Астанада құдықтан өлі табылған бала үйдің жалғыз ұлы болған
2019 ж. 22 ақпан
2852
0
Астананың Железнодорожный тұрғын үй массивінде 13 жастағы оқушы Бақдәулет Өмірхан жоғалып кеткен еді. 20 ақпанға қарағанда оның денесі кәріз құдығынан табылды. Баланың әпкесі Айзада Tengrinews.kz тілшісіне оқушы жайлы және оны іздестіру жұмыстары қалай жүргенін айтып берді.
Бақдәулет №29 мектепте оқыған. Туыстарының айтуынша, ол сабақтан қалмайтын, досы көп болатын. Әпкесінің айтуынша, Бақдәулет ерке бала болмаған.
"Екі әпкесі болды. Ол үшінші, жалғыз ұл. Ол әрдайым үй шаруасына көмектесіп, ешқашан жанжал шығармайтын", - дейді Айзада. Оны бірнеше күн бойы еріктілкр, әскери қызметшілер іздестірді, ормандар, иесіз қалған үйлер, теміржол өткелдері, кәріз құдықтары арнайы техникамен шарланған. "Қалай құлап кеткенін ешкім білмейді. Ол маңынан өтіп бара жатқан, ашық люк болған. Бақдәулет сырғанаққа барғысы келген, ал мына құдық дәл жол үстінде. Үстін қар басып қалған", - деді Айзада.
Баланы төрт күн іздеген. Туысының айтуынша, үшінші күні құдықтар картасы берілген, бұл аумақта 200-дей құдық бар болып шықты.
"Бізге карта берілген соң үй маңында төрт құдық бар екенін білдік. Ал дәл сол құдық жайлы ешкім білмеді. Ол жақта барлық дерлік құдықтың беті ашық жатыр. Күні кеше барып, бетонмен жауып тастады. Барлығын жабу керек екенін түсінбейді", - деді баланың әпкесі.
Бүгін, 22 ақпанда бала ата-анасының туған жері Таразда жерленеді.