Балаева әр балаға 21 мың теңге қалай төленетінін түсіндірді
2019 ж. 28 ақпан
5342
1
"Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің жаңа мүшесі, Қазақстан президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия съезіндегі ұсынған бағдарламасының негізгі тезистері туралы Facebook парақшасында жазды, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
Саяси кеңеске жаңадан сайланған Балаева мемлекет басшысының басты шешімі көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақыны көбейту екенін атап өтіп, төлемдердің қалай жүргізілетінін түсіндірді.
Оның айтуынша, қазір атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға көрсетіледі, яғни көлемі - 14,8 мың теңге немесе күнкөріс минимумының 50%-ы.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен кедейлік шегі күнкөріс минимумының 70%-ына дейін көтеріледі, демек 20,8 мың теңге болады. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтың әр баласына 20,8 мың теңгеден төленеді", - деп жазды Балаева.
Саяси кеңестің жаңа мүшесі еске салып өткендей, қазір төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасы көпбалалы болып саналады.
"Көпбалалы отбасының төрт баласы болса, жәрдемақының жалпы көлемі 83 мың теңге болады. Анасы жұмыс істемей, үйде отыратын болса, оған да атаулы әлеуметтік көмек беріледі, сонда бұл отбасының жалпы табысы 103 мың теңге болады", - деп түсіндірді Балаева.
Ол мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана, қамқоршы және отбасының жәрдемақысы 30%-ға артатынын атап өтті.
Балаева тұрмысы нашар отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салу бастамасы туралы да сөз қозғады.
"Сонымен қатар, тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі арқылы жылдық 2-3% мөлшерлемемен тұрғын үй қарызын беру механизмі жасалатын болады. Бұл тұрмысы нашар отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету проблемасын шешудегі маңызды қадам деп санаймын", - дейді саяси кеңес мүшесі.
Айта кетсек, кеше 27 ақпанда "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Съезд барысында мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген партияның 2030 жылға дейінгі "Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты" атты жаңа бағдарламасы қаралды. Бағдарламаның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын арттыру және тұрмысы нашар азаматтарға қолдау көрсету.