Алматы облысында 9-сынып оқушысы өзіне қол салды
2019 ж. 02 мамыр
3222
0
Қайғылы оқиға түнде Қызыл-қайрат ауылында болған. Жеткіншек өз үйінің алдындағы электр сымына асылып қалған көрінеді. Отбасындағы жалғыз баланы мұндай қадамға не итермелегені әзірге белгісіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Марқұм №19 мектеп-гимназиясында білім алған. Болған жайтты естіген ұстаздары да төбелерінен жай түскендей болып отыр. Олар баланың мектепте өте белсенді әрі алғыр болғанын айтады.
«Мұндайға барады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Өйткені ол үлгілі оқушылардың бірі болатын. Мінезі жұмсақ, ақкөңіл, жауапкершілігі өте жоғары, басқалармен тіл табысу жағынан да өте жақсы еді. Оқушылармен ешқашан ренжіскен де емес», – дейді сынып жетекшісі Айдар МАМЫШЕВ.
Ұстаздар мектепте әлімжеттік жоқ, сондықтан жеткіншектің теперіш көруі екіталай деп өздеріне шаң жуытпай отыр. Дегенмен, марқұмның өлерінің алдында әке-шешесіне хат қалдырғаны белгілі болды. Қазір мән-жайды құзырлы орган қызметкерлері анықтап жатыр.
«Оқиға сәуір айының 29-нан 30-на қараған түні болған. Жасөспірімнің өз-өзіне қол салу дерегі ресми тіркелді. Қайтыс болған баланың жақындарына жазып қалдырған хаты да бар. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптамасы жүргізілуде. Айта кету керек, ювеналды полиция өз тарапынан осы дерек бойынша тиісті тексеру жұмыстарын ұйымдастыруда», – дейді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Серік ҮПИЕВ.