БІЗДІҢ СОТТАР ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ НЕГЕ АТҮСТІ ҚАРАЙДЫ?

Біздегі соттар қаралатын істі жіті тексермей, солақай шешім шығаратыны жөнінде мерзімді баспасөзде аз жазылып, телеарналарда кем көрсетіліп жатқан жоқ. Осыған байланысты Бас прокуратура немесе Жоғарғы сотқа жазылған арыздар да дұрыс қаралмайды, жалпылама жауап бере салумен құтыла салады. Ал, әрбір арыздың артында адам тағдыры тұрғанын құқық қорғау орындары мүлдем ескермейді. Оларға тезірек істі жауып, шешім шығарса болғаны. Неге?.. Осындай бір арыз, Алматы қаласында болған Медет Дәулетовтың өліміне қатысты Самат Лақбаевтың он бір жылға негізсіз сотталғаны туралы республикалық «Жас Алаш» газетінің үстіміздегі жылғы 21 ақпан күнгі санында «Ұрып-соққан үшеу, сотталған–біреу» деген тақырыппен жарияланған-ды. Мақалада бұл істе қандай заңсыздықтарға жол берілгені туралы әңгіме болған еді. Енді оқырман қауымға бұл мәселедегі айналып өтуге болмайтын, тағы да бірнеше маңызды тұстарды қайта көтеруге тура келіп отыр. Сотқа қатысқан прокурор М.Рысбековтің айыптау қорытындысындағы қамтылған мән-жайлардың мазмұнына көз жүгіртіп көрсек, 2016 жылдың 10 қыркүйегі күні Әйгерім Қадырова бұрындары да оқта-текте қол жұмсап жүретін жігіті Медет Дәулетовтің себепсіз ұрып соққанына шыдай алмай, Рысқұлов пен Күдерин көшесінің қиылысында жалданып жұмыс істеу үшін тұрған екі жігітке мұңын шағып, «есем кетіп бара жатқан сол Медет Дәулетовтен кегімді алып, тәубесіне түсіріп берсеңдер әрқайсысыңа он мың теңгеден ақша төлеймін» дейді. Сол оқиға болатын күні өздерінің отбасымен араласып жүретін Ораз Лақбаевтың баласы Әйгерімге телефон шалады, әңгіме арасында Медет Дәулетовке кек түйген бойжеткен туған ағасы сияқты болып кеткен Самат Лақбаевқа да бір жігіттің өзін ренжітіп жүргенін, мүмкіндігі болса соны «тәртіпке» салып беруге қолқа салады. Одан әрі оқиға прокурордың айыптау қорытындысында баяндалғанындай Әйгерім жігіті Медет Дәулетовтің ұялы телефонына қоңырау шалып, «өзіңді сағынып жүрмін» деп алдап шақырып алады. Сүйген қызының ішке түйген сұмдығынан бейхабар Медет Дәулетов уағдалы жерге келген кезде ақша үшін жалданып, ақша үшін жан алуға әзір тұрған жігіттер мен Самат Лақбаев «Сен неге Әйгерімді ренжітіп жүрсің?» деген желеумен оны дүкеннің сыртына апарып, тепкілеп, соңынан көлігінің жүк салғышына салып алады. Бірақ Медет Дәулетовтің көрер жарық сәулесі бар екен, ол зырғыған көлік «Трудовик» ықшамауданы көшесінің қиылысына келген кезде жүк салғыш ғайыптан ашылып кетіп, түсіп қалады. Жәбірленуші өз күшімен сол күйі дереу Алатау ауандық ішкі істер басқармасына барып шағымданады. Ішкі істер басқармасының анықтамашысы 11 қыркүйек күні Медет Дәу­летов­тен өзіне қарсы жаса­лын­ған қылмыстық оқиға туралы өтінішін қабылдап алады. Құдайдың құдіреті, сол күні полицияға өз аяғымен келіп өтініш жазып, жауап беріп кеткен Медет Дәулетов қыркүйек айының 13 күні Қарасай аудандық ауруханасына ауыр жағдайда түсіп, 19 күні алған жарақатынан дүние салады. Сонда ол өлімге жеткізетін ауыр жарақатымен қалай ғана бір жұма емін-еркін сау адам сияқты жүрген деген сұрақ туралы ешкім ойланбаған. Айыптау актісінде баяндалған оқиғаның ұзын-ырғасы осы. Мәселеге кез келген қыл­мыстық оқиғаны тергеу барысында ақ пен қараның аражігін ажыратудың орнына қолдарына түскендерді мүмкіндіктері келгенінше, қара есекке теріс мінгізіп, қаралауға бейім тұратын қылмыстық қудалау органының бұлжымайтын ұстанымы тұрғысынан қарасақ, Медет Дәулетовтің өліміне бір ғана адам айыпты ол Самат Лақбаев. Мемлекеттік айыптаушы М.