МЕН КӨРГЕН БАТЫР
2019 ж. 11 мамыр
3373
0

Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтың туғанына 95 жыл
Екінші дүнижүзілік соғыс, яғни, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына біздің ағаларымыз бен апаларымыздың қосқан үлесі орасан. Батыр бауырларымыздың ерлігі туралы газеттерден, оқу-құралдарынан, көркем әдебиеттерден оқып-біліп,ауыл ақсақалдарының аузынан, мұғалімдердің әңгімесінен, қаһармандардың кездесудегі естеліктерінен естіп бала кезімізден көзіміз жетті.Көркемфильмдерден көріп,қанымыз тулап, көзімізден жас тамды. Майдангерлерді мақтаныш тұттық. Өскенде туған жер топырағын осы батырлардай қорғауға серттестік.
Алапат майданға өзі сұранып,әскерге жасы толмаса да қолына қару алып,сұрапыл шайқасқа қатысып,туған жеріне Кеңес Одағының Батыры атағымен оралған жерлесіміз Сейтқасым Әшіров ағамен мектеп қабырғасында жүргенде бірнеше рет кездесу өткен болатын. Батыр ағамыз соғыс қасіреті туралы көп сөз қозғамайтын, өзінің ерлігі, Батыр атағын қалай алғаны жөнінде де кем сөйлейтін. Ал,майдандас достары, олардың ерлігі, адалдығы айналасында ұзағырақ сөйлейтін. Кіндік кескен жердің, туған Отанның қадыр-қасиеті жайлы тұщымды әңгіме айтатын.Біз ұйып тыңдап,қимай қоштасып қалушы едік.
Батыр ағаның мейірімді мінезін, асыл қасиетін есейе келе байқап, тәнті болдым.Алған әсерлерім мереке қарсаңында есіме түсіп, көпшілік назарына ұсынуды мақұл көрдім.
1975–жылдың маусымы. Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттеріміз. Ұлдар ер жетіп, қыздар бойжетіп, тойдың көбейген шағы.Филология факультетінің бір тобында оқитын түркістандық Срайыл Жұманов пен Қарқаралының қызы Назкен Шәмшиева үйленіп, тойына қатысуға оңтүстікке жолға шықтық.Пойыздан Шымкентте түсіп, теміржол вокзалында әрі қарай кететін көлік күтіп тұрмыз.Жас жұбайлардың шашбауын көтеріп, бір топ қарағандылық жастар қонаққа келе жатыр.
Жолаушылар залында Сейтқасым ағаны байқап қалдым. Барып амандасуға жүрегім дауалар емес.Егер танып,сәлемімді жылы қабылдаса, қалың құрдастың алдында абырой, ал егер,керісінше теріс мінез танытса, айналамнан масқара. Тәуекел деп, қарсы алдындағы буфетке барған болып, жанынан өттім. Жақындап қалғанда, жалт етіп қарады. Батырдың жанары ерекше ыстық көрінді.Екі қолымды ұсынып амандастым.Жылдам қозғалып, жанына отырғызды. Амандық-саулық сұрасты.Аздан кейін ішкі қалтасына қолын салып,қойын дәптерінің арасынан аудандық «Өскен өңір»газетінің қиындысын алып шықты. Мұнда менің «Апама»деген мені баурына басып тәрбиелеген Күлпат әжеме арнаған өлеңім бар екен. – Өлеңіңді оқып тұрамын.айналайын! Алда да жазып тұр!– деп, ағалық мейіріммен бес саусағымды қысты.Аға тілегі барлық батадан артық көрінді. Көңілім алып ұшты. Алыстан қарап тұрған достарыма асықтым. Мақтануға асықтым. Кілең көзі ашық,тарих бен әдебиеттен жақсы хабардар достарым Батыр Сейітқасым Әшіровты қалай танымасын! Қалай ардақтамасын! Мен Батыр аға қолынан марапат алғандай масаттанып келемін!
