ЕРІМБЕТОВТЫҢ ЕЗБЕСІ: «Саясаттанушыдан» сайқалтанушылыққа дейін...

     Осы күндері өзінің негізгі мамандығында жолы болмағандардың көбі өзін-өзі «саясаттанушы» деп атап алатын әдет пайда болды. Аузына келгенін айтып, әр нәрсенің басын бір шалатындар өздерін шынында да саясаттанушымын деп ойлап, соған сеніп кетеді.Әрине, оған кейбір аңқаулар да еріп, бастары жетпей бара жатқан шаруа болса, шауып барып, сұхбат  ала қалуға сұранып тұрады.... Биыл көктемде сыраханада сыра ішіп отырып, президент сайлауына қоғамдық бақылау комитетін құру идеясын «ойлап тапқан» Нұрлан Ерімбетов моншада жаңалық ашқан Архимедтей  «эврика» деп жалаңаш тысқа атып шықпаса да, күзде  біраз жалаңаш жезөкшелер ауылын аралап шықты... Алдымен ақиық ақын Мұқтар Шаханов бастаған ұлтшылдардың, мемлекеттік тілді қорғаған   138-дің хатына шала бүлініп, шаптықты. Тілді қорғағанша Алматы көшелеріндегі жезөкшелерге орысша үйретейік, олармен емін-еркін сұхбаттасайық десек, орысша білмейді, сондықтан көшеде тәнін сатып жүр деп соқты тағы бір «жаңалық» ашып. Жезөкше демекші, жазда бір орыс басылымына сұхбат бергенде, «партия басшыларының ауысуыннан бордельдің иісі  шығады» деп оттады. Бордельді тұрақты мекен қылған  күнделікті «клиенттері» болмаса, ол шіркіннің иісін кім біліпті десеңші... Ұлт патриоттарын қарғап-сілеп отырған Ерімбетов оларды кемсіткен   небір теңеулерді ерінбей тізіп шығады... Қазақты мінеуге келгенде, әсіресе ұлтшылдарды қалай жүндесем де, солай билікке және биліктен айырмасы жоқ орысшыл оппозицияға жаға түсемін дейтін ерімбетовтер көбейіп тұр ғой қазір...  Ондайда жалалы пікірлерге жайылып құшақ ашатын қазаққа қарсы «Свобода слова» газеті дайын тұр. Газеттерінің атын «Свобода слова» деп қойғаны болмаса, «демократияның» терісін жамылған ол газет қазақ мүддесін қорғаған қарсы жауап-мақалаларды ешқашан басқан емес. Ол мақалалардың бәрі біздің «Жас қазақ үніне» келіп, жарияланады. Бір-екі жыл бұрын Г.Ерғалиеваның жетегіне еріп отырып,  ұлттың нағыз ұлтшыл ұлы жазушысы Мұқтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов ұлтшылдарды «бандерлогтар» деп соққан болатын. Кезінде «Қазақ Республикасы» деген атымызды «Қазақстан Республикасы» деп атайық деп, (стан мен республика екеуі де бір мағына, бір-бірін қайталайды), елдің атын шатыстырып жіберген, қазақтан өзгелерге жағынғыштардың бірі Мұрат мырзаның ендігі бұл қылығын «мәдениеттанушымыз  мәдениеттен жұрдай екен» деп жазды қазақ басылымдары. Ерекше ешкісімен «етене» болып,  есте қалған Ермек Тұрсынов та ұлт қамын ойлағандарды  «австралопитек» деп, аузына келгенін оттағанда, енді ертедегі алып маймылдармен де «етене» болып, өліп кеткісі келіп жүр ме екен деп уайымдадық...  Ал ұлтшылдарды «мелюзга, прилипалы» деп, езуі көпіргенше екіленген Ерімбетов «тіл  митингісіне жиналған 5 мың адамның ішінен жезөкшелер қызметін пайдаланатын» ескі таныстарын көріп, есі кете  жезөкшелерді іздеп, бордель жағалап кеткенде  саясаттанушы ма, сайқалтанушы ма... деп қаласың...   