Ахмадулла ВАСТОК: ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАҚЖАЙЛЫҒЫ КІМДІ БОЛСА ДА ТАҢДАНДЫРАДЫ

«Ариана» ауған орталығының төрағасы, ҚХА мүшесі Ахмадулла Васток "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, елдегі келісім мен бейбітшілік, ҚХА жұмысы мен қазақ халқының қонақжайлылығы туралы сыр шертті.

– Ахмадулла аға, ең әуелі әңгімемізді «Ариана» ауған орталығының құрылуынан бастасақ...

– «Ариана» ауған орталығы 1990 жылы құрылды және сол жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясына мүше болды. Қазақстан барлық ұлт пен ұлысқа құшағын айқара ашқан халық екендігімен ерекшеленеді. Сондықтан болса керек, біздің де орталық құрып, жан-жақты жұмыс істеуімізге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Біздің орталық негізінен Қазақстанды мекендеген ауғандықтардың тіл үйренуіне мүмкіндік туғызады. Атап айтқанда, өзіміз ауасын жұтып, суын ішіп отырған қазақ халқының мемлекеттік тілі – қазақ тілін, сонымен қатар ресми тіл – орыс тілін үйретуге, ауған тілін одан әрі дамыту жолында жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Сонымен қатар, ауған жастарының Қазақстанда жоғары білім алуына барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз. Тағы да тілге етерлік дүние – осындағы ауған халқының кез-келген туындаған мәселесіне орай заңдық тұрғыдан кеңес алуына да барлық жағдайды жасап келеміз. Жалпы «Ариана» орталығы ауған халқының салт-дәстүрін ұмытпай, мәдениетін одан әрі қарай жаңғырта отырып дамыту барысында тындырымды тірліктер атқарып келеді. Содай-ақ, ел көлемінде өткізіліп жатқан барлық мәдени және атаулы күндер аясындағы ауқымды шараларға да белсенді атсалысып келеді. Бұл үрдіс алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

– Ауғандардың Қазақстанға сіңісіп кетуі қашалықты оңай немесе қиын болды? Бір сәт өткенге көз тастап, сыр ақтарсаңыз...

– Ауған халқы алғаш рет сонау 80 жылдардың басынан бастап келе бастады. Кейін Қазақстан егемен ел атанған соң, қонақжай елге ауғандар көптеп қоныс аудара бастады. Дегенмен, әуел баста ауғандар бұзық халық деген теріс көзқарас та болмай қалған жоқ. Арада біршама уақыт өткеннен кейін Ауғанстанның елшілігі ұмыс істеп, бірнеше мәдени орталықтар ашылып, жанды жұмыс жүргізіле батағанннан соң, ауған халқының шынайы бет-бейнесін жергілікті жұртшылық тани бастады. Сол кезде мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссары Басқармасында қызмет етіп жүргеніме қарамастан, қазақ-ауған халқының арасында тығыз қарым-қатынас жолында еңбек еттім. Бүгінде ынтымақ пен бірлікті ту еткен Қазақстандай мемлекетте тату-тәтті өмыр сүріп жатқанымыз үшін де біз өзімізді бақыттымыз деп есептейміз.

– Жақында ғана өзіңіз Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына қатысып қайттыңыз. Алған әсеріңізбен және аталмыш ұйымның біздің қоғамда алар орны туралы өз аузыңыздан естісек...

– Қазақстан Халқы Ассамблеясының Төрағасы, Елбасымыз – Нұрсұлтан Әішұлы Назарбаевтың және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ҚХА-ның кезекті сессиясы өтті. Жиынға Елбасымыздың биылғы

жылды жастар жылы деп жариялауына байланысты көптеген жастар қатысты. Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясы бүгінде әлемде теңдесі жоқ ұйымға айналды. Ұйымның басты ұстанымы – бейбітшілік пен келісім екені барша жұртқа аян. Болашақта да елдігіміз барасып, ынтымақ пен бірлігімізден ажырамай, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кеше беретіндігімізге сенімдіміз. Біз «Ариана» ауған орталығы қазақтың қонақжай пейілі мен ақ адал ниетіне алғысымызды айта отырып Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында бәріміз бірлікте еселі еңбек кете беретіндігімізді жеткізгіміз келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ,

qazaquni.kz