Алматы әкімі көпбалалы аналармен кездесті
2019 ж. 19 ақпан
3314
0
Алматы әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы аналармен кездесті, олардың барлық сұрақтары мен ұсыныстарын жеке тыңдады, сонымен қатар мегаполистің тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларына қолдау көрсету үшін қалалық деңгейде атқарылатын әлеуметтік шараларды кеңінен түсіндірді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Бұрындары мұндай кездесулер барлық аудандық әкімдіктерде өтті, нәтижесінде айтылған барлық ұсыныстар жинақталды әрі сараланды. Жалпы, көпбалалы аналарды толғандыратын басты мәселелер – әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін арттыру, тұрғын үй мен тұрмыстық жағдайды жақсарту, еңбекпен қамту, балаларды бала бақшаға орналастыру және басқалары.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкіметтік топ жұмыс істеуде, кездесулерде айтылған барлық ұсыныстар сараланады және есепке алынады. Бұлардан өзге, біз қалалық деңгейде көпбалалы аналарға қолдау көрсетудің нақтылы механизмі жинақталған пәрменді шараларды «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс конференциясында ашып айттық. Мысалы, кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй алудың алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндігі қарастырылатын болады», - деді Бауыржан Байбек.
Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің кешенді шаралары бойынша мүгедек баланы үйде оқытуға кететін шығынның орнын толтыру үшін берілетін адрестік көмек пен қиын өмірлік жағдай туындаған кезде бір рет көрсетілетін әлеуметтік көмек көлемін арттыру жоспарланғанын атап өтуге болады.
Айта кетерлігі, Бауыржан Байбек бұрындары тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақша шығынына өтемақы төлеуді қарастыруды тапсырған болатын. Көпбалалы отбасылардың коммуналды қызметке, сумен қамтуға қатысты ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кеткен шығындарына жұмсалатын адрестік көмек көлемі де назарға алынуда.
Көп балалы отбасылардың заңнамалық және психологиялық кеңестерге зәру екені белгілі, сондықтан таяу арада «Бақытты отбасы» қалалық жобасы іске асады және осы аттас көпбалалы аналар орталығы құрылады. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін сервистік орталық болады және мұнда көпбалалы аналар жұмысқа тартылады.
Алматы әкімдігі тұрмысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұлғайту және стипендия берілетін тегін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру мұмкіндігін қарастыруда. Бұрындары Бауыржан Байбек Алматыда негізсіз шығындардан арылуды ұсынған еді.
Қала басшысы әлеуметтік сипаты бар шешімдер қабылдау үшін Алматы әкімдігінің «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелерімен бірге бюджет шығындарын тұрақты тексеріп, оңтайландыру жүргізгенін айтты. Нәтижесінде үнемделген қаржы бұрынғыдай азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерге жұмсалады. Олар – жаңа жұмыс орындарын құру, тұрмысы төмен жандарға, әсіресе көп балалы аналарға қолдау көрсету спектрін ұлғайту, басқа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру.