ТҮРКІСТАННЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫНДАҒЫ ӨЗБЕК-ҚАЗАҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
2019 ж. 27 ақпан
2113
0
Сөзді Түркістанның ұлы атау және ұлы аймақ, ұлы өркениет орталығы және Түркі халқының түпкі Отаны екендігін баса айтудан бастамақшымын.
Бүгінгі күні адамзатты толғандырған мәселе, бұл Қытай басымы астында қалған Шығыс Түркістан жағдайы. Ұлы Түркістанның төрттен бір бөлігін құрайтын өлке тағдыры өз шешімін күтуде.
Ал, Орталық Азияның бес тәуелсіз мемлекетінен тұратын Батыс Түркістанда бүгінгі таңда тарихи, саяси және геосаяси тұрғыдан елеулі өзгерістер орын алуда. Басқа сөзбен айтқанда, бүгінгі күн тәртібінде Түркістанның жаңғыруы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас, екі бауырлас халық пен мемлекеттер арасындағы оң өзгерістер өңірдің тұрақтылығы мен дамуы үшін өте маңызды.
Шындығында да, 1990 жылы басталған егемендік кезеңінен кейін Өзбекстан мен Қазақстанды тәуелсіз мемлекеттер ретінде жаңадан қалыптастыру туралы әңгіме жүріп жатыр. Бұл әлем картасында екі жаңа мемлекеттің пайда болуы ғана емес, сонымен бірге тарихта Батыс елдері мен патшалық Ресей арасында күрес майданы болған және Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде бұл күрес одан әрі өршіп кеткен аумақта жаңа тәуелсіз елдердің пайда болуы туралы болуда.
1991 жылы тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Өзбекстан мен Қазақстанда болған жағдайлар мен өзгерістер ұқсас еді деп айта алмаймыз. 75 жылға жуық өмір сүрген Кеңес өкіметі кезінде қазақтар, алдымен Сталиндік ашаршылықты, содан кейін Кеңестік ассимляцианы бастан кешкен. 1930-шы жылдардағы жасанды ашаршылық кезінде қазақ халқының 40 пайыздан астамы қаза болды. Тың көтеру кезеңінде өріс алған халықтар көші нәтижесінде қазақ халқының біраз бөлігі ана тілінде сөйлей де және жаза да алмайтын жағдай орын алды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақ қоғамының алдында тұрған мәселе - бұл кейбір қазақтардың ұлт (этнос) ретінде өзінің ерекшелігін танымауы еді. Сонымен қатар, Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен экономикалық тәуелділікті жою саясаты іске асырылды. Сол жылдары Елбасы елінде әлеуметтік тұрақтылыққа, қазақстандықтардың еркін ұлт ретінде бас көтеруіне және елдің экономикалық даму жобаларына үлкен көңіл бөлді. Елдің солтүстігінде орыс тілді азаматтардың саны шамамен 5 миллион екендігі есепке алынып, Қазақстан басшылығы ұлттық мәселелер бойынша аса мұқият саясат жүргізуі тиіс еді.
Осы дәуірде, Өзбекстанда болса діни ояну және онымен байланысты мәселелер, экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік әділеттілік сияқты мәселелер күн тәртібінде тұрды. Осы екі бауырлас, сонымен бірге жақын көрші елдер арасындағы мәселелер және олардың шешімдеріне байланысты айырмашылықтар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық қалағанымыздай болмағанымен, олар арасындағы өзара тату көршілік қарым-қатынастар үлкен маңызға ие болды.
Осы тұрғыдан қарағанда, сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арасында бір-бірімен бәсекелестік нәтижесінде өте жақын қарым – қатынас болмаса да, олардың арасында түсіністік пен құрмет бар еді. Аймақтағы әлеуметтік және саяси келеңсіздіктердің өршуі нәтижесінде, мысалы Қырғызстандағы өзбек және қырғыздар (2005 және 2010 жж.) арасындағы этникалық қақтығыстар орын алғанына қарамастан, қазақтар мен өзбектер арасындағы бауырластық пен ынтымақтастық рухы сақталған еді.
