Зейнолла Абажан: Құлдық санадан қашан құтыламыз?!.
2019 ж. 03 сәуір
6076
8
«...Жаман таққа мінген соң, ешбір соғыссыз, бес хандықтың қонысын біріктіріп, ел арасында достық орнатыпты. Әр ханның адамдары өз елінен әділдік таппаса, бұған келіп, қосыла беріпті. Сол уақыттан бастап әділдігі үшін бес ханның елі Жаманға «Аяз би» деп ат қойып, сол аты өле-өлгенше қалды дейді. Аяз би әділ болды. Тура билік етті, нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының мандайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тоны мен тымағына қарап: «Әй, Аяз би, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» – деп, көңілін басушы еді дейді...»
Байқап отырғандарыңыздай, бұл өзіміздің ұлтымыздың ежелден келе жатқан «Аяз би» атты ертегісінен үзінді. Оны бәріміз де бала кезімізден жата-жастана оқып, көңілге тоқып өскенбіз. Ертегі, аңыз дегенімізбен оның астарында айдай анық ақиқаттың жатқаны жасырын емес. Тек соны көре білу керек. Оны көру үшін көз ғана емес, ашық көңіл, ояу көкірек пен таза ниет қажет. Өкінішке орай дәп осы жағы бізде жетісе бермейді. Әкім болсын, министр болсын, жоғары лауазымға ие болғандар «Өзі болған қыз төркінін танымайды» демекші қарапайым халықты көзіне ілмейтін күйге жетеді. «Ұлық болсаң – кішік бол» - деген ата-бабаларымыздың асыл сөзі адыра қалды...
Қарапайым ғана мысалдан бастайық. Сізге аудан әкіміне әлеуметтік-тұрмыстық мәселелермен кіру керек болды делік. Әкімнің өзіне сіз бірден кіре алмайсыз, есікті күзетіп едіреңдегендер кеудеңізден кері итереді. Жолыңыз бола қалса оның орынбасарына барасыз. Бірақ, қазіргі орынбасарлар мандытып ештеңе шешпейді. Сөйтіп бір жұма әкімнің қабылдайтын күнін күтесіз. Зал толы адамдарды бірден қабылдайтын әкім айтылған тілектерді қасындағы орынбасарларына тапсырады. Олар өз кезегінде бөлім басшыларына жүктейді. Бөлім басшылары қарамағындағы мамандарға сілтейді. Анайылау болса да айта кетелік, қазақта мұндайды «Ит – итті жұмсайды, ит – құйрығын жұмсайды» дейді. Мамандардың мимырт қимылы өз алдына, жаңағы айтылған мәселенің ақырында жартысын да орындамайды. Сөйтіп тұрғындардың талап-тілегі аяқасты қалып, наразылықтары көбейе түседі.
Қала мен облыс әкіміне кіру мүлдем мүмкін емес, ол үшін 1-2 ай бұрын жазылу қажет, соның өзінде кіру-кірмеуіңіз екіталай. Есік көзінде тұрғандар мен хатшылары «Әкімнің қабылдауға уақыты жоқ» деп шығарып салады. Адамдарды дер кезінде қабылдамаса ол не үшін әкім болып отыр? Уақыты тапшы болатындай ол қандай мемлекеттік маңызды шараларды іске асырып жатыр? Ешқандай! Басқа шұғыл жұмысы болуы да мүмкін емес қой. Ең бастысы – қарапайым адамның мұң-мұқтажын тыңдап, көмектесе қойсам деген ниет жоқ оларда. Әкімдіктің табалдырығын аттау үшін алдымен қойын-қонышыңызды ақтарып тексереді. Телефоныңызды кіре беріске тастап кету керек. Сонда әкімдер өз халқынан өздері қорыққаны ма? Бұл ережені кім ойлап тапты? Олар басқа әлемде тұрып жатқанын, қарапайым адамдарды менсінбейтінін осыдан-ақ көруге болады. Бір қызығы жол, суға қатысты, немесе басқа тұрмыстық түйінді тарқатуды сұрап барғандарға айтатын жауап біреу ғана – «Бюджетте ақша жоқ». Ал, ресми деректерге қарасақ жыл сайын миллиардтаған қаржы игерілмей жатады. Мынандай қимылмен олар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды түзетуге бағытталған қаржыны қалай ғана игерсін? Сөйтіп шешілмеген мәселелер қордаланып, жылына бір-ақ рет өтетін әкімнің есеп беру жиналысында соны жеткіземін деген тұрғындардың жанайқайына ұласады.
