, қарымды қаламгер, ғибратты ғалым, журналист, аудармашы Сауытбек Абдрахманов асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Қазығұрт ауданында туып, Келес өңiрiнде өскен ол атақ-даңқ пен марапаттан кенде емес. Әлемнің жүзге жуық мемлекетінде Ел­басымен бірге сапарлас болған. Президенттен сан мәрте сали­қалы сұхбат алып, оны қалың оқырман назарына ұсынып жүр. “Республикалық “Егемен Қазақстан” газеті” акционерлік қо­ғамның президенті ретінде егемен еліміздің бас газетінің та­ралымын 170 мыңға жеткізді. 40 көркем фильмді қазақ тілінде сөйлеткен аудармашы. Орыстың классик ақыны А.Пуш­- киннің шығармаларынан 217 түркі сөзін тапқан филолог. Айта берсе осындай зиялы қасиеттері таусылмайтын бәріміз айрықша мақтан тұтар ұлы тұлғаның құрметiне облысымызда ұлан-асыр думанды той өткiзiлді. Мерейтойлық салтанатқа алыстағы Астана мен Алматыдан ат арылтып бiр топ қадiрмендi қонақтар келдi. Олар ең ал­дымен Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық ин­сти­тутының профессор-оқытушылары және студенттерi­мен кездестi. Жиынды аталмыш жоғары оқу орнының рек­торы Оңалбай Аяшев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Киелi сөз зергерiн туған жерiне алқалап-қалқалап әкелген аға-әпкелерi жүрек­жарды iзгi ниетiн жеткiздi. ОҚМПИ-дiң проректоры Барша­гүл Исабек жасаған «Үштағанды ұштаған тұлға» атты баяндама қалың жұртшылықтың көңiлiнен шықты. Қоғам қай­рат- ­керi, жазушы, Еңбек Ерi Әбiш Кекiлбаев өзiмен бiрге талай құзырлы органдарда қызметтес болған iлтипатты iнiсiн елi­мiздiң №1 журналистiне балады. Айтулы ақын Фариза Оң­ғарсынова Сәукеңдi ойлы жазудағы ұлы тұлғаға теңеп, «Қа­зақтың батырлары» атты өлеңiн оқып бердi. Кездесуге қа­- тыс­қан оқытушылар мен студенттер осы қос қаламгердiң шы­ғармаларынан жарыса үзiндi оқыды. Кеш қонақтарына ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерей­тойына арналған «Тәуелсiздiк» және «Елбасы сүйген Оңтүс­тiк» кiтаптары мен естелiк сыйлықтар тарту етiлдi. Сауытбек Абдрахманов өз сөзiнде жылы жүздi қабылдау үшiн пединститут ұжымына шығармашылық табыс тiледi. Мерейтойлық салтанат Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. «Тәуелсiздiк жаршысы» атты кештi белгiлi қаламгер Мархабат Байғұт жүргiздi. Сәукеңнiң өзi эталоным, тiрегiм деп дәрiптейтiн абыз Әбiш ақсақал сы­пайылықтың символы саналатын iнiсiнiң ерен iскерлiгiн айрықша мақтан ететiнiн айтты. Сөз кезегiн алған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов: – Оңтүстiк өлкесi елiне етене қызмет етушi тұлғалардан кен­де емес. Сәбит Оразбаев пен Асанәлi Әшiмов сынды сахна саңлақтарының 75, айбарлы ақын, шынайы тiл жанашыры Мұхтар Шахановтың 70 жылдық мерейтойын облыс жұртшылығымен бiрге кеңiнен атап өттiк. Бүгiнде алпыс жас­қа толып отырған қарымды қаламгер Сауытбек Абдрах­мановтың көптеген кiтаптары мен оның бiлiктi басшылығымен шығатын «Егемен Қазақстан» газетiн сүйiп оқимыз. Сегiз қырлы, бiр сырлы ағамыз төгiлте мөлдiретiп жазады. Мә­дениеттiлiгiнде мiн жоқ. Сiздi асқаралы мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! – деп оның иығына зерделi шапан жапты. Қызмет бабымен осы мерейтойға келе алмаған тағы бiр даңқты жерлесiмiз, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбайдың құттықтау жеделхатының мәтiнi оқылды. Фариза ақын өзiнiң әдемi тiлегiн «Туған жер» деген өлеңмен өрнектедi. Айшықты актер, Қазақстанның халық әртiсi Сәбит Оразбаев, академик Сейiт Қасқабасов, жазушы Әлiбек Асқаров та ыстық ықыласпен құттықтады. Сыншы ғалым Құлбек Ергөбек Сауытбек Абдрахмановқа Түркiстан қала­сының Құрметтi азаматы атағы берiлгенiн хабарлады. Соңында мерейтой иесi өзiне көрсетiлген аса зор құрмет үшiн облыс әкiмi мен қалың жұртшылыққа деген шынайы ризашылық сезiмiн жеткiздi. Әбдiсаттар ӘЛIП