Ауыл тұрғыны су тасқыны туралы: "Біреу қайтса, біз зиратқа да бара алмаймыз"
2019 ж. 02 сәуір
2322
0
Көктем келісімен, тасыған су жолындағысының бәрін жайпап, жұртты әбігерге салады. Биыл да әлеуметтік желіде үйлерін су басып, бүкіл дүние-мүлкі жарамсыз болып қалғандардың видеосы жариялануда. Көңілі күпті тұрғындар күн жылынса, көретініміз осы деп отыр. Ал Кенесары ауылының халқы адам өлсе, оны жерлей алмай қаламыз ба деп алаңдайды.
Өңірлердегі су апатының зардабын тартқан жұрттың жағдайы жайлы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды.
Төнер қауіп жоқ деп жан-жақтан хабарланып жатса да, халықты көшірер орындар әзірленіп жатыр. Облыс әкімі қауіпті деген аумақтарды аралумен жүр.
«Жылда су алып кететін ауылдарды біз қазір қорғап сақтап отырмыз. Бірде бір үйге, ауласына да су кірген жоқ. Оны кіргізбейміз де. Бұл жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ табиғаттың тылсым күші ғой бұл. Әрі қарай жағдайды көреміз», - дейді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Павлодар облысында Сілеті су қоймасынан жіберілген су көлемі артқан. Соның салдарынан Шолақсор ауылына апаратын жол шайылыпты. Алайда тереңдігі 20 см судан қозғалыс қиындаған жоқ дейді төтеншеліктер. Аумақта кезекшілік қойылыпты.
Шығыстағы Бесқарағай ауданында жақында екі үйді, 13 ауланы су басып қалған. Оларды еріген қар емес, жерасты суы басты деп отыр. Биыл қауіпті аймақтағы баспаналарды көшіру жоспарланыпты.
«Үй, соларды көшіретін боламыз. Жергілікті бюджеттен ақша бөліп, сол үйлерді биыл көшіруге үміттіміз. Ол жердің астындағы су ғой. Өзен суы көтерілсе, жердің астындағы су да көтеріледі ғой», - дейді ШҚО жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысыЕлдос Шикенов.
Ақмола облысындағы кенесарылықтардың көңілі күпті. Екі жыл бұрын дәл осылай, дамбаны су шайып еді. Одан кейін амалдап, Қылшақты үстінен қолдан қоршау жасап амалдаған. Бір қыс шыдап, осы көктемде сыр берді. Енді ауылдықтар жайылымға малын шығара алмай қалған.
«Әлі қардың 80 пайызы бар. Мынау бүйте берсе, ауылдарды бір-ақ алады ғой. Ауылды алмаса да мына жолды, бәрін талқандап жатыр ғой. Шара қолданып берсе бізге. Малмен жан сақтаған елміз, шөп-суымыз аз ғана», - дейді ауыл тұрғыны Жамақай Қылышбайұлы.
Жайылымнан бөлек өткел ауылды зиратпен байланыстырып тұрған екен. Әзірге оны қалыпқа келтіру мүмкін емес, дейді жергілікті әкімдіктегілер. Су шаруашылығы мекемесі дамбаны орнату бойынша жобалау жұмыстарын енді ғана жүргізіп жатыр.
«Жолдың ар жағында, өзеннің ар жағында біздің бейітіміз бар, зиратымыз. Алла сақтасын, біреу қайтса, біз зиратқа да бара алмаймыз», - дейді Кенесары ауылының тұрғыныҚозыбек Назаров.
Өңірлердегі жағдай тұрақты. Ішкі істер министрі орынбасарының бағасы бұл. Баспасөз мәслихатына келген Юрий Ильин техника жетіспеген күннің өзінде бұған дейінгі жылдардағыдай шығын болмайды деген пайымда.
«Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар комитетіне қарасты бөлімшелер тек 50 пайызға техникамен қамтылған. Биыл біз бұл мақсатқа қаржы қарастырып отырмыз. Байқау өткізіп, қосымша құрылғыларды сатып алуымыз керек. Арнайы 3 жылдық бағдарламамыз бар», - дейді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.
Қауіп төнген жағдайда тұрғындарды смс-хабарлама немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құлағдар етеміз дейді вице-министр. Ведомство тасқын қаупі жоғары мезгілде күнделікті баспасөз мәслихатын өткізіп тұруға уәде берді.