Қазір қаланы күнде аралап жүретін, орын алып жатқан жағдайды жандайшаптарының жеткізуімен емес, өз көзімен көретін бірде-бір әкімді атай алмаймыз.Кеңседен шықса креслосын біреу ұрлап кететіндей әкімдіктің сыртына сирек аттап басады. Бар бітіретіндері – ешқандай нәтиже бермейтін жиналыс өткізу ғана. Қазақша айтқанда – «Күлтөбенің басында күнде жиын». Шыға қалса да облыс, қала әкімдері алды-артына полицияның көліктерін салып алып жүреді. Бұл не деген астамшылық, олар шетелдік делегация емес қой. Қала, облыс әкімдері де өз ұлтының ортасынан шыққан адамдар емес пе? Олай болса өз халқынан неге қорқады, неге полицейлерді ертіп жүреді? Әкімнің соңынан жүргенше сол полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалап, қылмыскерлермен күреспей ме? Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. «Мені көрдіңдер ме, біліп қойыңдар!» дегенді аңғартпай ма? Содан барып қарапайым халық арасында «Мынау шынымен де мықты екен!» деген пікір пайда бола бастайды, жаңағы дөкейдің алдына баруға батылы жетпейтін бейшара күйге түседі. Нәтижесінде, халық пен биліктің арасы алшақтайды, орталарында әлеуметтік теңсіздік орнайды. Ал, шын мәнінде, заң бойынша сол әкімдер мен министрлер кімдер? Олар – тура мағынасындағы халықтың қызметшілері болуға тиісті. Ия, дәп солай! Бізде бәрі керісінше, бір кішкене лауазымға ие бола қалса кеудесіне нан пісіп, халықты қара тобыр санап, өзін олардан биік санау басталады. Ондай басшылардың ойынша қара халық олардың алдында құрдай жорғалап, табынып тұруы керек. Қарапайым адамды балағаттап, тіпті қол жұмсауға дейін баратындар да табылады. Бұл туралы «Қазақ үні» газетінде («Абайлаңыз, әкім келе жатыр!..» 30 Наурыз, 2018 ж.) жазған болатынбыз. Яғни, әкім халыққа емес, халық әкімге қызмет етуі қажет. Міне, біздегі басшылардың психологиясы мен түсінігі осындай. Лауазымдары жоғарылаған сайын биліктегілердің осы бағыттағы «маңызы» арта түседі. Жоғары қызмет бастарын айналдырып, төменде ел-жұрттың бар екенін, бұл жерде солардың арқасында отырғанын мүлдем ұмытады. Қызметтік креслоға отырғызған, қолтығынан демейтін көкелері тұрғанда қарапайым халық оларға бір қора қой сияқты. Осыдан барып халықтың белсенділігі төмендеп құлдық сана қалыптаса бастайды.
Құлдық сана демекші, біз онсыз да ғасырлар бойы орыс империясының илеуінде, қызыл кеңестік билеуінде болып келдік. Бәлкім, жоғарыға жалтақтау мен жағымпаздық психология сияқты жағымсыз мінез сол кезден бастау алған шығар. Ата-бабаларымыздың жаудан қайтпас өр, қайсар мінезі
мен ешкімге бас имейтін биік рухын жоғалтып алуымыздың басты себебі де осында жатқан болар.
