МИЛЛИОНЕРЛЕРГЕ ЕМЕС, КІРІСІ АЗДАРҒА КӨМЕК БЕРІЛЕДІ
2019 ж. 28 ақпан
5222
2
ӘЛЕУМЕТ ТАЛАБЫНАН ТУҒАН ШЕШІМ
Бүгін өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі әлеуметтік талаптарға жауап берді. Кейінгі кезде қордаланып келе жатқан мәселелер де аз емес еді. Солардың көбісі бүгінгі шешімдермен шешілмек.
Иә, таяу күндерде ғана көп балалы аналар мәселесінің ашық көтерілгені белгілі. Бұған бұл салаға жауапты министрдің «жауапсыз» жауабы түрткі болған еді... Бұл туралы «Қазақ үні» газетінде біз «Министр Әбілқасымованың айлығын 16 мың теңге ету керек» атты өткір мақала жазғанымызды ел де жақсы біледі.
Ал бүгін Елбасы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін арттыруды тапсырды. «Миллионерлерге мемлекеттен тағы көмек берудің қажеті не? Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың отбасы ғана атаулы көмек алады екен. Көп балалы отбасылардың жәрдемақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуді және мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асыраушыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға арттыруды тапсырамын» деді Н.Назарбаев.
Яғни, бұрын бес баласының бәріне 10 мың теңгедей алып келген отбасы енді 105 мың теңгедей алатын болады. Яғни, он еседен де көбейтіп отыр. Ал эксминистрдің «жыр» болған 16 мың теңгесі тек «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері ғана беріліп келді.
Қазақтың санын көбейтіп отырған, әсіресе ауылдағы 5-6 балалы отбасылар енді 125 мың теңгеге дейін алып отырады. Баласы көп болған сайын алатын ақшасы да көбеймек. Бұл бүгінде балалары көп болса да, аз ғана айлыққа күн көріп отырған тиын санаған қиын санаттағы талай мыңдаған отбасылардың жыртығын жамамақ...Бүгінде елімізде 4 баладан көп баласы бар 340 мың отбасы бар. Оларды қолдау үшін 500 миллиард бөлінуде.
Президент сонымен бірге 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы жалақысы ең аз адамдардың жалақысын 30 пайызға өсіруді тапсырды. Бұдан бұрын мұғалімдердің жалақысы өскенін, өздерінің кәсібилігін дәлелдегендерге 50 пайыз, жалпы 30 пайыз өскенін еске салып кетті.
Тағы бір жаңалық, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 40 мың пәтер кірісі аз көп балалы отбасылар үшін салынатын болғаны да елдің ең күрделі мәселесін шешуге көмектеседі деп ойлаймын. Сонымен қатар көп балалы және толық емес, шектеулі шектеулі мүмкіндікті отбасылар да баспанемен қамтылатын болады.
Бұл санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй несиелері тұрғынүйсақтау жүйесі арқылы жеңілдікпен жылына 2-3 пайыздан аспайтын болмақ.
Білім мен денсаулық саласы қызметкерлерін баспанамен қамту да назарға алынды.
Білім саласындағы кемшіліктерді атап өтті. Үш тілділік мәселесіндегі қалыптасқан күрделі мәселіні де сынға алды. Бұл да көп көтеріліп келе жатқан, кемшіліктері көп сала болатын.
Баса назар аударар жақсы хабар, енді бұдан былай ауылды көркейту үшін кәсіпкерлік кеңінен дамитын болмақ. Халық тұтынатын өнімдер, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу жолға қойылады.
«Бұл үшін ҚХР жемісті тәжірибесін пайдалану керек. Ауылда тұрғынүйлер, жолдар салынып, коммуникация, әлеуметтік нысандар тұрғызылып, кіші және орта бизнесті дамытуымыз керек» - деді Елбасы.
Кіші және орта бизнестің дамуын басты назарға алып келе жатқан, былтыр күзде ғана Елбасыдан «Нақты істер партиясы» деген жоғары баға алған «Ақ жол» партиясы үшін бұл жақсы жаңалық хабар..
Иә, мемлекет басшысы тура айтып отырғандай, ауылда шағын және орта бизнес жолға қойылып, кәсібі дамыса, халқының нәсібі де көбейіп, көркеймек. Ал ол үшін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын жасауды тапсырды.
Өмір бойы қазақ ауылын жырлап өткен қазақтың ұлы жазушысы Бейімбет Майлиннің бәріміз білетін «Көркейсе ауыл- көркейеміз бәріміз» деген әйгілі жырын енді қайта айта бастайтын күнге жете берейік деп тілейміз.
Иә, бүгінде, қиындық пен қымбатшылық құрсауында, баспанасыз жүрген көп балалылар да, айлығы шайлығына жетпейтін әлеуметтік аз қамтылғандар да аз емес. Екі қолға бір күрек таппаған ауыл жастары қалаға ағылуда. Олардың ішінде үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүргендер де жыл сайын көбейіп барады. Осындай кезеңде халықтың хал-жағдайының тамырын тап басып, бүгінгі дәуірдің талабынан шыға білген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тереңдік пен кемелдіктің тағы бір үлгісін көрсетті. "Халық қаласа, хан түйесін сояды"-дегендей, әлеуметтің әлеуетін күшейту жолында тағы бір қарышты қадам жасалды. Қорыта айтқанда, бүгін Елімізде әлеуметтік бетбұрыс басталды деуге болады.Қазыбек ИСА,
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары
Qazaquni.kz