Рысбековтің бірыңғай айыптаудан құралған қорытындысы да кем-кетігіне қарамастан істі қараған Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қасым Қалмағамбетовтің алдынан қамшы салдырмай өте шығып, іс әрекеті Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» деп аталатын 125-бабының үшінші бөлігімен дәрежеленген Самат он бір жылды арқалап кете барды. Прокурордың сөзіне сенсек, Самат Лақбаев топ болып қылмыс жасап, марқұм Медет Дәулетовтің жанды жерлеріне соққы беріп, одан кейін сілікпесі шыққан жас жігітті көліктің жүк салғышына салып алған. Прокурор бұған дәлел ретінде қылмыстық топты ұйымдастырушы Ә.Қадырова мен жәбірленуші М.Дәулетовтің 2016 жылдың 10 қыркүйегі күні сағат 22.00 шамасында белгісіз тұлғалардың өзін шетке қарай сүйрелеп, тепкілеп, көліктің жүк салғышына салып алғанын баяндаған өтініштеріндегі деректерді келтіреді. Сонымен, шын мәнінде марқұм Медет Дәулетовті өлімші етіп тепкілеп, қазаға душар еткендер кімдер? Ашығын айту керек, бұл сұрақтың төңірегінде күдік те көп, күмән да аз емес. Тергеу барысында кінәсін мойындағанымен кейін жұмбақ жағдайда жазадан тыс қалып кеткен Әйгерім Қадырованың тергеуші С.Қамытбаевтың сұрақтарына берген жауаптарына сүйенсек, Самат Лақбаев Медетті тепкілемеген, бар болғаны жағынан екі рет шапалақпен тартып жіберген. Ал жалданып келген екі жігіт мүлде саусақтарының ұшын да тигізбеген. Сонда Медет Дәулетов кімдерден өлімші болып таяқ жеп жүр? Шапалақпен екі тартқаннан тіл тартпай кеткені ме? Ол мүмкін емес қой. Неге екенін тап осы сауалға күні бүгінге дейін нақты жауап табылмай тұр. Сотталушының әкесі Ораз Лақбаев сот мәжілісі үстінде жазылып алынған бейнетаспада куә ретінде жауап берген марқұм Медет Дәулетовтің бөлесінің де Самат Лақбаевтың екі мәрте шапалақпен тартып жібергенін естідім деген сөзі жазылып қалғанын айтады. Медеттің жақынының қазақылыққа салып, қанына тартпағанның қары сынсын демей, туған бөлесінің мүддесін емес, керісінше Самат Лақбаевты жақтап сөйлеуінде қандай сыр бар? Сірә да тергеу органына Медет Дәулетовтың ішкі істер органына түсірген мазмұны «үш жігіт сабады» дегенге саятын өтінішінен бөлек, С.Лақбаевқа адам ұрлап, оның қазасына себепкер болды деп айып тағуға Әйгерім Қадырованың өтініші мен марқұм Медет Дәулетовтің жақыны Дархан Желдібаевтің тергеуші С.Қамытбаевқа қыркүйек айының 10 күні куә ретінде берген жауабындағы «11.09 2016 жылы таңғы сағат 05:00 шамасында Медет Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауыл ауылы Алатау көшесі №3 әке-шешемнің үйіне келген кезде оң жақ қабырғасы ауырғанын айтты және өзін белгісіз үш тұлға Әйгерім атты қызына барған кезінде еш нәрсе айтпастан ұрып-соғып, тепкіге жыққанын айтты» деген сөзі де түрткі болған тәрізді. Дәл осындай жауапты Қарасай аудандық ауруханасының оташысы Берік Жұмабеков те қайталаған. Ауруханаға ауыр халде түссе де өзін үш адамның соққыға жыққанын марқұм Медет Дәулетов ішкі істер органының анықтамашысы М.