Бүгінгі күн мүлдем басқа, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді алып, егемен ел атандық.Оған да 30 жылдай уақыт болып қалды. Жаһанға демократиялық қоғам құрып жатырмыз деп жар салғалы да ширек ғасырдан асты. Ал демократиялық жүйенің басты ұстанымы – қоғамды халықтың өзі басқаруы емес пе? Атазаңымыз бойынша да мемлекеттік билік пен барлық байлықтың иесі халық болып табылады. Оның әрбір мүшесінің мұң-мұқтажы ескеріліп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын барынша жақсарту болып табылатыны белгілі. Біздегі орын алған күнделікті тәжірибеге қарасақ бәрі керісінше. Билік басындағылар мемлекет мүлкін, бюджет қаржысын әкелерінен аманатқа алып қалғандай, өздерін қасиетті қазақ жерінің бүтін болмаса да жарты Құдайындай сезініп жүр. Қара халықты құл есебінде ұстағысы келеді, одан кейін қайтып құлдық сана қалыптаспайды. Біз неге сол құрып кеткір құлдық санадан құтыла алмай келеміз? Бұл үлкен сұрақ, және оның тойымсыздық, жемқорлық, жағымпаздық, өзгелерді қанап үстемдік етсем деген секілді пиғылдағы себептері толып жатыр. Өкінішке орай осы жағымсыз қылықтармен ондаған жылдар бойы күресіп келе жатсақ та нақты нәтиже жоқ. Оған лауазымдылардың жемқорлыққа байланысты топ-тобымен ұсталып жатқаны нақты дәлел.
Қарапайым халықты былай қойғанда, көпшілік соларға қарап сап түзейтін, осылар жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтейді деп сенім артқан түрлі деңгейдегі әкімдер, әр саланы басқарып отырған министрлер сияқты билік басындағылардың өздері құлдық сананың салпаңқұлағына айналғаны көрініп тұрады. Өз беттерінше белсенді жұмыс істеуді, жаңаша қимылдап жұрттың қамын қарастыруды білмейді. Бәрі де мемлекет басшысының аузына қарап қалған, жалтақтап тұрады. Сондықтан да Елбасы ордалы отырыста оларды бүкіл халық алдында «Сендер қорқақсыңдар!» деп беттеріне басқан болатын. Өте дұрыс айтылды. Сабаққа дайындықсыз келген мектеп оқушысындай үнемі бастарын төмен салып, қашан көрсең де сүмірейіп тұрғандарға басқа не айтуға болады. Осы отыз жылға жуық уақытта мемлекет басшысы тарапынан өзіне сын айтылғанда бір ғана министр «Олай болса мен отставкаға кетемін» деген батыл сөз айтқан екен. Ол – Ерболат Досаев. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша, Сіздің айтқаныңыздай, Сіздің...» - деуден танбайтын, өзіндік ойы жоқ қалтырауық басшылардан не күтуге болады? Мемлекет басшысы соның бәрін шайнап аузына салып беруі керек пе? Шайнап бергенді де жұта алмайды керек десеңіз. Сонда президент айтпаса олар өз беттерінше ештеңе істемеуі керек пе? Он жерден роботқа айналып кетсе де тапсырманы орындауға болады ғой. Ол да жоқ қой. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар орындалмай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бөлінген қыруар қаржы жыл сайын игерілмей қалып жатыр. Президенттің портретін кеңсесінің төріне іліп қойып, түк бітірмей қарап отыра беретін басшылардан не пайда? Тіпті жансыз болса да ел басшысының ілулі тұрған бейнесінен ұялмайды да. Егер сол әрбір портретке жан бітіп, «Әй, сен не бітіріп отырсың?!» деп тұрса бәлкім олар күнделікті дұрыс жұмыс істер ме
еді. Жалпы портрет іліп қою, орыстардан қалған үрдіс. Баяғыда Ленин, Сталин, Брежнев сияқты көсемдердің жеке басына табынудан қалған демократиялық қоғамға жат, ескі әдет. «Жеке басқа табыну — саяси немесе діни билік иерархиясындағы жоғары мәртебелі адамды асыра дәріптеу, оның атқаратын рөлі мен міндетті қызметін шектен тыс жоғары бағалау. Саяси кайраткерге тәнірдей табынып, шектен тыс ұлықтау...» - деп анықтама берілген екен уикипедияның ашық энциклопедиясында. Бұл құбылыс орыстарда бағзы заманнан бар, бізге де солардан жеткен. Иисус Христостың бейнесін іліп қойып, соған шоқынып, табынатын діни ұғымнан басталғаны белгілі. Ал, біз мұсылман еліміз, соны ұмытпауымыз керек. Сондықтан мелекет басшысының суретін көрінген жерге ілуді тоқтатқанымыз жөн.
