Петропавлға Абылай xанның, Павлодарға Кенесарының, Семейге Әлиxанның атын беру керек
2019 ж. 25 наурыз
9478
5
Елордада Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев төрағалық еткен алқалы жиын астанамыздың аты Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне орай ұйымдастырылды. Жиынға барлық саяси партия басшылары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қатысты.
"Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Исаның
Демократиялық күштердің "Қазақстан -2050" жалпыұлттық коалициясы отырысында сөйлеген сөзі
Армысыздар, ағайындар! Бәріңізді алдымен Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Біріншіден,Биылғы Наурыз -Жаңа жыл еліміз үшін ерекше зор тарихи жаңалықпен басталды! Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Президенттік өкілеттігін кенеттен тоқтатты!.. 2019 жылғы 19 наурыздың 19-00 сағаты қазақстандықтардың мәңгі есінде қалатын болды! Тәуелсіз Елімізді 28 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент ретіндегі соңғы сөзін 28 минут бойы бүкіл еліміз тырс етпей тыңдады. Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер! Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері!»-деді Елбасы Президент ретіндегі ең соңғы Жарлығына қол қойып жатып… Қазақстанның Тұңғыш Президенті -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала береді. Назарбаев Қазақстан Президенті міндетін Конституцияға сәйкес ҚР Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын мәлімдеді.
Қазақстанда Жаңа дәуір осылай басталды! 2019 жылғы 20 наурыздан бастап, Қазақстан 30 жылдан бері Президент Назарбаевсыз оянатын болды…. Иә, президенттік өкілеттігінің бітуіне әлі екі жылдай уақыт болса да, тіпті, Конституциямыз бойынша өмір бойы шектеусіз президент сайлауына түсе беруге хақысы бар болса да, Нұрсұлтан Назарбаев осындай қадамға барды. Елімізде биліктің президенттен сенат төрағасына өту процесі тұңғыш рет болып отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тізгінін Кеңес Одағы құрамындағы кезінде, 1989 жылы ұстағанын ескерсек, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі отыз жылдай кезеңі Назарбаев дәуірі болып қалады.
Екіншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Астанамызды салу идеясының авторы және бас сәулеткері ретінде елордамызды өзі салдырғаны елге белгілі. Егер астанамыз Арқаға ауыспағанда, бүгін біз бұл жерде келелі кеңес өткізіп отырмас едік. Целиноград қаласы тұрғындары түгел шетелдің мемлекеттік тілінде сөйлейтін, табиғи ауа-райы да, саяси ауа-райы да суық Қазақстанның бір қаласы ретінде қала берер еді. Нұрсұлтан Әбішұлы астананың ауысуына жаппай өре түрегеліп, қаншама қарсы болғандарға, тіпті серіктестерінің сенімсіздік білдіргендеріне де селт етпей, ел ордасын Арқаға ауыстырды. Солтүстіктің суық қаласының суық саяси ауа-райын Тәуелсіз Қазақ Елінің астанасы ретінде елдің жылытып жібергеніне куә болдық. Иә, сол ең бір экономикалық, әлеуметтік қиын кезеңде Жер жәннаты - Жетісудан, абат қала Алматыдан ақ бораны адам ұшыратын, сары аязы сақылдаған Сары Арқаның төріне астана ауыстыру саяси да, табиғи да қиын кезеңде жасалған ерік-жігердің арқасы екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар...
Үшіншіден, осыдан үш күн бұрын елордаға елбасының атын бердіңіздер, бірақ Назарбаевқа дейін де тарихымыз бар ғой. Ендеше, енді тариxи сабақтастық ретінде Петропавл қаласына кезінде өзінің ордасы тұрған, үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы xаны Абылай xанның атын, Павлодар қаласына қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың соңғы xаны Кенесарының атын, кезінде Алаш қаласы атанған Семейге қазақ тариxында ғана емес, Орта Азияда тұңғыш саяси партия құрған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлиxан Бөкейxанның атын беріп, жалғастырып алып кетуіміз керек. Кеше ғана Қазақ xандығының 550 жылдығын тойлауды Елбасының өзі бастағанын білесіздер. Ендеше, ұлы тұлғаларымыздың атын жаттың атын иеленіп келе жатқан Петропавл мен Павлодарға және Семей қалаларына беріп жатсақ, тариxи тамырымыздың тереңдігін, саясатымыздың кемелдігін көресетер іс болады деп білемін. Мәслихаттарымыз да, Парламентіміз де қала атын ауыстырудың ғарыштық жылдамдығын көрсетіп отыр, ендеше 28 жылдан бері неге созып келгенбіз бұл қалалардың атын ауыстыруды?..
Тек кеше "Қазақ үні" ұлттық порталы дабыл қағып, жазғандай, шаш ал десе, бас алған әкімдердің "социалистік жарысы" арқасында ұлы тұлғаларымыз Абайдың, Әбілқайыр ханның, Төле бидің, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың аттарын, тіпті Тәуелсіздік атауын ауыстырып жіберіп жатқанын қалай түсінуге болады? Батыр бабаларымыздың қанымен келген, бағасы да, баламасы да жоқ Тәу етер Тәуелсіздігіміз болмаса, Ел бола ма, елбасы бола ма?
Біз, Парламент Мәжілісі депутаты Азат Перуашев басқарып отырған "Ақ жол" демократиялық партиясы, Әз Наурыз мерекесі - Жаңа жылымызбен келген жаңаруымыз - Жаңа дәуіріміз -Жақсылық дәуірі болғай деп, елімізге ырыс-құт, бірлік пен тыныштық тілеп, Алла алдымыздан Ақ жол аша берсін дейміз!
Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары
25 наурыз, 2019 жыл.
Qazaquni.kz