Өз тілдері мен ұлттық мүдделерінен жеріп, құлдық құлқынынан арылмағандардың сайраған сайын  қазаққа қарсы қара пиғыл «әнін» де,   тәнін де жалаңаштап шыға келетін саясаттанушы-мыс, саясаткерсымақтарды, өз ұлтына өгей өнер өкілдерін көргенде сайтанның сапалағын не ібіліс көргендей жиіркенетінімізді жасырмаймыз... Бірақ біз оларды «ібілістер» деп газетімізге жазып жатқан жоқпыз ғой... Сонда ұлт мүддесін қорғағандар, мемлекетіміздегі мемлекеттік тіл мүддесі Атазаңға сай болуын талап еткендер,  138-дің хатына қол қойғандар, мысалы   Мұқтар Шаханов бастаған  қайраткерлер, әдебиет пен өнер алыптары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тұрсынбек Кәкішев, Шерхан Мұртаза, Тоқтар Әубәкіров, Мұзафар Әлімбаев, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Серік Қирабаев, Нұрғали Нүсіпжанов. Ескендр Хасанғалиев, Төлен Әбдікұлы,  Амангелді Айталы, Темірхан Медетбектер тегіс «мелюзгалар» болғаны ма?.. Онда бұндай  биік тұлғалардың қасында Мұрат Әуезов бастаған ергежейлілер, ерімбетов, ерғалиева, ермектер микробтар шығар... «Свобода слованың» жалған «свободасын» тауысқан Ерімбетов енді «Общественная»  позициясын» білдіргісі келіп, аталмыш газеттің аузына қарап емініп отырған тілшілеріне еркінше  дәріс оқыпты. Ол тіпті, қыза келе киелі Қызылорда өңіріндегі ауылының ардақты ақсақалдарын кемсітіп, ақыл айтқанын масайрай баяндайды... Олар «тіл, тіл» деп отыр, ауылда тіл проблемасы жоқ қой, одан да әлеуметтік мәселелерді айтпай ма деп, Мәскеуде  оқу бітірген Ерімбетовымыз ауыл ақсақалдарына жекіп тастағанын жерден жеті қоян тапқандай жеткізеді... Қарап отырсаңыз, Кеңес империясының астанасы Мәскеуде оқу бітірген, саясаттану ғылымының кандидаты  Ерімбетовтен оның ауылындағы қарапайым шалдардың саяси сауаты мен ұлттық намысы  анағұрлым жоғары екеніне айқын көз жеткізесің. Мен Ерімбетовтың езбесін оқып отырып, үкімет  айналысуы тиіс ең маңызды мәселені ойлап жүрген тура осы ауылдың арда ақсақалдарымен кездескім келіп кетті... Биыл 25 жыл толып отырған, кеше ғана «Ақ жол» партиясы «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» атты дүрілдетіп Халықаралық мүшәйра өткізген  Желтоқсан көтерілісінде  осыдан  ширек ғасыр бұрын алаңға шыққандар, етектегі ерімбетовтер  ойлағандай «қарнының ашқаны» үшін шыққан жоқ. Қадірінің қашқанына, тілі мен ділінің тапталғанына ұлттық намыс буып шыққанын ауыл ақсақалдары жақсы білсе де, кейбір мәскеулік дипломды мәңгүрттердің миы жетер емес... Мемлекеттік тіл мәселесі шағын ауылдық емес, мемлекеттік, ұлттық мәселе екеніне, оған Ақордадан бастап, ауылға дейін әрбір елшіл азаматтардың үлес қосуы міндетті екеніне Тәуелсіз еліміздің мектеп бітірген әр  азаматының сауаты жетеді! Осы «саясаттанушымыз» деп, сағызын шайнап отыратындардың, мәдениет пен өнер «қайраткерлерінің»   ойлары қай деңгейде? Мейлі, шайнай берсін, бірақ ұлт мүддесіне, тіл мен ділге, дәстүрлі дінге, қазаққа қарсы оттауларына болмайды. Тіл мәселесі ескірді, елді жалықтырды дейтіндер тіл мәселесінен бабасынан бастап,  бала-шағасымен қосылып қорқатындар. Ешқандай мәселе ол шешілмейінше, күн тәртібінен түспейді. Тіл мәселесі барлық салада қолданылып, Атазаңға сай іске асқанда ғана бәсеңсуі мүмкін, бірақ тоқтамайды. Тіл мәселесі шешілген өркениетті, дамыған елдерге қарасаңыз, осындай ойға келесіз. Мұны білу үшін мәскеулік дипломның қажеті жоқ, ұлттық уыз бен ұлттық ұғым ғана керек. Қазыбекке тиісуге болады, Қазаққа тиісуге болмайды! Қазақ тіліне, қазақ діліне, дәстүрлі дініне, ұлттық ұғымға тас атуға болмайды! Тас атам дегендер тас боранға ұшырайды... Мен 2004 жылы Мәжіліс сайлауында, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара, Отырар, Арыс аудандары мен Мақтарал ауданының   шектес ауылдарын аралағанда көтерген негізгі мәселемнің бірі - мемлекеттік тіл мәселесі болатын. Әскерге барған орыс баласының өзі «әскерде екі-ақ қазақпыз, мен және Мейрамбай» деп үйіне хат жазатын Оңтүстікте де, Қызылордадағыдай мемлекеттік тіл мәселесі жоқ. Бірақ  2004 жылы Мәжіліс депутаттарының қазақ тіліне қалай қарсы болғанын «Жас қазақ үні» газетінен жақсы білетін ауылдықтардың ең басты толғандырған мәселесі – мемлекеттік тіл екеніне көз жеткіздім.