Қайратқа берген жауабында да айтады. Алайда Самат Лақбаевтың әкесі 2016 жылғы 11 қыркүйектегі анықтамашы М.Қайрат жүргізген жауап алу хаттамасындағы қолтаңба мен М.Дәулетовтің бастапқы өтінішіндегі қойылған қолдың арасында жер мен көктей айырмашылықтың бар екенін, соңғы құжаттағы жазудың басқа кісінікі екенін, сондықтан да бұл күмәнді қағаздарға қолтаңбалық сот сараптамасын тағайындаттыру жөнінде ұсыныс жасағанымен оған Қылмыстық процестік кодекстің «Тергеуші» деп аталатын 60-бабының екінші бөлігінің талабына сәйкес істі өз өндірісіне қабылдап алу жөнінде қаулы шығармастан тергеу амалдарын өз қалауынша жүргізген тергеуші С.Қамытбаев пен прокурор М. Рысбеков және істі қараған судья Қасым Қалмағамбетовтің көз жұма қарағанын айтады. Ораз Лақбаевтың бұл күдігі де қисынға келеді. Үш адамның соққысынан соншама жарақат алып, іш майы жыртылған марқұм Медет Дәулетов 11 қыркүйек күні зыр жүгіріп, тергеуші С.Қамытбаевтың сұрақтарына жауап беріп, өтініш жазса, неге сол мезетте оған заң бойынша тиісті сот-медициналық сараптамасы тағайындалмаған дейді сотталушының әкесі Ораз Лақбаев. Сот отырысы барысында тергеушіге осы сауал қойылғанда ол мен М.Дәулетовті көрген жоқпын деп өтірік жауап берген. Осы тұрғыдан қарағанда сотталушының адвокаты Е.Артықбаев пен сотталушының әкесі О.Лақбаевтың марқұм М.Дәулетовтің қыркүйек айының 11 күні анықтамашы М.Қайратқа берген жауабынан кейін қолдан ұйымдастырылып жазылған, ондағы қолтаңба мен қойылған қол да өзге кісіге тиесілі деген сөздерінде жан бар тәрізді. Егер судья кезінде құлағы қылтиып көрініп тұрған осы күмәнді құжаттарды арнайы мамандардың көмегімен зерттетіп, тиісті бағасын бергенде айыпталушы тараптың көкірегінде мұндай күдік қалмас та еді ғой. Бұл да тергеушілер, прокурорлар мен судьялар тарапынан қылмыстық істі қалай болса солай жүргізгенін көрсетпей ме? Үш ай мерзімге тергеу абақ­тысына қамалып, оқшаулан­дырылған Самат Лақбаевтың ісінде процессуалдық заң бұзушылықтар баршылық. Қолданыстағы Қылмыстық процестік кодекстің «Күзетпен ұстау мерзімдері және оларды ұзарту тәртіптері» деп аталатын 151-бабының 5 бөлігінде «Күзетпен ұстау мерзімін одан әрі ұзартуға жол берілмейді, күзетпен ұсталып отырған күдікті, айыпталушы дереу босатылуға жатады» деп көрсетілген. Сотталушының адвокаты Е.Артықбаевтың айтуынша Алатау ауданының прокуроры осы тәртіпті бұзып, шығыс нөмірі 2-170112-17 істі 2017 жылдың 19 қаңтары күні сотқа жолдайтындығын, ол жөнінде ЛА-155/18 тергеу абақтысының басшылығын хабардар еткенімен неге екені белгісіз істі сол жылдың 20 қаңтары күні сотқа беру туралы қаулы шығарады. Адвокаттың дәлелдеуінше қылмыстық іс 19 қаңтардан 24 қаңтар аралығына дейін прокуратурада қимылсыз жатқан. Мұны заң бұзушылық емес деп айтпай көріңізші... Марқұм Медет Дәулетовтің ауыр халде ауруханаға түскенін оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерер қауымы да жоққа шығармайды. Тергеу органымен бірігіп марқұмның мәйітіне бірнеше рет сот сараптамасы да жасалынғанын айтады. Алайда сол сараптама қорытындыла­рының өзі М.