Серік Тұрғынбекұлы: «Ақ жол» – ақиқатқа апарар жол

4
1045


Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекелі мерейтойымен құттықтаймьн!
Бүгінгі жиын басқа бас­қосулардан ерекше. Себебі, негізін Әлихан Бәйменов қалаған «Ақ жол» аздаған жылдар­ ішінде басынан небір күрделі кезеңдерді өткізді. Айыры-лысты, қосылды, тоқырады, тосылды, қайтадан қанат қақты.
Біз басшысы кетсе, өзі де жоғала­тын партиялардың қатарынан емес екенбіз. «Ақ жолдың» табанды, өміршең партия екенін осы жолы тағы да дәлелдедік.
Мен енді қазіргі халге ауысайын. Саяси ахуалдар мен елдегі күрделі мәселелер жайында менің алдымда сөйлеген шешендер шынайы пікірлер айтты. Жаңа келген партия басшысы Азат Перуашевтың бізге ұнағаны, ол сөзінің «біссмілласын» «ассалаумағалайкүмнен» бастап, Алаш идеясын ұстанып, «Ақ жолдың» атына заты сай іс-қимыл жасайтынын алғашқы аяқ алысынан-ақ аңдатты. Алдымыздан Алаш идеясы қылаң бергеннен кейін, біз, бұрыннан келе жатқан бір топ қаламгерлер, ат басын іркіп қалдық. «Ақ жол» арқылы ұлтымызға, жұртымызға, қалың ел – Қазақстанға қызмет етуді парыз санадық. «Біз» деп осындағы ат төбеліндей зиялы қауымды айтып отырмын. Қай партияда болмасын, зиялы қауым болмай, заман ағымы оңалмайды.
Бірыңғай байлардың, немесе, кілең кедейлердің партиясы болмайды. Зиялы қауым – ұлттың тұздығы, қазақтың қазынасы, мемлекеттің мерейі. Парасатты партиялардың баршасы – зиялы қауымның дуалы сөзімен сусындайды. Осы тұрғыдан алғанда, біздің партия да мүндай тұғырлы тұлғалардан кенде емес. Оған мысал, бір ғана ұлттың ұлағатты ұстазы болып, заманның абызына айналып отырған Амангелді Айталыны айтсам да жеткілікті болар еді. Ал Айталының айналасы да құралақан емес. Оның төңірегінде аузын айға білеген Исрайл Сапарбай, Ханбибі Есенғараева, Ибрагим Исаев сынды елдің игі жақсылары бар. Осы ортадан мен бүгін белгілі жазушылар Смағұл Елубай мен Әлібек Асқаровты көргеніме қуаныштымын. Олардың қатарында өнердің туың тігіп, тұғырын бекітіп жүрген тұлғалар – әнші Кенжеғали Мыржықбаев пен актер Асылболат Смағұлов «Ақ жолдың» өмірге келген алғашқы қадамынан бастап, күні бүгінге дейін қажырлы қызмет атқарып жүргенін арнайы айта кеткім келеді. «Ақ жол» партиясына қалтқысыз қызмет етіп, оның ыстық-суығына төзіп, небір қилы кезеңдерді басынан өткеріп келе жатқан – «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, ақын, тәжірибелі журналист, көрнекті көсемсөзші – Қазыбек Исаның есімін қадап айтар едім. Сонымен қатар, олимпиада батыры Бақыт Сәрсекбаев сынды бірқатар жастарымыздың партия қатарына қосылғанын құптаймын. Жаңадан келген жастар «Ақ жолға» біраз тер төгіп, еңбек етуі керек. Олардың болашағы алда.
Бүгінгі таңда жаңадан жасақталып, қатары жастармен толыға бастаған «Ақ жол» партиясына қазір әркім-ақ қызыға қарайды. Бұл өте дұрыс үрдіс. Партия қатарында қалталылардың көбейіп, бизнес әлеміне бой ұра бастауы да бүгінгі күннің талабы. Алайда, жаңадан қосылып жатқан қалталылардың мақсаты – тек депутат болуды ғана діттеген болса, біз онда қатты қателесеміз. Олардың ел қамын күйттемей, парламент партасында бос отырғанынан гөрі, беделді бизнесмен болып, білек сыбана еңбек еткені әлдеқайда пайдалы. Әйтпесе, ұлы Абайдың: «Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап…» деп келетін әжуалы кейіпкеріне әп-сәтте айналып шыға келуі әбден мүмкін.
Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекелі мерейтойы тұсында толығып, молығып, жасарып, жайнап, жаңа күш, жаңа жігермен іске кірісіп, сайлауалды жиында өзіміздің мағыналы мақсат, зор міндетті атқаруға тиіс екендігімізді аса жауапкершілікпен сезінетін күнге жеттік. Осы бағытымыз баянды болғай!
«Ақ жол» жасасын!

4 ПІКІРЛЕР

  1. Йа, шынында қазіргі кезде «Ақ жол» партиясының беделі өсуде.Бүгігі күні мәжіліс сайлауында «Ақ жолға» ең улкен бәсекелес «Әділет» партиясы!!! 2 партияның да 2-ші орынға шығуына улкен мүмкіндіктер бар.2 партияның да жетістіктерін баска партияның белсенді мүшелерінің бүл партия құрамына қосылуынан көруімізге болады!Сонда да «»Әділет»» партиясының мүмкіндігі басымырақ.Жеке менің ойым №2 «Әділет»!!!

  2. Қазақстанды әділеттілікті, заңдылықты және құқық тәртібін қолдайтын партия басқару керек. Ал менің білуімше «Ақжол» партиясы олигархтар партиясы, яғни кішігірім бай адамдар тобының билігі емес пе? Ондай партия мемлекетті басқаратын болса, еліміздің еш болшағы болмайды. Қазақстанды әділетті партия басқару керек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз