ЕЛОРДАДАН ЕКІБАСТҰЗҒА КӨШЕМІЗ БЕ?
2019 ж. 09 мамыр
2259
0
Елорда әкімдігі көп балалы жанұяларды баспанамен қамту үшін Екібастұз қаласына көшіруге ұсыныс жасады. Өйткені, бас қалада тұрғын үй жеткіліксіз екен.
Бұл облыс орталығы мен өзге де ірі қалаларға да тән жағдай. Сондықтан, мемлекеттің арзан пәтерін көпбалалы шаңырақтардың бәріне бірдей үлестіру қиындық туғызып отырған көрінеді. Қазір жер-жерлерде көпбалалы аналар мен тұрмысы нашар отбасыларға арнайы жәрдемақы тағайындалып, баспана бөлу басталды. Десе де, үкіметтің арзан баспанасы барлығына бірдей бұйырмайтын түрі бар. Оны шешу үшін үкімет неше түрлі жолдарды қарастыруда. Мәселен, елорда әкімдігі көп балалы жанұяларды Екібастұзға қоныстандыруға ұсыныс жасауда. Онда олар үш бөлмелі пәтер және жұмыспен қамтылады. Баспана 5 жылға жалға беріледі. Бірақ, кейін жекешелендіріп алуына болады. Қала әкімдігі «Тұрғын үй қорының» баспасөз хатшысы Арманай Қабдешованың айтуынша, Екібастұз қаласының әкімдігі көшкен отбасы мүшелерін еңбекақысы 120 мың теңгеден кем болмайтын жұмысқа тұрғызуға және де балаларды мектепке, балабақшаға орналастыруға тегін тамақ беруге мектепке қажетті құралдарды беруге жауапкершілік алып отыр. Бірақ, ешкім мұндай ұсынысқа әзірге ниет білдірмеген. Қазір еліміз бойынша, баспана кезегінде 32 мың көпбалалы отбасы тұр. Олардың 7 мыңы жаңа пәтерге биыл қоныстануы тиіс.
qazaquni.kz