Дәулетовтің ажалы­ның тап неден болғанын нақты көрсете алмай шатасқанын байқауға болады. Мәселен, мәйітке тексеру жүргізген Рентгенология және сәулелі диагностика саласы бойынша маман Медет Дәулетовтің өліміне бүйрек қызметінің жетіспеушілігі себепкер болды деп қорытынды жасағанымен ол жөнінде түбегейлі байлам жасауға сырқат кітапшасындағы мә­ліметтердің жоқтығы кедергі келтіргенін көлденең тартады. Қызығы, мәйітке зерттеу жүргізген кейбір сараптама мамандары М. Дәулетовтің бүйрек тұсында 20 сантиметр көлеміндегі күлдіреп күйген жердің бар екенін көрсетіп, оны суретке де түсіріп алған. Тек сараптама мамандары мен дәрігерлер қауымы ол күйіктің неден және қалай пайда болғанын түсіндіре алмай, тұйыққа тірелген. Мұның өзі марқұм Медет Дәулетов ауруханаға түсетін күні басқа біреулердің соққысына жығылды ма екен деген күдікті күшейте түседі. Мәйітті зерттеу барысында жинақталған деректерге талдау жасаған сот сарапшысы Р.Тагированың өзі де мамандардың тұс-тұсқа тартқан жорамалдары­ның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ашып айта алмаған. Ол оның бір себебін «Зерттеу­ге ұсынылған медици­налық құжаттарда клиникалық-зертханалық деректер болмауына байланысты, яғни, 13.09.2016 жылы бүйрегінің жұмыс істеу көрсеткіштері және биохимиялық қанға қатысты жүргізілген талдауы нәтижесі көрсетілмеуіне байланысты қатты бүйрек жетіспеушілігінің даму себебін анықтауға мүмкін­шілік болмады. Бірақ та жоғарыда анықталған дене жарақаттары нәтижесінде бүйректің қатты жетіспеушілігі дамып пайда болуы екіталай, себебі ұсынылған меди­циналық құжаттарда травма­тикалық есеңгіреу туралы обьективті клини­калық деректер көрсетіл­меген» деп негіздейді. Олай болса, марқұм Медет Дәулетовтің ағзасын­дағы бүйрек қызметінің ақауына денеге түскен соққылар­дың әсерінің болмағаны ғой. Р.Тагирова ол жөнінде 13.09.2016 жылғы Медет Дәулетов­тің қанына жасалынған жалпы талдау нәтижесінде анықталған белгі­лерге сәйкес яғни, қанының құрамында ақуыз бен ликоцит және эритроциттің көп болуы оның несеп шығару жүйесінің ісіп қызару процесі болғандығын айғақтайды және сол процесс бүйрек жетіспеу­шілігінің дамуына себеп болуы мүмкін» деп жорамал жасайды. Кейбір білікті сарапшылар марқұмның өкпесінің жыртылу, өкпеқап және өкпе қалыңдығы астына қан құйылуы сияқты тағы да басқа ауыр соқ­қыдан алынған жарақаттардың бүйрек қызметінің жетіспеуші­лігіне тікелей зардабын тигізуі мүмкін деп қорытынды жасаған. Бәрі дұрыс, тек марқұмның бүйрегі тұсындағы 20 см. күйіктің неден пайда болуы мүмкін? Оның бүйрек жұмысына, яғни тоқтауы­на қандай әсері болды? Ол туралы ештеңе айтылмаған. Талай адамдардың көкірегінде жұмбақ қалпында қалған бұл сауалға да мамандар қауымы тұшымды жауаптар қайтармаған. Марқұм Медет Дәулетовтің өлімінің төңірегінде сыры ашылмаған жұмбақ нәрселер көп деп отырғанымыздың бір мәнісі де осында. Марқұмның ауыр соққыға жығылмай тұрып