«Бұның бәрі белгілі жай, оны несіне езіп отырсың, данышпан болсаң содан құтылудың жолын сілтемейсің бе» - дейтін болар біздің оқырмандар. Бұл жерде данышпан болудың да қажеті жоқ, ол жағын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Соның бірнешеуін ғана атап өтейік. Алдымен демократиялық қоғам құрамыз деп жариялаған соң соның заңдылықтары мен құндылықтарын қатаң сақтауымыз қажет. Мәжіліс депутаттарын мәслихат, мәслихат депутаттарын әкімдер, әкімдер мен сот төрағаларын президент тағайындайтындай емес, оларды халық өзі сайласын. Сол кезде әкімдер мен депутаттар өзін ұсынған сайлаушыларына есеп беріп, бағынышты болады.
Екіншіден және ең бастысы, Отанын сүйетіндей, туған жері үшін қасық қаны қалғанша күресетін ұрпақты тәрбиелейтін идеология қалыптастыру қажет. Қазір біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алдық, өте дұрыс. Қарапайым халық еркін, рухы биік болуға тиісті. Барлық байлықты ат төбеліндей байлар иеленіп, кедей-кепшіктің күнін кешкен, рухы тапталған адамдар ешқашан қолына қару алмайды, Отанын қорғамайды. «Бар байлықтың қызығын көріп жатқан екенсіңдер өздерің айқасыңдар жаумен» - деуге құқылы олар. Ал, миллиардерлер ел басына күн туса байлығын арқалап шетелге қашатыны анық. Бұндай жағдайлар тарихта талай рет болған. Үшіншіден, Атазаңымызда жазылғандай сөз бостандығы болғаны жөн. Сын айтқандардың соңына құқық қорғаушыларды салып қою да жақсылыққа жеткізбейді. Қорқытып-үркіту керісінше көпшілікті құлдық санаға итермелейді. Ондай халық соғыс емес, бейбіт еңбекте де ерлік көрсете алмайды. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сын айтушылар біреуді мұқату үшін емес, көзге ұрып тұрған кемшіліктерді түзейік деген ниетін білдіреді. Сын естіген басшының ішегі үзіліп кетпейді. Керісінше соны назарға алып түзете білу – көрегендіктің, біліктіліктің белгісі. Өзіміз бастаған рухани жаңғыру тек қана тарихты термелеп, өткенімізбен мақтанудан ғана тұрмайды. Оның бәрі біздің ата-бабаларымыздың еңбегі, содан сабақ алып, үйренуіміз қажет. Бүгінгі тарихты біз өзіміз қалай жазып жатырмыз, кейінгілерге қандай қасиет, қандай өсиет, қандай мұра қалдырмақпыз? Ұлы даланың ертеңгі иесі болар ұрпақтарымыздың болашағы үшін бәріміз де жауапты екенімізді ешқашан естен шығармасақ екен...
Зейнолла АБАЖАН, qazaquni.kz