ЖЕТІГЕНДЕГІ ЖЕР ДАУЫ
2019 ж. 17 мамыр
4306
1
Алматы облысында 90-ға жуық отбасы далада қалуы мүмкін Іле ауданындағы Жетіген ауылы тұрғындары 13 жыл бұрын жергілікті әкімдіктен кезек бойынша тегін жер телімін алған. Бірақ, арада уақыт өткесін кезінде шаруа қожалығына тиесілі алқаптың иесі пайда болған. Ал, баспанасын тұрғызып үлгерген тұрғындар соның кесірінен үйлерін заңдастыра алмай жүр.
Тіркеуге алынбаған көпбалалы аналар әлеуметтік көмектен қағылып отырған көрінеді. Қолына мемлекеттік акті тиген тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық мақсаттағы телімге үй салып, өз күшімен жолын жөндеп, жарығын қосқан. Алайда, уақыт өте тегін жерден шикілік шығып, кезінде шаруа қожалығына қараған алқаптың мұрагері пайда болыпты. «Менде актым бар. Үй соғуға рұқсатым бар. Жерім бар. Енді техпаспорт керек қой. Барсам арестте тұр. Жердің иесі бар. Мен көшіп келгелі 5 әкім келді. Бір әкімге барсам, Жақашев біледі дейді. Жақашев әкім болса, сол кезде болды. Бірақ креслосын алып кеткен жоқ қой. Неге жауап бермейді?» – дейді Жетіген ауылының тұрғыны Бейсенгүл Құттыбаева.
Жергілікті шенеуніктер 2006-2007 жылдары жер телімдері үй салуға үлестірілгенін растап отыр. Әкімдіктегілер уәдені үйіп-төккенімен тұрғындардың көңіліндегі күдік сейілмей отыр. Себебі, жергілікті атқамінерлер мәселенің қашан шешілетінін нақты айтып бере алмады. Ал, өз үйінде өгейдің күйін кешкен 88 отбасы істің соңында сан соғып қалмасақ деп қауіптенеді.
qazaquni.kz