ЕСІМІНЕ БОЛМЫСЫ САЙ АЗАМАТ
2019 ж. 25 сәуір
7558
0
Қазақта еліме болсын деп қайрат көрсетіп жүрген қайыспас қара нарлар аз емес. Ерен еңбегімен де, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткерлігімен де белгілі, исі қазақтың Исламы болып кеткен ағамыз жақында пайғамбар жасына 63-ке келеді. Бүгінде Ерін іздеген Елі редакциямызға хаттар легін ағытуда. Біз халықтың ықыласы мен алғысын білдіру мақсатында, сол ізгі лебіздерінің біразын "Исламның игі істері" деген айдармен жариялап отыратын боламыз! Парасат пен пайымның - Пайғамбар жасына толуыңыз Құтты болсын, Ислам Әлмаханұлы! Іздеп жатқан халқыңыздың ізгі тілегі періштенің құлағына жетіп, Алла жар болсын, жаратқан иеміз жақсы күндерде жарқын күйде жүздесуді жазсын деп тілейміз!
"Қазақ үні" газеті редакциясы
ЕСІМІНЕ БОЛМЫСЫ САЙ АЗАМАТ
2008 жылдың 20 ақпанын Сарыағаш халқы ешқашан ұмытпайды. Сол жылғы қыс оңтүстік өңірі үшін де аса қатты аязды келді. Соңғы бір-екі онжылдықта еліміздің ең оңтүстігінде орналасқан Сарыағаш ауданының аумағында жердің тоңдағанын, Келес өзені суының қатқанын көрген емеспіз. Сол жылы өзен суы қатпаса да, жер тоңдады. Ақпанның 19 жұлдызында алтынкүрек соғып, жылы жаңбыр жауды да, қыс бойы түскен қар бір күнде еріп кетті... Тоңды жерге сіңе алмаған еріген қар суы адырлардан сай-сайды қуалай ағып, арнаға айналды да, көптеген елді мекендерді басып қалды. Қаншадан-қанша үйлер, әлеуметтік нысандар, мектептер құлады, жолдар мен көпірлер бұзылды. Айта кетейік, соңғы жылдарда көктемдегі су тасқыны көбейіп, ел соның зардабын тартып отырған жағдайлар көбейді. Ал, 2008 жылы Сарыағашта орын алған тасқын солардың алғашқысы болатын. Әлі елді мұндай апатты жағдайлардың зардабын жою тәжірибесі жоқтың қасы еді. Күні бүгінгідей есімде. Ақпанның 19-нан 20-сына өтер түні «Сарыағаш» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы К.О.Балықбаев телефон соғып, таңғы 5-те аудан әкімшілігінің алдына келуім қажет екендігін айтты. Себебін түсіндірген жоқ. Айтылған уақытта келіп жеттім. Әлі таң ата қоймаған. Қар ұшқындап тұрды. Әкімдік ғимаратының алдында «Курорт-Барс-2020» ЖШС директоры Молдәлі Қолдасов, аудандық мәслихат депутаты, «БТА» банк бөлімшесінің басшысы Төребай Усманов мәшинелерімен тосып тұр екен. Ақтөбе ауылдық округін бетке алып жүріп кеттік. Молдәлі ағай: «Қызыләскерді» су басып қалыпты» деді. Бар айтқаны осы ғана. «Қызыләскер» ауылы Ақтөбе ауылдық округінің орталығы. Ауылдан өтіп, Сарыағаш-Мақтарал тас жолының «Ғани Мұратбаев» елді мекені орналасқан тұсына келдік. Күре жолдың 100 метрдей жерін су шайып кетіпті. «Ақылбексай» жақтан құлаған қарғын су тас жолыңызды бұйым көрмепті. Көз алдымызда көлемі бір Сырдария арнасынан кем емес қарғын суы ерен қарқынмен ауылдарға қарай ағып жатты. Ал ауылдарда күйген кірпіштен салынған үйлер саусақпен санарлық. Басым көпшілігі қам кірпіштен не саманнан тұрғызылған үйлер. Мына судың қарқынын қарап тұрып-ақ, зардабының көлемін бағамдау қиын емес еді. Жағалауда сәл тұрып, Ақтөбе ауылдық округі әкімдігі ғимаратына беттедік. Ол жерде сол түннің өзінде су тасқынының зардабын жою бойынша облыстық штаб құрылыпты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішевті, Сарыағаш ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековты, аудан әкімінің орынбасары Нәзира Тәшімбетованы сол жерде көрдік. Ауыл тұрғындары тұтас дерлік жиналған. Жылап-сықтаған, ащы айқайға басқан әйелдер. Ғимарат баспалдағында Ислам Әлмаханұлы сөз сөйлеп тұр. Тұрған үйінен, мал-мүлкінен айырылған ауыл тұрғындарына басу айту, жұбату, сұрақтарына жауап беру дегеніңіз сол кезде оңай емес еді. Бірақ, Исекеңнің шешен тілмен айтқан сөздері, дауыс ырғағындағы нық сенім ашулы ауыл тұрғындарын бас изеуге мәжбүр етті. Қазақтың «Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» деген сөзінің мәнісін сол кезде тереңдеу түсінгендей болдым. Басшы азаматтар резеңке етікпен аула-ауланы аралап кетті. Әр қадамда бір маңызды мәселе шешіліп жатты. Ал, мәселе дегеніңіз шаш-етектен. Үй-күйсіз қалғандарды уақытша үймен, ыстық тамақ, жылы киіммен қамтамасыз ету керек. Су тасқынының зардабын түгел есептеп шығып, оларды қалпына келтіру жұмысын кешіктірмей бастау керек. Гуманитарлық көмекті шұғыл ұйымдастыру керек. Керек, керек, керек ... Қалыпты жағдайда құрылыс жұмыстарын бастау үшін құжат жинақтаудың өзіне қанша уақыт кететінін мамандар біледі.- Исеке, ыстық тамақ үшін етті қайдан аламыз?- деп келген Әлім деген азаматқа.
- Үйлерінде бордақылап отырған малдары барлардан малын бағасына келісіп сатып алыңдар да, тездетіп сойып, тамақ пісіріп беріңдер. Ақысын арнаулы қордан алатын боласыңдар, - деді Исекең.
- Үйлердің құрылысын бастау үшін тендер нәижелерін күтеміз бе? – деп сұрайды бір топ кәсіпкер.
- Тендерді күтпей, тездетіп салынатын үй, нысандардың іргетасын қалай беріңдер. Әрбір сағат санаулы. Күзді күтпей тұрғындарды үймен, оқушыларды мектеппен, науқастарды ауруханамен қамтамасыз етуіміз керек,- дейді Исекең.