ЕТ ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ
2019 ж. 17 мамыр
6822
6
Елімізде ет қымбаттап, бір келісі 2300-2400 теңгеден асты. Мамыр келгелі, әсіресе, дүкен сөресінде тұрғандарының бағасы бірден өскен. Ал теріскейдегі жұрт қой етін таппай отыр.
Мал асырайтын шаруалар бағаның шарықтауын қымбатшылықпен байланыстырады. Экспортқа көп ет шығарып жатырмыз. Қазақстанның ішінде мал бордақылау, жем-шөпті дайындау мәселесі әлі өткір күйінде тұр. Асылтұқымды сиырларға берілетін азық пен дәрумендерге көп шығын кетеді. Ет бағасының өсуі одан жасалатын өнімдердің құнына да әсер етіп отыр. Ал, Петропавл қаласында қой еті тапшы. Елімізде соңғы 1 жылда жылқы мен құс етінің бағасы 9-15 пайызға өскен. Сиыр мен қой еті де қалысар емес. Әлеуметтік азық-түліктің бағасын қадағалайтын Ұлттық экономика министрлігі ет бағасына Ауыл шаруашылығы министрлігі тікелей жауапты дейді. Ет өндірісіне ауыл шаруашылығы министрлігі, ал отандық өндірушілерді қолдауға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Министрлік өкілдері ет бағасының шарықтауын әдеттегідей малға берілетін жем-шөп, тасымал, жанармайдың қымбаттауымен түсіндіріп отыр. Базардағы саудагерлер қой, сиыр еті Қытай мен Иранға экспортталса, баға тағы өсе ме деп алаңдаулы. Себебі, шаруаларға өнімін қымбатқа сатқан әлдеқайда тиімді.
qazaquni.kz