«Ақ жол» партиясынан аламанға 79 адам түспек

Алматыда «Ақ жол» партиясының кезектен тыс 10-шы съезі болды. Съезд жұмысы басталмас бұрын партия жетекшілері Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Съезге республиканың бар­лық аймағынан өкілдер мен қонақ­тар қатысты. Съезд барысында «Ақ жол» партиясынан Парламент Мәжілісі депу­таттығына үміткерлер тізімі мен партияның сайлауалды бағ­дарламасы бекітілді. 2012 жылдың 15-ші қаңтарында өтетін кезектен тыс парламент сайлауына Партия тізіміне 79 адам еніп отыр. Олардың қатарында партия жетекшісі Азат Перуашев, оның орынбасарлары Людмила Жуланова, Бөріхан Нұрмұхамедов, Ерлан Барлыбаев, экс-депутат Амангелді Айталы, ақындар Қазыбек Иса, Исрайл Сапарбай, Серік Тұрғынбекұлы, Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Смағұл Елубай, әнші Кенжеғали Мыржықбаев, экс-сенатор Сабыр Қасымов, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев сынды бірқатар белгілі де беделді тұлғалар бар.

Әсел РЗА