ауруханада жүргізілген сырқат кітапшасы табылып зерттелгенде, қазір дауға айналып отырған Медет Дәулетовтің бұрыннан бүйрек қызметінің жетіспеушілігі дертіне шалдыққандығы немесе ондай аурумен сырқаттанбағандығы жөніндегі бар ақиқат өз құпиясын ашқан болар еді. Сонда бұрыннан бүйрегі ауырып жүрген адамның медициналық картасы қайда кетті? Самат Лақбаевтың әкесі Ораз Лақбаев тергеу барысында Медет Дәулетовтің жарақат алып ауруханаға түскенге дейінгі мәліметтері түзілген сырқат кітапшасының табылмағандығын айтады. Әлде оны біреулер қасақана жоғалтып жіберді ме? Мүмкін тергеу органына ондай маңызды деректің қажеті болмаған да шығар... Марқұмның мәйітін арнайы зертханаларда зерттеген немесе оның ақтың демі біткенше жанында болып, ота жасаған сот сараптамасының мамандарының пікірлері мен тұжырымдары қай тұсқа тартса да олардың түпкі ой-пікірлерінің түйіні марқұмның өлімінің себебі көзі тірісінде алған дене жарақаттары әсерінен болуы ықтимал деген қорытындыға маңдай тірейді. Сондай кезде тіл ұшына соншама ауыр жарақатты жалғыз Самат Лақбаевтың салуы мүмкін бе деген сауал оралады. Бірақ тергеу мен қадағалау органы да, олар бекіткен айыптау қоры­тындысының ізімен кетіп, үкім кескен сот та мұндай сұраққа жауап іздеп, күмәнді тұстарға ат басын бұрып аялдамаған, тек қылмыстың топ болып жасалғаны туралы жалпылама жалаң әңгіменің жетегінде кеткен. Тергеу органы мен соттың үкімінде жазылғанындай марқұм Медет Дәулетовке қастандық топ болып жасалынса, онда 2016 жылдың 11 қыркүйегі күні тергеуші С.Қамытбаевтың алдында қанды қылмысты өзі ұйымдастырғанын мойындаған Әйгерім Қадырова­ның заңды жазадан сытылып кеткендігі қалай? Қылмысты ұйымдастырушы сол емес пе? Тергеу органы мен прокурату­раның марқұм Медет Дәулетовті Самат Лақбаевпен бірге тепкі­леген екі тұлғаны тергеу амалдары барысында «белгісіз адамдар» есебінде қалдырғаны да түсініксіз. Қылмысты Самат Лақбаевпен бірге жасаған екі жігіт пен осы істі ұйымдастырушы Әйгерім Қадырова прокурордың айыптау қорытындысында да «белгісіз тұлғалар» деп танылса, сол адамдар Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандан­дырылған ауданаралық сотының судьясы Қасым Қалмағамбетовтің үкімінде «анықталмаған», «қылмыстық іс материалдары бөлектенген» деген басқа атауға ие болды. Құқық қорғаушылардың көз алдында жүрген, қылмысты ұйымдас­тырған Әйгерім Қадырова қалай ғана «белгісіз», «анықталмаған болып шыға келген? Шын мәнінде осы жанжалды ұйымдас­тырып, оқиғаның бел ортасында жүрген Әйгерім Қадыроваға қатысты қозғалған іс материал­дарының өзі (онда да іс қозғалса) тергеу амалдары барысында бөлектеніп кеткен. Не үшін? Жалпы Әйгерім Қадырова тергеу органы мен айыптау қорытындысын бекіткен аудандық прокуратура үшін кім? Күдікті ме, жоқ әлде белгісіз тұлға ма? Қылмыстық іске қатысы жоқ, бөтен адам дейін десең, адамдар тобын алдын ала ұйымдастырғанын тергеушіге берген жауабында мойындаған басқа емес, Әйгерім Қадырованың нақ өзі емес пе? Тек бұл туралы тергеуші С.Қамытбаев та , прокурор М.