Елбасы Астанадағы бас мешіттің капсуласын қалады
2019 ж. 18 наурыз
3280
1
Астананың сол жағалауында жаңа мешіт салынады. Оның капсуласын қалауға Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Мешіттің негізгі ғимаратын салып жатырмыз, ол біздің аймағымыздағы ең үлкен мешіт болады. Мұсылман әлемінде бұл жай ғана діни ғимарат емес, ол қонақтар, туристер келетін елордамыз үшін әсемдік тұрғыда маңызды нысан саналады.
Біз бұған дейін салынған және қазір салынып жатқан мешіттерді зерттедік. Ең жақсы жобаларды таңдадық. Жобаны өзім қараймын, бұл нысанның құрылысын басынан аяғына дейін өзім бақылаймын. Кейін бәріміз жиналып, оны ашамыз", - деді Елбасы мешіттің іргетасына капсула қалау рәсімінде.
Мешіт EXPO-2017 аймағында, Қабанбай батыр мен Мәңгілік ел даңғылдарының ортасына салынады. Оның сыйымдылығы - 30 мың адам, бұл еліміздегі және Орта Азиядағы ең үлкен мешіт болады.
Жаңа мешіттің аумағы - 9,4 гектар. Ғимараттың жалпы аумағы 57 мың шаршы метр болмақ. Мешіт мұнарасының биіктігі 130 метр, ал негізгі күмбездің биіктігі 88,2 метр болады деп жоспарланып отыр. Ерлерге арналған ғибадат залына бір уақытта 15 мың адам сыйып кетеді, ал әйелдердің ғибадат залы 3 мың адамдық болады. Аулаға тағы 12 мың адам сыяды.
Қазір Қазақстанда Хазрет Сұлтан мешіті ең үлкен мешіт саналады. Ол Астананың оң жағалауында орналасқан, оның сыйымдылығы - 10 мың адам. Хазрет Сұлтанның бүкіл аумағы 11 гектардан асады. Ал ғимараттың аумағы - 17 700 шаршы метр.
Қазір құрылыс орны бос жатыр. Бұл жерден "Нұр Әлем" сферасы, артынан "Абу-Даби Плаза" құрылысы көрінеді.
Астананың басты жоспарында жаңа мешіттің орны мынадай: Мешітті түркиялық құрылыс компаниясы салады.