Қазыбек Иса. ЕЛБАСЫ ӨЗ ЕРКІМЕН ӨКІЛЕТТІГІН ТОҚТАТТЫ
2019 ж. 19 наурыз
4987
2
"Тәуелсіз Қазақстанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер!"-деді Президент ең соңғы Жарлығына қол қойып жатып…
Биылғы Наурыз -Жаңа жыл еліміз үшін ерекше зор тарихи жаңалықпен басталды! Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Президенттік өкілеттігін кенеттен тоқтатты!..
Бүгінгі күн, 2019 жылғы 19 наурыздың 19-00 сағаты қазақстандықтардың мәңгі есінде қалатын болды! Тәуелсіз Елімізді 28 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент ретіндегі соңғы сөзін 28 минут бойы бүкіл еліміз тырп етпей тыңдады. "Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер.Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын.Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор.Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес.Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады.Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді. Мен бүгінгі сөзімді сіздердің әрқайсыңызға арнаймын. "-деді Президент Үндеуінде. "Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін!"-деді мемлекет басшысы. Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер! Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері!»-деді Елбасы Президент ретіндегі ең соңғы Жарлығына қол қойып жатып…
Қазақстанның Тұңғыш Президенті -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала береді. Назарбаев Президент міндетін Конституцияға сәйкес ҚР Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын мәлімдеді.
Қазақстанда Жаңа дәуір басталды! Ертең, 2019 жылғы 20 наурыздан бастап, Қазақстан 30 жылдан бері Президент Назарбаевсыз оянатын болады....
Иә, Тәуелсіз Қазақ Елінің тұңғыш поезиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың аяқ астынан өз өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтатуы ел талайдан күтіп жүрсе де, аяқ астынан болғасын, айрықша тосын жаңалық болды. Алматыдан кезінде ел басқарған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Қасқабай Асанов көкеміз өзі xабарласты: -Кезінде ғылым докторы Жаxанша көкең екеуміз осы жаңа президентті қашан көріп кетеміз деп жүретін едік. Сөйтсек, біздікі пенделік екен. Ел аман, жұрт тынышта ел басқаруға жаңа толқын келуі керек деп, өз өкілеттігін тоқтатуға шешім қабылдағаны зор ерік-жігерді талап етеді!-деді еңбек арлагері.
Иә, президенттік өкілеттігінің бітуіне әлі екі жылдай уақыт болса да, тіпті, біздің Конституциямыз бойынша өмір бойы президент болуға хақысы бар болса да, Нұрсұлтан Назарбаев осындай зор ерік-жігер көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тізгінін Кеңес Одағы құрамындағы кезінде, 1989 жылы ұстағанын ескерсек, елімізді отыз жыл бойы басқарды. Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі отыз жылдай кезеңі - Назарбаев дәуірі болып қалады. Ал енді "Әлем өзгеріп, жаңа буын келе жатыр,"-деген Нұрсұлтан Назарбаев: "Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады."-деп мәлімдеді. Тәуелсіздік Бәйтерегі тамырын тереңге тартып, жапырағы жайқалып, биіктей береді деп білеміз!
Жаңа жылымыз - Әз Наурыз мерекесінен басталатын Жаңа дәуіріміз жақсылық дәуірі болып, Тәуелсіз Қазақстанды - Мәңгілік Елімізді сақтай береміз!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz