Мұхтар ТАЙЖАН, экономист: Ұлттық намысты қалай жоғары ұстауды поляктардан үйренуге болады

му –Бейнелеп айтқанда сіздің маңдайыңызда «Болатхан Тай­жанның ұлы» деген жазу бар, сіз сол жазуға, сол биік мәртебеге сай болуға тиіссіз. Әкеден озуға тиіссіз. Қазақ халқы сізге ең бірінші осы тұрғыдан қарайды... – Мен де осы атқа шамам келгенше лайық болуға, әкемнің ісін жалғастыруға тырысып бағудамын. Мақала жазамын, сұхбат беремін, қоғамдық өмірге белсене араласуды көздеймін. – Әкеңіз сізге не үйретті, сіз әкеңізден не үйрендіңіз? – Әкем маған халқымызды қалай сүюді, қалай сыйлауды үйретіп кетті деп ойлаймын. Не үйреніп қалғаным жайлы ойланып көрейін... – Айтпақшы, университетті Варшавада оқуыңыздың себебі неде? – Мен бірінші курсты Алматыда бітірдім және өте жақсы бітірдім. Бұл – 1991 жыл болатын Әкем сол кезде маған АҚШ-қа, Англияға және Польшаға ауысуыңа мүмкіндік бар, алғашқы екеуінде бір жылдық курс, Польшада толық алты жылдық курс, қайсысын қалайсың деді. Мен Польшаны таңдадым. Себебі, Краков университеті 1364 жылы ашылған, ал әлемдегі ең ескі Прага университеті 1363 жылы. Оның үстіне Польшада маркстік-лениндік философия пән ретінде ешқашан оқытылған емес. Варшава университетінде барлығы 12 қазақ ұл-қыз оқып едік, соның үштен бірі ғана бітіріп шықты. Себебі, талап күшті, екінші жағынан сенің әке-шешең кім екені ол жерде ешқандай рөл ойнамайды... – Поляктардан бірінші кезекте нені үйренуге болады екен? – Поляктарда ұлттық намыс, ұлттық рух өте күшті. Олар ертеден Германия мен Россияның екі ортасында қысылып өскен ел ғой. Бірақ, ешқашан мойымаған, империалистік отаршылдыққа көнбеген. Поляк зиялы қауымының қаймағы ұлттық азаттық үшін күрестің әрқашан алдыңғы шебінде болған. Патшалық Ресейдің кезінде олардың көбін қазақ жеріне жер аударған. – Қиналсаңыз сұхбатты орыс тілінде бере беріңіз, кейін өзім аударып аламын ғой... – Жоқ, тек қана қазақша сөйлесетін болайық. Мен соңғы жылдары барлық жерде осы ұстанымды ұстанып жүрмін. – Тіпті тамаша! Айтпақшы, қазақшаны ертерек үйренуге болмады ма? – Мен бірінші сыныпта Алматыдағы қазақтілді жалғыз 12-мектепке барған едім. Бірақ, екі көлікке ауысып бару керек болды, ал мен кішкентай болдым. Содан үйдің қасындағы мектепке ауыстым. Сыныптағы қырық баланың үшеуі ғана қазақпыз. Жалпы, Алматы ол кезде орыс қаласы еді. Сол уақытта Ресейдегі Челябинск қаласы тұрғындарының 10 пайызы қазақ еді, ал біздің астанамыздағы қазақтың үлесі... 8 пайыз болатын. Алматы бүгінгі күні де орыстілді қала. Дегенмен, бір жылдың ішінде әжептәуір алғабасушылығым бар, оны өзіңіз де байқап отырған шығарсыз... Ал қаладағы тілдік ортаның орыстілді болуына тікелей үкімет кінәлі. Еліміздегі отандық және ресейлік орыстілді басылымдар саны 4500, қазақтілді басылымдар одан он есе аз! Бұл – ақпараттық қауіпсіздік үшін қатерлі! Қазақ билігінің қазақша сөйлемейтіндігі барып тұрған теріс үлгі. – Енді осы жағдайды қалай, немен түсіндіруге болады? – Бұны олардың Қазақстанда болашақта түпкілікті тұру деген ойы жоқ деп түсіндіруге болады. Өйткені, олардың көбі шетелдерден үй-жай дайындап қойды және балаларын ағылшынша оқытуда. Және тағы бір салмақты себеп – қазақтілді орта қалыптасса, қазақ халқының рухы көтеріледі, ал бұл оларға мүлдем керек емес... Сол себепті Павлодар сияқты облыс орталықтарында Крупская, Суворов секілді адамдардың атындағы көшелер мұрты бұзылмай тұр. Ал Абай атындағы көшеде он-ақ үй бар! Астана, Алматы қалаларында Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Жәңгір, Хақназар т.б. хандарға көше жоқ, ескерткіш жоқ. Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші қоқысқа апарып тасталып, қандай масқара болдық! Қазақ хандығы деген нақты мемлекет болды, біздің Елбасымыз болса 1991 жылға дейін мемлекет те, оның шекарасы да болған жоқ деп жүр... Мен Нұртай Мұстафаев секілді достарыммен «Қазақстан – ұлттық мемлекет болуы тиіс» деп дауласып, айтысып, күресіп жүрмін. Олар біздің еліміз көпұлтты мемлекет деуден танбайды. Данияр Әшімбаевта қазақылықтың иісі де жоқ! – Міне, осы жолда Мұхтар Шаханов секілді неше жылдан бері қайтпай күресіп келе жатқан, шаршай бастаған ағаларымызды алмастыруға сенің өзің дайынсың ба? Себебі, сол ағаларымыздың шарша­ғандығынан да болса керек, соңғы жылы ұлтшылдардың іс-қимылы қожырап қалғандай. Олар бейне бір өздеріне тайм-аут алып алған тәрізді. Тек тіл туралы соңғы «138-дің хаты» ғана сәл серпіліс әкелді. Бұл нені білдіреді? – Рас, бұл пікіріңізбен келісемін. Тоқтап алатын, артқа қарап алатын, ойланып алатын сәт туғандай. Мүмкін, жаңа бағыт, жаңа ұстаным, серпіліс керек шығар. Өзіме келер болсам, елу мен алпыстың арасындағы ағаларымыз тұрғанда, маған алдыңғы орынға ұмтылу ертерек секілді. Олардың ел алдында беделі бар, менде ондай бедел жоқ қой. – Абырой, бедел жаспен емес, айқаспен келеді ғой! – Дұрыс, бірақ мен енді ғана саясатқа белсене араласып келе жатырмын, менің алдымда әлі он-он бес жыл жатқандай... – Билік жайын қозғадық екен, бір сұрақ: «Ұлт бірлігі» доктринасына байланысты көздеген мақсатымызға жете алдық па? – Жүз пайыз деуге келмес, елу пайыз жеттік деп ойлаймын. Доктринаға «қазақ тілін ел азаматтарының білуі парыз және міндет» деп жаздырдық. Міндет деген сөз бұндай құжатқа бірінші рет түсірілді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы қазақтың байырғы жеріндегі көптеген ғасырлық қазақ мемлекеттігінің заңды жалғасы» деп жазылды. Біз осы сөздерді пайдалана білуіміз керек. – Орыстілді қазақтан қазақтілді қазаққа айналған адам ретінде бүгінгі тіл ахуалы жайлы қандай ой түйдіңіз? – Мен бүгінгі оппозициялық партиялардың көбінің жетекшісі қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуіне қарсы екенін көрдім. Демек, ертең билік ауыса қалған күнде де қазақ тілінің бүгінгі сын көтермейтін жайы сол күйінше қалады деген сөз. Ал «қазақ тілін орыс тілінің деңгейін төмендетпей дамытуға тиіспіз» деген сөз, тікелей халықты алдау ғана. Өйткені, орыс тілінің даму өрісі кемімей, қазақ тілі еш уақытта дами алмайды. Осыны халыққа ашық айтып түсіндірудің, түк шықпайтын сөзден іске көшудің орнына билік те, оппозиция өкілдері де орыс­тілді тұрғындар алдында жақ­сы атты болып көрініп қалу­ды ойлап, күрделі мәселенің күр­меуін шешуді тағы да кейінге қал­дырып отыр. Оның кейінгі қала бергенінен қазаққа тек қана зиян болмаса, ешқандай пайда жоқ. – Осы арада оппозиция тарапынан тұрақты түрде естілетін бірнеше «уәж» бар, соларға да тоқтала кетсеңіз. – Дұрыс айтасыз. Олар, сондай-ақ, орыстілді басылымдар ең алдымен экономикалық, әлеуметтік мәселелерді, автори­тарлық билікпен, жемқорлықпен күресті алдыңғы кезекке шығарғанды жақсы көреді. Бұл мәселенің бәрін, бірін – ертерек, бірін – кешірек, кезегімен шешуге болады. Ал тілден айрылсақ, оны біз ешқашан қайтып тірілте алмаймыз! Бұрын да айтқанмын, тағы да қайталаймын, тіл мәселесін тұрақты түрде тек қана бірінші орынға қойып отырмайтын мемлекеттік құрылымның керегі жоқ бізге. Сол себепті, менің өз басым, жоспарлы экономикалы, авторитарлы, бейқұқықтық қазақтілді мемлекет пен демократиялы, нарықтық, құқықты, бірақ орыстілді мемлекеттің қай­сысын таңдайсыз десе, еш ойланбастан