Олар қара бастарын ғана ойлап, тұмсығының астындағыдан әріні  көрмейтін ерімбетовтар емес, ертеңгі болашағын, қалаларда оқып жатқан немесе бітіріп алып, мемлекеттік тіл қажет болмағандықтан да жұмыссыз бос жүрген балаларының тағдырын ойлап, толғанады. Міне, сол аудандардағы сайлаушылар қазақ тіліне қарсы шыққан депутатты кездесулерден қуып жіберіп, маған 80 пайыздан астам дауыс берген еді... Кейін сол кездегі аудан басшылары «біз саған иттік жасадық» деп мойындағандай, ол дауыстың жартысын ғана ресми «жазып берді...».  Сайлаудың жалған өткенін әшкерелеген «Халық сайлағанмен, билік сайламады» деген мақалам «Жас Алаш» пен «Заң газетінен» бастап, 7 газетке шыққан болатын. Ал салмақты саясаттанушылар Б.Нұрмұхамедов пен А.Чеботарев жазған «Сайлау сабақтары мен қорытындысы» атты кітапшадан белгілі болғандай, мен 43,8 дауыспен «Ақ жолдан» ғана емес, жалпы сайлау бойынша барлық  «өтпей қалған» екінші кандидаттардың ішінде ең жоғары дауыс алған екенмін... Және өзге марғасқалармен салыстырғанда ең аз,  20-30 есе аз қаржы жұмсаппын... Бұларды айтып отырғаным, егер тіл мәселесі толғандырмаса, ел осылай дауыс бере ме? Сайлау демекші, сол 2004 жылы қазақтың қос қыраны Мұқтар мен Тоқтар да Қызылорда облысынан сайлауға түсіп, халық қолдауымен  Мәжіліс депутаты болды. Қызылорда қаласынан түскен қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтарға тоқтау салғысы келгендер жергілікті  әкімдікте  аз болған жоқ. Ол кезде Қызылорда облыстық әкімшілігінде облыс әкімі орынбасары болып істейтін Н.Ерімбетовтың рулас туысы тура осы Тоқтармен таласты. Әрине, әркімнің де кіммен болса да, сайлауға түсуге хақысы бар, ол үшін оны айыптай алмайсың. Бірақ, сол кезде Т.Әубәкіровке сенімді өкіл болған, бүгінде белгілі басылымның белгілі басшысы болып отырған әріптесіміздің айтуынша, сол сайлауда Ерімбетовтың еңбегі аз болмаған көрінеді... Әрине, сайлауда  әркімнің өз еркі, кімге болысамын десе де... ол үшін  де ешкімді айыптай алмайсың. Сонымен не керек, сол кезде тұңғыш рет тұңғыш ғарышкеріміздің жарқын бейнесі жарқырап тұрған зор билбордқа қара бояу жағылады. Осы бейбастық жергілікті телеарнадан көрсетілгенде елдің ашу-ызасы бұрқ ете қалып, қайта Әубәкіровке дауыс берушілер саны күрт артып кетіпті. Ақырында, «медвежья услуга» жасаушылар өз қожайындарынан да таяқ жеп тынған... Кеңес империясы әскері күні- 23 ақпанды  әспеттегіш Ерімбетов қазақтың тарихын түк білмеймін дейді. Сонда ол Мәскеуге бармай тұрғанда, еліміздегі  пединституттың тарих факультетінде не оқыған?.. Неге 23 ақпанды ұмытпайсыз десе, «мен Мәскеуде оқығамын және кеңес армиясында болғамын» дейді сабазың... Белгілі журналист Дүрәлі Дүйсебай айтқандай, әскерде грузиндердің етігін тазалағыш Ерімбетовке («Ерікпеңізші, Ерімбетов мырза?»  «Халық сөзі» газеті, «Ерікпесе, Ерімбетов бола ма?» «Жас қазақ үні» газеті) айтарымыз, сол кавказдықтар  неге ұлтшыл болады? Мәскеуді бағындырған грузиндер өз тарихын айтқанда неге көздері шоқтай жайнап кетеді? В.Кикабидзе неге Ресей президенті Путиннің берген орденін алмайды?