Рысбеков те ләм-лим деп жақ ашпайды. Бейне бір олар үшін Әйгерім Қадырованың соңы адам өлімімен аяқталған мына қылмысқа мүлде қатысы жоқ сияқты. Тіпті, судья Қасым Қалмағамбетовтің өз үкіміндегі «... қорғау тарапы ұсынған жеке айыптау материалдарына сәйкес Қадырова полицияға арызданып, сот медициналық сараптамадан өтіп, ісі сотқа өткеннен кейін сот оған кемшіліктерді жоюға уақыт берген» деген сөзіне түсіну қиын. Судья онымен не айтқысы келді екен? Қадырованың полицияға арызданғаны дұрыс шығар, тек соттың оған кемшіліктерді жоюға уақыт бергені қалай? Ол қандай кемшілік, сот оған не үшін, не себептен оны жоюға уақыт береді? Бұл неғылған ерекше жеңілдік? Үкімінің бір жерінде ғана аты-жөні аталып қалған Әйгерім Қадырованы судья одан әрі білмейтіндей кейіп танытып, « 06.10.2016 ж. Байланыс операторларынан сотталушы, жәбірленуші және өзіне қатысты іс материалдары бөлектенген адамның қолданыстарында болған ұялы телефон номерлері бойынша ақпарат алынып, (1-бума, і.б. 75-104) оқиға орын алған жердегі базалық станциялар олардың ұялы нөмірлеріне қызмет көрсеткені анықталды» деп сілтеме жасайды. Бұл жерде судьяның іс материалдары бөлектенген деп сылап сипап, меңзеп отырған адамы Әйгерім Қадырова болса керек. Заң талабына жүгінсек, қылмысты ұйымдастырушы Әйгерім Қадырова жеме-жемге келгенде судан таза шығып, Самат Лақбаев пен өзара топ болып марқұм Медет Дәулетовті соққыға жық­қандар «белгісіз адамдар» есебінде қалдырылса, айыпталу­шы­ның әрекеті қалайша Қылмыстық кодекстің ең ауыр баптарының бірі болып саналатын 125-тің ұйымдасып жасалатын 3 бөлігімен дәрежеленеді? Тергеу органы Әйгерім Қадырованың қылмысын тасада қалдырып, марқұм Медет Дәулетовті соққыға жыққан екі жігітті белгісіздер санатына қосса, жалғыз жазықты Самат Лақбаев­тың әрекеті әрі кеткенде 125-баптың төрт жылдан жеті жылға дейінгі жазаны қарасты­ратын 1-бөлігімен немесе өмірге, денсаулыққа күш қолдану арқылы жасалатын 2 бөлігімен дәреже­ленуі керек емес пе еді? Алайда сот үкімінде судья Қасым Қалма­ғамбетов «Ал, Лақбаев болса алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен Дәулетовті ұрып-соғып тепкілеп, денсау­лығына ауыр зиян келтіріп ұрлаған...», немесе «... Лақбаевтың әрекеттері адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолданып өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адамды ұрлау белгілері бойынша саралануы тиіс» деп тұжырым жасаудан танбайды. Прокурор М.Рысбеков те сотта сөйлеген сөзінде Самат Лақбаевты жерден алып, жерге салып, «...Ә.Қадырова және тергеу­мен жеке басы анықталмаған екі бейтаныс тұлғалармен кездесіп, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, М.Дәулетовті ұрып-соғу арқылы, көліктің жүк бөлігіне салып...» немесе «...С.Лақбаевтың және басқа да тұлғалардың қылмыстық пиғылы нақты М.