Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған «Халыққа көмек» жобасы өз жұмысын бастады
2019 ж. 18 наурыз
1925
1
Орталық коммуникациялар қызметінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Халыққа көмек» партиялық жобасын таныстырды, - деп хабарлайды ortcom.kz.
"Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы халықтың мүддесін қорғайтын және Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізетін басты институт болып табылады. «Халыққа көмек» жобасын жемісті жүзеге асыру үшін тек ірі қалалардағы ғана емес, барлық филиалдарымыздағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің әлеуетін толық пайдаланамыз. Өйткені біздің басты міндетіміз – халықтың мәселесін тиімді шешіп беру", – деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Айтуынша, жоба аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді жедел әрі тиімді шешу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланған жазбаларға талдау жасалып, алдын алу мониторингі жүргізіледі. Сондай-ақ көмекке мұқтаж азаматтар үшін партияға тікелей өз өтініштерін білдіруге мүмкіндік бар. Сол үшін қоғамдық қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасы бойынша жұмыс істейді.
Жаңа бастаманы партия мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асырмақ. Жоба негізінде партияның еліміздегі барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жаңғырып, олар Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде қызмет көрсетпек.
Азаматтардың өтініштерін жеке қабылдау, сайт, электронды пошта, Call Center сияқты дәстүрлі түрлерімен бірге халықпен байланыс әлеуметтік желілердегі парақшалар, WhatsApp мессенджері, тиімді кері байланыс құралы ретінде танылып үлгерген әкімдіктердің цифрлы қызметі (iKomek, Open Almaty және т.б.) және электронды Үкімет порталы арқылы да жүргізіледі.
«Халыққа көмек» жобасы арқылы қоғамдық қабылдау бөлмелері Елбасының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындау барысында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес қауымдастықтың қызметтерін үйлестіруші рөлді атқарады», - деді ол.
Сонымен қатар, өзекті мәселені оң шешу үшін қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметкерлерімен бірге мемлекеттік орган өкілдері, қажет жағдайда салалық мамандар (заңгер, психолог және т. б.) жұмылдырылады.