- деп біруақ ойлануға болады ғой, мейлі сыраханада отырса да, бордельде жүрсе де... «Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай да, біздің Ыбырай – сұмырай» деген екен бір күйінген қазақ шалы... Мәскеуді бітірген өзге ұлт өкілдерінің бәрі ұлтшыл болады да, біздің қазақтардың көбісі орысшыл болады. Немесе ұлтшылдықты аттап өтіп... рушыл болатынына таңғаласың... Мәскеуді бітіргендердің бәрі Болатхан Тайжан емес... Еуропада оқығандардың бәрі асылдың сынығы Мұқтар Тайжан емес... Бірақ, қарымын қазағына жұмсап жүргендер де жоқ емес. Өзі де сол Мәскеудегі институтты бітірген «Жас қазақ үні» газетінің саясат бөлімінің  редакторы Өмірзақ Ақжігіттің  өткір де, озық ойлары Ерімбетовтың санасына жетті ме екен? («Осторожно! Многолик Еримбетов и опасен». www.qazaquni.kz ) Бір кезде коммунистік партия мүшесі болған Ерімбетов қып-қызыл билетін қиналмай-ақ лақтыра салып, сырғыған күйі кейін «Отан» партиясының мүшесі болып шыға келді.  Ол мүшелік бұны облыс әкімі орынбасарлығына дейін жеткізді. Ал әкімдікті жағалағанның бәрі аяқ астынан ғылым кандидаты болып шыға келетіні айдан анық. Кейін «Отан» партиясы хатшысының кеңесшісі болып, бірақ кімге кеңес берерін білмей біраз жүрді. «Отаннан» шыға сала «Ақ жол» партиясына да бір соғып, партия төрағасының кеңесшісі болып жүріп, қайта шығып кеткен ол енді «Азат» партиясын жағалап жүргенге ұқсайды... Сөйтіп отырып, ешнәрсе білмегендей, «Азат Перуашев «Нұр Отаннан» «Ақ жолға» ауыса салып, бірден төраға болып кетті» деп кіжініп қояды. Жалпы, бір кездегі Ерімбетовтың еш пайдасы жоқ езбе кеңесшілігін ешкім керек қылмағаны үшін оның «Ақ жол» партиясына өкпесі қара қазандай... Әлихан Байменовты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы болғаны үшін айыптайды... Кез-келген саяси партияның мақсаты шамасынша саяси билікке жету екенін «саясаттанушы» мырзаның санасы қабылдар емес... Ал Мәскеудегі Ресей елшілігін өткізе салып, «Ақ жолға» кіріп, кірген сәтте теңтөраға болған, кейін оппозицияда жүріп тағы да Ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбаевты, оппозицияда жүріп, Антимонополия агенттігі төрағасы, Президент көмекшісі  болған, қазір Атамекен ұлттық экономикалық палатасы төрағасының кеңесшісі  Ораз Жандосовтарды айтпайды. Өтірік  білмегенсіп, анайы алалық жасайды. Енді «Азат Перуашевтың «Президентті қолдаймын, бірақ «Нұр Отан» партиясына қарсы бәсекелеспіз» дегенін түсінбеймін» деп шала бүлінеді. Түсінбеймін деп отырып, өзі осы сөзге Азат Перуашевтың атынан өзінше түсініктеме беретінін қайтерсің... Сауатты  саясаттанушы болса, саяси партия төрағасының сөзін, айтпақ ойын  іліп алып кетіп, бұл жерде мемлекет басшысының, Елбасы–Ұлт көшбасшысының ешқандай партияда болмағаны, барлық партиялардан жоғары тұруы тиіс деген ойды шегелер еді... Жалпы, «Ақ жол» партиясы - «Алаш партиясыының ізбасары» деп мәлімдеген Азат Перуашев сол үдеден шығу үшін сөзден іске кірісіп, ұлт мүддесін ұлықтайтын шараларды көбейткен сайын, билікте де, орысшыл оппозицияда да сынаушылар  көбейіп келеді. «Жемісі бар ағашқа тас атады» дегендей, жалған қара күйе жағушылар жанталасып бағуда. Басты лейтмотиві - «Мемлекет ұлт мүддесіне қызмет етуі тиіс» деген сайлау тұғырнамасын ұсынып отырған   «Ақ жол» партиясының    Ақ керуені   шәуілдектердің үруіне бола жүруін тоқтатпайды. Ұлт мүддесін ту етіп көтерген «Ақ жол» алға баса береді.

Қазыбек ИСА

Коллаж "Халық сөзі" газетінен алынды. Авторы Елтай Нұрғазин