Дәулетовті ұрлауға бағытталғанды­ғының дәлелі болып табылады» деп мүмкіндік болғанынша сотталушының әрекетіне алдын ала сөз байласып, өзара рөлдерін бөліскен қылмыстық топтың әрекетін күштеп таңуға тырысады. Прокурордың айыптау қортын­дысымен судьяның үкімінде көрсетілгеніндей қылмыстық топ болып жасалынып, оған қатысқандар өзара атқаратын міндеттерін бөлісіп алса, онда тергеу органы ең алдымен Әйгерім Қадырова мен белгісіз екі тұлғаның марқұм Медет Дәу­летовке қарсы күш қолдану­дағы рөлдерінің қандай болғандығын анықтап алуы керек еді ғой. Қылмысты ұйымдас­тырушы Әйгерім Қадырова Самат Лақ­баев­пен бірге сот орындығына отырғызылып, жазаға тартыл­ғанда тағылған айып төңірегінде мұндай сұрақ туындамай, жасалынған қылмысқа топ болып деген сипат беруге болар еді. Кем-кетігі сырт көздің өзіне бадырайып анық көрініп тұрған мұндай мін мен кемшілікті осы іске қазылық жасаған Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қасым Қалма­ғамбетовтің байқамай қалуы мүмкін бе? Бәлкім, судья Қылмыстық процестік кодекстің «Істің мән-жайларын жан жақты, толық және обьективті зерттеу» деп аталатын 24-бабының бірінші бөлігіндегі «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толымсыздығын жою мақсатында сот өз бастамасы бойынша қосымша дәлелдемелер жинауға құқылы емес» деген талабына жүгініп, тергеу органымен тағылған айыптың шеңберінен шыға алмадым деп ақталатын да шығар, соның өзінде ортаға салынған дәлелдерді таразылай отырып, қайсысын есепке алып, қайсысын қабылдамай, әділ жаза тағайындау қазының қасиетті міндеті емес пе еді. Ондай жағдай­да да істі қараушы судьяның ішкі сеніміне дәлелдемелердің жиын­тығына негізделген деректер ғана алынып, зерттелмейтін бе еді? Алда-жалда бұл талапқа қанағат­тан­басаңыз, Жоғарғы Соттың жоғарыдағы нормативтік қаулысының 3 бөлігінде «Судья дәлелдемелерді заңды басшылық­қа ала отырып, яғни, дәлелде­мелерді жинау және бекіту тәртібін белгілейтін құқық норма­ларының сақталуын және жарамдылығын бағалайды» деген талап тағы бар. Өкінішке қарай өмірде қағаз жүзінде бекітілген осы талап ұдайы сақтала бермейді, ауыр қылмыс­тарды соттан амалдап өткізу үшін қисынға келсе де, келмесе де топ болып деген атау тағып, соңында сол айыпты адамдардың арасынан біреуін ғана кінәлі деп танып, сотқа жөнелту тек Алматы қаласындағы Алатау аудандық ішкі істер басқармасы мен аудандық прокуратурасында ғана емес, ол еліміздегі көптеген тергеу органдарында үйреншікті әдетке айналып кеткен емі жоқ кесел.Кезінде С.Лақбаевты кісі өліміне кінәлі деп танып, оны 11 жылға бас бостандығынан айырған сот үкіміндегі қанша қымтап, жапсаң да қисықтығы мен қиғаштығы көзге ұрып тұрған кемшіліктің бірі осы. Біздіңше, Самат Лақбаевқа қатысты атүсті жүргізілген тергеу амалдары мен сот үкіміндегі күдік пен күмәнға жетелейтін осындай күңгірт тұстар істің Жоғарғы Соттың кассация­лық сот алқасында қайта қаралып, кінәсі толық дәлелденбеген Самат Лақбаевтың әрекетінің басқа бөлікпен дәрежеленіп, тіпті оның ақталатындығына жеткілікті негіз жасап тұрғандай. Жоғарыда айтылғандардан байқап отырғанымыздай бұл істе шалалық көп. Оны тергеушілер, прокурорлар мен судьялар көрмеді ме, көргісі келмеді ме ол жағы өздеріне мәлім, солардың адамгершілік арына сын болсын. Бұндай іс жүргізуді заңгерлер біліксіздік деп атайды. Сонда осындай құқық қорғаушылар, осындай қара қылды қақ жаруға тиісті судьялар қалай ғана мемле­кеттік қызметте жүр? Адамның тағдырымен ойнайтын мамандарға бұдан кейін қалай ғана сенім артуға болады?.. Елеусіз МҰРАТ qazaquni.kz