біріншісін таңдар едім. Сондай-ақ «138-дің хаты – биліктің тапсырысымен болған» деген сөз де көп айтылады. Бұдан асқан абсурд болуы мүмкін емес! Сонда неше жылдан бері тіл деп шырылдап келе жатқан Мұхтар Шаханов, немесе аталған хатты өзінің жүрек қалауымен қолға алған Қазыбек Иса биліктің айтқанымен жүретін азаматтар болғаны ма? Биліктің сойылын соғушы деп Олжас Сүлейменовті айту керек. Қазіргі кезде оған мемлекет тарапынан қандай құрмет-сый көрсетіліп отыр-дағы, ал Мұхтар Шахановқа жұмақтағыдай жағдай жасалмақ тұрғай, оның алдына барған жерінде қандай кедергілер келтіріліп отыр. Тіпті, мұғалімдердің өзіне «Мұхаңмен кездесуге барушы болмаңдар!» деп тыйым салуға да ұялмайды билік. Осыған қарап-ақ айырма­шылықтың жер мен көктей екенін көруге болады. Аталған хатқа қол қоюшылар – 2009 жылы үкімет дайындаған «Ел бірлігі» доктринасына, онан соң қазақ жерін қай мемлекетке болсын жалға беруге, қытай экономикасының экспансиясына, Кедендік одаққа қарсы шыққан азаматтар. Жалпы, қазақ тіліне ең бірінші болып тосқауыл қойып отырғандар – ұлттық тамырынан айрылғандар, тамыр арқылы келетін ұлттық нәрден құр алақан қалғандар. Ондай қазақтарды Лондонда қалай атайтынын білесіз бе? «Орысша сөйлейтін қытайлықтар» деп атайды. Өз тілінде емес, орыс тілінде тек қана қазақтар сөйлейтінін ағылшындар қайдан білсін... Бүгін біздің Отанымызды біртіндеп экономикалық дербестігінен айырып жатқандар да, шетелдіктерге оның жерін кесектеп беріп, сатып жатқандар да солар. Мен олардың барлығына да Ақтан Төкіштің интернетте жүрген «Манкуртстан» деген романын оқуға кеңес берер едім. Егер сол кітапты оқыған соң да жүрегі солқ етіп, беті «бері қарамаған» адамнан күдер үзе беруге болады. Міне, осындай құлдық санадан арыла алмаған отандас­тарымыздың кесірінен «қазақ тілі артта қалған, техника мен медицина, өндіріс тілі бола алмайды» деген түсінік қалыптасуда. Қалыптастырылуда. Әйтпесе, қазақ тілі түрік тілінен, әзірбайжан мен өзбек тілінен кем дегенге кім сенеді? Бірақ, сенетіндер бар, себебі олар қазақ тілін білмейді. Қазақтың керемет терең де бай мәдениетін білмейді. Әлемдегі алты мыңнан астам ұлт пен ұлыс бар, ал, адамзат тарихындағы әліппе саны 14 қана. Соның бірі – Талас және Орхон-Енисей бойындағы тарихымызды тасқа қашап жазып кеткен біздің көне әліппеміз. Бұдан мың жарым жыл бұрын ұлы қағанаттар құру кімнің қолынан келді? Біздің ата-бабаларымыздың. Өндірісі, техникасы, мәдениеті, өнері дамымаған ұлт ондай құрылымдар құра алмайды. Және оның бәрі шынайы демократияға негізделген болатын. Бұдан мың жыл бұрын қазақ даласындағы ондап саналатын кез-келген қала сол кездегі орыс орманындағы кез келген қаладан үлкен де бай әрі көркем болатын. Қазақ тарихындағы билеушілердің ешқайсысында орыс немесе басқа ұлттар тарихындағыдай абсолюттік билік болған емес. Хан да, қаған да сайланатын! Жыраулар мен ақындар ең қадірлі адамдар болған. Қазақ «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымнан айнымаған халық. Ал билер соты халық арасында абыройы арқылы ғана сайланатын нағыз тәуелсіз соттың бірден-бір әлемдік озық үлгісі болатын. Авторитаризм бізге келсе бүгін ғана келіп отыр... Қорыта айтарым, біз неғұрлым ертерек барлық мәселеге қазақ көзімен, қазақы санамен қарайтын боламыз, соғұрлым шынайы нағыз жалпыұлттық біртұтастыққа жететін боламыз. Орыс, өзбек, тағы сол секілді біртұтас «қазақ» ұлтына айналатын боламыз. Әне, сонда ғана біздің алдымыздағы экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелер тезірек шешілетін болады. Ал ол үшін қазақ тілі ертерек толыққанды