ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ШАНШАРЛЫҚ УӘЛИБЕК ТҮСПЕКШІ..
2019 ж. 22 сәуір
10156
7
Сақтаныңыздар, саясаткерлер!
Әзіл-шыны аралас...
Украинадағы Президент сайлауында жеңіл салмақты сайқымазақ шоумен Зеленскийдің ауыр салмақты, сақа саясаткер Украина Президенті Порошенконы жеңіп, жеңіске жетуі әлемді дүр сілкіндірді. Осыған байланысты Қазақстандағы жеңіл күлкілі сатира сарбаздарының салмағы артып шыға келді... Бізде де Президент сайлауына үміткерлер ұсыну басталғандықтан, бір демократиялық партиямыз шұғыл түрде "Шаншар" театрының әйгілі әртісі Уәлибек Әбдірайымовқа "құда" түсті... Уекең де көп бәлсінген жоқ, бірден келісім беріп, партия мүшелігіне өтіп алды. Тек бір ғана қойған шартты талабы, сайлау штабының бастығына өзінің өмірсерігі.. ой, кешірерсіздер, ойын серігі , әртіс Жүсіп Ақшораевты ұсынды. Партия басшылығы қинала - қинала оған да келісті. Біз партия басшылығынан неге таңдаудың тек Уәлибекке түскенін сұрадық. Олардың жауабы былай болды: -Біз негізі, "жығылсаң, нардан жығыл"-деп, алдымен Қазақстан Жазушылар одағы Сатира қауымдастығының төрағасы Көпен Әмірбекке өтініш жасағанбыз. Ол кісі Президенттікке үміткерліктен де басқа маңызды шаруалары бар екенін айтып, бірден бас тартты. (Қызық осы кісі, Президенттікке үміткерліктен асқан басқа қандай маңызды шаруалар болуы мүмкін...) Әрине, Қазақстанда сайқымазақтарымыз құдайға шүкір, мол екені белгілі. Тіпті, қазір телеарналардың экранына қарасаң, олар еліміздің бәрін сайқымазаққа айналдырып жіберу үшін жарыса жанталасуда... Бізге шоумен Зеленскийдің Президент сайлауында жеңіске жеткені қатты әсер етті. Сондықтан соған ұқсас адам іздедік. Мысалы, Уәлибектің өзгелерден өзгешелігі, біріншіден, ол да Зеленский секілді киноға түскен. Рас, ол секілді президенттің рөлін ойнамаса да, ауыл әкімінің рөлін өте нанымды ойнады... Екіншіден, ол өзге шоумендерге қарағанда салмақты. Өзі де, денесі де салмақты, сатирасы да салмақты, тіпті саяси салмақты... Үшіншіден, Президенттікке үміткерлер Мемлекеттік тілді терең білетіндігін дәлелдеп, сынақ тапсырады. Биылғы сайлауда бұл емтиxаннан баяғыдай қазақша нан сұрап жей алмайтын Ғани Қасымовтар өтіп кете алмайды... Өйткені, емтиxан қабылдаушылардың қатарында Мырзатай Жолдасбеков ақсақал жоқ... Ал Уәлибектің мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол емтиxан алушылардың өзіне әжептәуір әңгіме айтуы да мүмкін... Ал басқа сатириктердің көбісі қазақ тілінен ондай сауатты емес. Олар тек саусағын көрсеткенді ғана біледі, біздің тобырлар соған мәз боп күледі... Төртіншіден, ол өзіне өте сенімді. Себебі, біз Уәлибекке: " «Бастық боламын» деген телесериалда ауыл әкімі болсаң да, өмірде президент болып кетуің ғажап емес!"-деп едік, "Әрине, енді қалай деп едіңіз, менің оған толық көзім жетіп тұр"-деп сенімді жауап берді... Біз де қуанып кетіп: "Әрине, сізге қиын емес, Уәлибек мырза! Өйткені Шымкенттегі білдей бір Сатира театрын басқарып отырсыз... Ал Қазақстандағы сайлауды да осы сатира театрының мемлекеттік деңгейдегі үлкен бір көшірмесі деуге әбден болады… Есіңізде шығар, парламент депутаты болған сатирик әртіс, марқұм Құдайберген Сұлтанбаевтың Елбасымызға: "Парламенттегі депутаттардың бәрі әртіс екен, ішінде кәсіпқойы тек мен ғанамын" дегені..."-дедік. Уәлибек мырза біздің бұл салыстыруымызға риза болып, рахаттанып күліп алды да, шұғыл құжаттарын дайындауға кірісіп кетті... -Жақсы, бұл ойларыңыз дұрыс екен. Бірақ, президент... ой, кешіріңіз, президенттікке үміткер Уәлибек мырза мейлі, мемлекеттік тілге мықты екен, ал орыс тіліне қалай екеніне назар аудардыңыздар ма? - Кешіріңіз, мен сізді түсінбедім, ол Ресей Президенттігіге емес... Қазақстан Президенттігіне сайлауға түспекші ғой... Оған Ресей тілінің - өзге шет мемлекеттің тілінің не қажеті бар? -Иә, расында солай екен-ау! Біздікі баяғы құлдық сана ғой.... Сонымен, биылғы Президент сайлауындағы үміткерлер үшін ең қауіпті қарсылас - сатирик-шоумен Уәлибек Әбдірайымов болғалы тұр... Сақтаныңыздар, саясаткерлер! Тегін театр көргілеріңіз келсе, Президент сайлауына жаппай қатысыңыздар, xалайық! Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz