Ақтөбеліктер иегова шіркеуін жабуды талап етті
2019 ж. 17 мамыр
2830
2
Ақтөбе тұрғындары қаладағы Иегова куәгерлері шіркеуінің алдында наразылық шарасын өткізді. Олар діни ұйымның жабылуын талап етіп отыр. Наразы топтың айтуынша, Иегова куәгерлерінің кесірінен біршама адам зардап шеккен.
Ұрандатып шыққандардың сөзінше, барлығы дерлік осы Иегова куәгерлеріне алданып қалған көрінеді. Бірі отбасымен араласпай кеткенін осы дін өкілдерінен көрсе, енді бірі солардың кесірінен далада қалғанын айтады. «Әжем Иегова куәгерлеріне үйімізді тарту етті. Құжатты рәсімдеп бергеннен бір апта өтісімен қайтыс болды. Олардың әжемнің басын айналдырып, психологиялық қысым көрсетіп, алаяқтық жолмен баспанамызды алғанына сенімдімін. Қазір мен екі баламмен солардың кесірінен далада қаңғып қалдым» – дейді қала тұрғыны Юля Ярославцева. Ал діни бірлестік басшылары мұның бәрі жала деп отыр. Бірақ олардың ашық мәлімдеме жасағысы жоқ. Елімізде Иегова куәгерлерінің алғашқы қауымы осыдан 27 жыл бұрын ресми тіркелген. Өңірлерде оның алпысқа жуық бірлестігі бар. Қазақстанмен көршілес мемлекеттердің барлығы дерлік бұл ұйымға тыйым салған. Ресейдің өзі екі жыл бұрын оларды экстремистік ұйым деп таныды. Бізде бұндай батыл қадам қашан жасалынады?..
qazaquni.kz