Бір жағынан, Каримов пен Назарбаев Кеңес билігі тәрбиесін меңгерген тәжірибелі саясаткерлер болды. Екінші жағынан, тәуелсіздік алғаннан кейін Орталық Азияда көшбасшылық (лидерлік) етуге қатысты Өзбекстан мен Қазақстан арасында бәсекелестік болғанын да жоққа шығара алмаймыз.
Қазақстан үшін маңызды болған нәрсе - Өзбекстандағы әлеуметтік-саяси тұрақтылық еді. Өйткені түстіктегі көршісінің аумағында болған кез келген теріс саяси және әлеуметтік өзгерістер Қазақстанға теріс әсер етуі мүмкін еді. Ал, Өзбекстан үшін Қазақстан Ресей мен әлемге шығудың негізгі жолдарының бірі болды. Алайда Каримов дәуірінде өзбек-қазақ қарым-қатынасы өте жақсы болған еді деп те болмайды. Мысалы, Каримов қайтыс болғаннан кейін, Назарбаев "Біздің қарым-қатынастарымыз қалағанымыздай болмады. Өзбекстан біздің бидайымызды Германия арқылы сатып алған кезі де болған еді", - деп айтқан да болатын.
Ресеймен қарым-қатынастар да осы кезде бұл екі көршілес елдердің толыққанды жақын қарым – қатынас орнатуына тосқындық етерді. Өзбекстан мен Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) мүшелері болғанына қарамастан, бұл ұйым КСРО кезіндегі сияқты өз аумағында көпжақты ынтымақтастықты қамтамасыз ете алмады. Осы себепті Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдері арасында әскери бірлік болған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) және жаңа экономикалық қамқорлық сипатында ортаға шыққан Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) дамыту бойынша әрекеттерін бастап жіберді. Өзбекстан басшысы Ислам Каримов болса Путиннің бұл әрекеттерін қолдаудан бас тартар еді. Қазақстан болса Ресеймен қатар ҰҚШҰ мен ЕАЭО ұйымдарының шешуші күші болды.
Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін өзбек-қазақ қатынастары күрт дами бастады. Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзиёев өз міндетін бастағаннан кейін өзінің алғашқы халықаралық сапарларының бірі ретінде Қазақстанға барды. Екі ел арасында бір миллиард доллар көлемінде экономикалық және сауда келісім-шарттарына қол қойылды. Келіссөздер соңында Назарбаев" Өзбекстан мен Қазақстан арасында жер және шекаралық қатынастар анықталған , саяси да, экономикалық сипаттағы мәселелер жоқ ", - деп атап өтті. "Біздің қарым-қатынастарымызда халықтарымыздың игілігі үшін барлық жақсы жұмыстарды атқарылуына септік болатын жаңа бет ашамыз", - деді Қазақстан басшысы.
Өзбекстан – Қазақстан қарым-қатынастарының бұндай жақсы дамуы Түркістанды қайтадан жаңғырту үшін болып жатқан әрекет екені түсінікті еді. Сондықтан Өзбек-Қазақ келіссөздерінен бір жыл өткеннен кейін, Орталық Азия елдерінің басшылары 2018 жылғы 21 наурызда Астанада өзінің алғашқы пікір алмасу кездесуін өткізді.
Екі мемлекеттің латын қарпіне көшу туралы қаулысы да Өзбекстан - Қазақстан қатынастарындағы ең жарқын шешімдердің бірі болды. Өзбекстан бұл шешімді алдынырақ қабылдағанымен, оны орындауға құлшыныс танытпай жүр еді. Екі бауырлас елдеріндегі Әліппе бірлігін Түркістан өңіріндегі тіл, ойлау және ынтымақтастықты қайта жандандырудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде көруіміз мүмкін.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстанның жалпы бастамасы бойынша Еуропалық Одақтағы Шенген визасы сияқты Орталық Азия елдері арасында "Жібек жолы" визасын енгізу туралы мәселе күн тәртібіне шықты. Түркістанның қайта жаңғыруы жолдары бірме – бір ашылар екен, біздің міндетіміз бұларды жақсылық белгісі деп білу және осы маңызды үдеріске өз үлесімізді қосуымызда деп білеміз.
Намоз НОРМҰМИН,
Стамбулдағы "Туркистондықтар Қоғамы" Төрағасының орынбасары
Қазақ үні