1985- жылы аудандық «Өскен өңір»газетінде тілші едім. Аудандық халықтық бақылау комитетінің рейдтік құрамымен «Шардара» кеңшарына іссапарға жіберді.Кеңшар басшысы- Сейітқасым аға. Мақсат- мал төлдету науқанының барысын тексеру. Қортындысын аудандық газетке жариялау.Шаруашылықтағы іс-шаралар тәп-тәуір ұйымдастырылған тәрізді. Әр шопанның төріне социалистік міндеттеме жалаушалары ілінген.Көрсеткіштер нәтижесі күнделікті таныстырылып, таратылады. Шопандар жәрдемшімен қамтамасыз етілген.Әлеуметтік көмек те бар. Қоралар бүтін.Малшылар қарбаласта.Олар бізбен көп сөйлескісі де келмейді.Жұмыстан аузы да, қолы да босамайды. Ферма басшысы-Тоқсанбай Бердібеков, зоотехник- Есенбай Күлмеддинов,Тоқсанбай Бердібеков- қазір аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы. Қызықтың көкесі кешкі жиында басталды. Аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Шермат Төлепбергенов тексеру нәтижесі туралы алдымен сөз алды да шаруашылықта атқарылып жатқан іс-шараның барысы қанағаттарлықсыз екенін ескертті. Дәлелдерді тоғытып жатыр. Мен отырмын қайран қалып. Әлде тапсырма ма, әлде талап па, мүмкін ел алдындағы биік беделін төмендету үшін шығар? Батырдың шамына тию ма, қайдам, мүмкін қайрау шығар?.. Батыр үнсіз тыңдап отыр. Бір кезде орнынан қозғалақтап, қолына қалам алып, қағазға бірдеңе жаза бастады. Қағазды бүктеп, маған қарай жіберді. Ашып оқысам: –Нұрғали, газетке түгелін жазып жіберме! - деп жазыпты. Сол қағазды тұмардай сақтап қоймағаныма өкінемін. Кейін газетке «Қой қоздап, қорада шу!»деген айдармен көлемді мақала жарияладым. Мақтап, әрине.
Кеңестік кезеңнің тараған кезі. Мақтарал ауданыда өткен бір тойда Батыр ағамен кездестім.Ол кісінің орны-төр екені әмбеге аян, ал өзімнің төрге қай құрметпен жайғасқаным есімде жоқ.Ағаның қасында қысылыңқырап әрі асқақтап та отырмын. Ағаға қолымнан келген қызметімді көрсетіп қоямын. Той басталып,ыдыстарға сусындар құйыла бастады. –Нұрғали, осы ащы сулардың жастарға еш пайдасы жоқ. Тойда, басқосуларда дастарқанға қоюға тиым салу туралы көптен ойланып жүрмін, сен, газетке жазсайшы,– дегені ағаның маған кеудесін бұра қарап. Мен болсам, қай шайтанның түрткенін қайдам,– Ой, аға, қызық екенсіз,уақытында өздеріңіз қанып ішіп, қызығын көріп алып, біздің ерніміз енді тигенде, тоқтатайық дегеніңіз қалай?- деп салдым. Батыр аға мырс етіп күліп жіберді. Жарықтық, салмақты сауалға қайтарған менің әзіл-шыны аралас немқұрайлы жауабыма ренішін байқатпады.Қазір өзім ұяламын Әр той сайын есіме түседі.
Батыр аға да мәңгілік сапарға аттанды. Соңында , өнегесін қабылдап,есімін ұлықтап жас ұрпағы қалды.
«Сен, құрметте оны түсіндің бе,қарағым!»деп ақын - жауынгер Сырбай Мәуленов айтпақшы, Отан үшін от кешкен қанын төккен, жанын берген әрбір жауынгерді қазасында да, тірісінде де құрметтеуге тиіспіз! Ардагерлер аруағын ардақтауды естен шығармайық, ағайын!
Нұрғали Ибрайым,
qazaquni.kz