БАЛАЛАРҒА ҚИЯНАТ ЖАСАҒАНДАР ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНАДЫ
2019 ж. 18 наурыз
3078
0
Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза күшейтілді. Әсіресе, жыныстық зәбір көрсеткендер 12 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Сенат заңға осындай өзгерістер енгізді.
Бұрын осы қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін жаза арқалайтын. Ресми мәліметтерге қарасақ, соңғы 5 жылда 18-ге толмаған жеткіншектерге жыныстық тұрғыда қорлық көрсету бойынша 4.740 дерек тіркеліпті. Заңдағы жаңа өзгерістер ата-аналар, өгей әке-шешелер, педагогтар мен бағып-қағушыларға қатысты. Яғни, солардың тарапынан балаларға зорлау мен зорлық-зомбылық жасалса, қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Одан бөлек, мұғалімдер, дәрігерлер немесе әлеуметтік қызметкерлердің де жауапкершілігі артады. Балаларға қиянат жасау деректеріне куә болып жатса, дереу полицияға хабар беру керек.
qazaquni.kz