СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНЕ ШЫҚҚАН МЕРЕЙТОЙЫҢЫЗ МЕРЕЙЛІ БОЛСЫН!
2020 ж. 20 қаңтар
2872
0
Қадірлі Сәбит Аймұқанұлы!
Сізді сексеннің сеңгіріне шығуыңызбен құттықтаймыз!
Ердің мерейтойы -Елдің ерен тойы деп біліп, Сізге толағай табыстар тілейміз!
Еліміздің мерейін асырып отырған қазақтың көрнекті жазушысы – Сіздің қаламыңыздан туған ондаған шығармалар оқырман қауым рухани сусындап келе жатқан сүбелі туындылар болып табылып, Сізді өмірдің өзекті мәселелерін көтерген, өткір көркем сөз шебері ретінде танытты.
Таудай талантыңызды танытқан «Тау жолы», ел іздеп оқыған «Екінші өмір» романдарыңыз, Мемлекеттік сыйлықты иеленген, бес кітаптан тұратын «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеяңыз қазақ әдебиеті қазынасына қосылған құнды дүниелер.
Әсіресе, көптеген шетел тіліне аударылған «Ақ аруанаңыз» қаншама жылдан бері әлемді аралап келе жатқанына куәміз. Міне, соның жарқын көрінісі, бірнеше жыл бұрын Парижде француз тілінде шықса, 2016 жылы Бакуде туысқан әзірбайжан халқымен қауышты.
Сіздің Қазақстандағы ең өнімді де, жемісті шығармашылық жұмыс істеп келе жатқан еңбекқор жазушы ретіндегі өнегеңіз елге үлгі болады деп білеміз.
Қадірлі Сәбит Аймұқанұлы!
«Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы Сіздің өткір мақалаларыңыз арқылы бүгінгі заман мен Тәуелсіз Қазақстанымыздың маңызды мәселелерін көтеріп, қоғамдық-саяси әлемге де үнемі үн қосып отырғаныңызды жақсы біледі.
Енді есігін ашып отырған Жаңа жылда Сізге зор шығармашылық табыс, деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық пен шапағат, бақ-береке тілейміз!
Тағы да Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойыңыз мерейлі болсын деп құттықтаймыз!
Өзіңізге әрқашан Алла жар болсын деп, Ақ жол тілейміз!
Зор құрметпен, Азат ПЕРУАШЕВ,
«Ақ жол» партиясы төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.