мемлекеттік тілге айналуы тиіс. – Экономистердің барлығы бірдей келісіп қойғандай, ең үлкен дағдарыс алдымызда және оған көп уақыт қалған жоқ дейді. Сіз не дейсіз? Нақтырақ айтсақ, бүгінгі таңда Еуроодақ елдеріне кіретін Грекия, Португалия, Италияның басына түскен күн біздің елдің де басына түсіп жүрмей ме? – Ол әбден мүмкін. Мысалы, біздің үкімет мемлекет қаржысын даму институттарына береді, ал, олар қаржыны орнымен жұмсай алмайды. Ауыз су бағдарламасынан бастап талай жоба толық іске аспай, бюджет қаржысы желге ұшып жатыр. Осылай жалғаса берсе, ақшаны игеруді үйренудің орнына біз ақша шығаруды жалғастыра берер болсақ, сол елдер басынан кешіп отырған дағдарыс бізге де келеді. – Бізге Кедендік одақ не берді? Бірыңғай экономикалық кеңістік не береді? – Бізге Кедендік одақ эко­номикалық тәуелсіздіктің бір­қатар нышанынан айырғаннан басқа, ешнәрсе берген жоқ. Ең алдымен бізде «сыртқы экономика» деген ұғым жойылды. Енді БЭК-ке кіргеннен кейін «ішкі экономика» деген ұғым да жойылады. Басқаша болуы мүмкін де емес. Себебі, біздің ел бұрын өзінің Кедендік кодексі арқылы сырттан келетін 11мыңнан астама тауар түріне бақылау жасап, кедендік баж салығы арқылы реттеп оты­ратын. Қазір тек қана 5 мың тауарға бақылау жасай алады. Соларға ғана салықты көбейттік, өйткені ондай тауарлар Ресейде де өндіріледі. Кедендік кодекстің өзінің 92 пайызы ресейлік кодекстен көшіріліп жасалған. Бұл – ешкімге де құпия емес. Біз ресейлік жоғары баж салығының астында қалдық. Салық көтерілген соң баға да көтерілді. Оның зардабын бүгін бәріміз тартып отырмыз. Біз дәл осылай боларын Кедендік одақ жайлы мәселе алғаш айтылған кезде-ақ алға тартқанбыз. Өйткені, бұл одаққа кіру-кірмеу мәселесі экономикалық тұрғыдан, әлемдік тәжірибеге сәйкес, кең ойланып, кең толғанып, айлап, керек болса тіпті жылдап сарапталып жасалған дүние емес. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, ешкім мамандардың, әсіресе халықаралық экономика саласының сарапшыларының сөзіне құлақ асқан жоқ. Асығыс-үсігіс, шикілі, дүмбілез күйінде, бар-жоғы бір жарым жылдың ішінде Кедендік одаққа кірдік те кеттік. Нәтижесі не берді? Нәтижесі біздің кәсіпкерлерді таңдау мүмкіндігінен айырды. Бұрын олар қалаған техникасының немесе жабдығының германиялық, түркиялық, қытайлық немесе ресейлік үлгілерін бағасына, сапасына қарай салыстыра отырып сатып алатын. Қазір ол жағдай жоқ. Ресейлік техниканы, құрал-жабдықты қаласаң да аласың, қаламасаң да аласың. – Мүмкін, біздің кәсіпкерлер басқа бір жағынан ұтқан болар? – Әңгіме сол, еш жағынан да ұтпағанында ғой! Тіпті, қағаз жүзінде Ресей нарығында емін-еркін сатылуға тиіс біздің тауарларды олар жүз желеу, мың сылтау айтып, өздеріне кіргізбейді. Ресеймен шекаралас отырған, орыс отандастарымыздың өзі бәсекеге қабілетті тауарын өткізе алмайды. Жасанды кедергі көп. Ол жайлы аз айтылып, аз жазылып жатқан жоқ. Тек тыңдар құлақ, көрер көз болмай тұр ғой... Сондықтан біздің кәсіпкерлер бұл одаққа кірудің қаншалықты қажет болғанын түсіне алмай дал. – Енді сәл күндерден соң Бірыңғай экономикалық кеңістікке де кіреміз. Ол кеңістіктегі біздің ахуалымыз қалай болмақ? – Қалай болады? Бұндай кеңістік экономикалық деңгейі қарайлас, тым болмағанда, біртектес индустриялық елдер арасында құрылуы тиіс. Ал біз, негізінен, шикізат көзін ғана сыртқа шығарушы ел екеніміз әмбеге аян. Ресей экономикасы біздің экономикадан кем дегенде жеті есе қуатты, ендеше қандай деңгейлестік туралы сөз болуы мүмкін? Сұхбатыңызға рахмет! Амандықпен жолыққанша! Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