БҚО-да үш аудан асфальт жолмен мүлдем қамтылмаған — депутат

Батыс Қазақстан облысының 12 ауданының 3 ауданы облыс орталығымен асфальтбетонды қатты жолмен мүлдем қамтылмаған.

Бұл туралы Астанада өткен Сенат отырысында депутат Ерболат Мұқаев мәлімдеді, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

— Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 28,7% құрайды. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш, — деді депутат өз сөзінде.

Сенатордың айтуынша, бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысының 12 ауданының 3 ауданы облыс орталығымен асфальтбетонды қатты жолмен мүлдем қамтылмаған. Олар Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары.

Аталған үш ауданға баратын негізгі жолдардың бойында орналасқан елді мекендердің кіреберіс жолдарында қатты асфальтбетонды жабындымен төсеп күрделі жөндеу жүргізуді қадап айтқан Ерболат Мұқаев осы жобаны іске асыру үшін 2019 жылға 3,7 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылғанын да тілге тиек етті.

Атап өту керек, аталмыш күре жолдың бойыда аталған үш ауданның 20 шақты елді мекендері орналасқан. Олардың жолдан ара-қашықтықтары 4-тен 20 км-ға дейінгі аралықты құрайды.