Түймебаев корейлер қауымдастығының белсенділерімен кездесті
2019 ж. 17 наурыз
2030
0
Ару қала Алматыға арнайы іс сапармен ат басын бұрған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Қазақстан корейлері қауымдастығының белсенділерімен кездесу өткізді.
Жиынға Қазақстан корейлері қауымдастығының белсенділері, театр әртістері, ҚХА жастар ұйымдары мен қоғам өкілдері қатысты.
Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының шығармашылық ұжымымен бетпе-бет кездесіп шығармашылықтағы жаңалықтарынан толығарақ хабардар болды. «Наурыз» мерекесіне арналған театрландырылған қойылымды тамашалаған жұртшылық тамаша әсерге бөленді.
Сондай-ақ, осынау кездесу аясында «Korean House» Корей үйінде Қазақстан кәрістері қауымдастығының белсенділерімен кездесумен жалғасты. Қонақтарға Қазақстан кәрістері қауымдастығының қызметі туралы С.Огай толығырақ баяндап берді.
Алматы корей ұлттық орталығының қызметі жайлы кеңірек айтып өткен Б. Шин бүгінгі күні орталық елімізде өткізілетін республикалық және халықаралық іс-шараларға белсене араласатынын тілге тиек етті.
Басқосуға қатысқандарға 1923 жылы негізі қаланған басылым «Коре Ильбо» газетінің редакциясын К. Ким таныстырып өтті. Сондай-ақ, ол «Коре Ильбоның» Қазақстандағы ірі этностық басылымдардың бірі екенін атап өтті.
Жансейіт Қансейітұлы жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде кездесудің мақсаты - Қазақстан кәрістері қауымдастығының қызметімен толығырақ танысу және алдағы кезеңде бірлесе атқарылатын жұмыстардың бағыты мен міндеттерін талқылау екенін айтты.
Кездесу барысында ҚХА төрағасының орынбасары Қазақстан корейлері қауымдастығының бірқатар бағыттар бойынша жұмысын жандандыра түсу қажеттігін де атап өтті.
Еңлік ЕРБОЛҚЫЗЫ,
qazaquni.kz