Қазақ қызы мен Қазақ тілінің жеңісі

Мемлекеттік тілді және жеке басын қорлаған «Павлодарлифт» ЖШС-гін сотқа берген Руза Бейсенбайтегі жайлы бұған дейін бірнеше республикалық басылымдарда жазылған болатын.

26 шілдеде болған сотта «Говорите на нормальном русском языке. Еще пожалеете о своем казахском, вот подадим в суд, тогда посмотрим, на каком заговорите!» деп тым дөрекілік танытқан серіктестік өкілдерінің алдында судья И.Медерова Руза Зайкенқызының талабы «заңға қайшы» деп шешім шығарған болатын. Сосын Р.Зайкенқызы 15 тамызда облыстық сотқа аппелляциялық шағым түсірген еді. Сот отырысы 21 қазанда болды. Руза Зайкенқызының ұлт мүддесі, қазақ тілі үшін күресіп жүргенін білетін білікті заңгер, адвокат Абзал Құспанов Оралдан Керекуге жетіп, сотта тіл жанашырына қорғаушы болды. Сондай-ақ сот отырысына Алматыдан «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы, журналист Сайлау Лепес қатысып, мемлекеттік тілге қолдау білдірді. Сотта «Павлодарлифт» ЖШС заңгері Қанат Жылдыбаев «Қазақстанда екі мемлекеттік тіл бар ғой» деп заңды қаншалықты білетіндігін көрсетті. Орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылғанымен, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі Ата заңымызда тайға таңба басқандай жазулы емес пе?! Сөйтіп, сот шешімі шығарылды. Павлодар облыстық сотының судьясы Г.Жапарова ханым Руза Зайкенқызының шағымы заңды екендігін растап, жәбірленуші ретіндегі талабын қанағаттандырды. Сотта жеңілген «Павлодарлифт» ЖШС Руза Зайкенқызына моральдық шығын ретінде бар-жоғы 5 мың теңге төлейтін болды. Ең бастысы, осы сот отырысында Қазақ тілі жеңіске жетті. Судья Г.Жапарованың шешімінен кейін елімізде әлі де болса әділдік бар екен ғой деген ой келді. Руза Бейсенбайтегінің айтқан уәжін дұрыс деп тапқан судья Г.Жапарова ханымға тілге жанашыр азаматтар да ризашылығын білдіріп жатты. Кез-келген ер азаматтың қолынан келе бермейтін іс тындырып, батырлық та, батылдық та бір бойынан табылған қазақтың намысты қызы Руза жеңіске жетті. Бұл тек Руза апайымыздың жеңісі емес, Қазақ тілінің жеңісі! Қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарайтындар осыдан кейін ойланып қалған болар. Дегенмен, «жау жоқ деме, жар астында» деген ғой бабаларымыз. Енді кім қазақ тілін мазақ етер екен?! Әттең, екінің-бірі Руза емес қой, әйтпесе, ай сайын емес, күн сайын сот отырысы болар ма еді... Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ Кереку қаласы