ҚАЗАҚТЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ – ҚАЗАҚ МАФИЯСЫНДА!

2

"Трагедиясы несі, мафиясы несі? – деп отырған шығарсыз,  құрметті оқырман? – Италия мафиясы, сицилия мафиясы, қытай мафиясы, орыс мафиясы, жапон мафиясы... тіпті, Нигерия мафиясы дегенді де естіген сияқты едік, ал қазақ мафиясы дегенді естісек, құлағымыз керең болсын!» – дейтін шығарсыз... Әйтсе де...

«Қазақ мафиясы қайдан басталады?» дегенге жауап іздемес бұрын ең алдымен МАФИЯ дегеннің не екенін түсініп алайық. Бәрімізге белгілі, есімдері елге танымал біреулер сотталып жатса, «е-е, бәрі бір мафия ғой...» деп қолымызды сілтей саламыз. «Коррупционер екен, бәленшемен сыбайлас екен» деп қысыр әңгімені қырық құбылтып, әрлендіріп, түрлендіріп айтып жатамыз да, ақыр соңында әп-әжептеуір бір азаматты «бәрі бір мафия ғой» деп қара сызықпен қақ ортадан сызып тастаймыз.

Әрине, Италия немесе орыс мафиясымен салыстырмалы түрде айта қоятындай қазақ мафиясы бар деп айта алмаймыз, алайда МАФИЯның басты міндеттерінің бірі – белгілі бір идеялық принциптерге құрылған жалпы құрылымды сақтап отыру, оны замана талабына сайкес жетілдіріп, дамытып отыру. Мафияның бір әрекеті – егер қандай да бір проблеманы шешу үшін АДАМды өлтіре салу арзанға түсетін болса, ОЛ дәл осы ӨЛТІРЕ САЛУ әрекетіне ойланбай-ақ барады.  Бұған әрине, көптеген мысалдар келтіруге болады, алайда, алдымен МАФИЯ  сөзі қайдан шыққан деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Ресейлік қылмыс тарихының білгірлерінің бірі Юрий Вернердің айтуына қарағанда,  «mafia» сөзінің түп-төркіні XIII ғасырлардан басталатын көрінеді. Бірақ бұл терминнің этимологиясы әлі күнге дейін түсініксіз. Тағы бір деректерге сүйенетін болсақ, 1282-ші жылы Сицилияның Палермо қаласында ойран салып жүрген француздық қарақшылар жергілікті жас қызды айуандықпен зорлаған. Сұмдық оқиғаның үстінен түскен қыз анасы не істерін білмей, «ma fia, ma fia!» деп жанұшыра айқайлай берген екен. Кейінірек дәл осы сөз әлемге әйгілі «Сицилия мафиясы» деген сөзге негіз болғанға ұқсайды. Қарақшыларға қылар қайраны болмаған байғұс ананың «ma fia, ma fia » ( «менің қызым, менің қызым») деген айқайы кішкентай ғана Сицилияны дүр сілкіндіріп, кейініректе «мафияның отаны – Сицилияда» деген ұғым қалыптаса бастаған. Қалай болған күнде де, осынау жалғыз ауыз сөздің құдіреті кеше ғана емес, бүгінгі күні де әлемді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап тұр деп айтуға әбден болады. Өткен ғасырдың 31-ші жылы америкалық атақты мафиози Сальваторе Маранцано өздерінің қылмыстық терминдеріне Кosa Nostra («біздің ісіміз») деген сөзді енгізді. Содан бері Америка мафиясы Кosa Nostra деп аталып келеді. Ал соңғы қырық жылдан бері АҚШ-тың ресми құжаттарында МАФИЯ деген сөздің орнына Кosa Nostra сөзі қолданылуда. Кosa Nostra-ның екі штаб-пәтері бар. Бірі жоғарыда айтылып кеткен Сицилияның Палермо қаласында болса, екіншісі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан. Бір қызығы – құрамына славяндықтар мен шешендер, грузиндер, әзірбайжандар, армяндар, өзбектер, қырғыздар мен қазақтар кіретін ОРЫС МАФИЯсының штаб-пәтері жоқ.Адам сенгісіз нәрсе әрине, алайда ресейлік ресми құжаттарда «Орыс мафиясының штаб-пәтері жоқ» деп көрсетілген. Расында осылай ма, жоқ әлде күштік құрылымдарға орыс мафиясының штаб-пәтері әлі күнге белгісіз бе – ол жағы жұмбақ.

Еліміздің территориясы әлемдегі алпауыт елдер – Қытай және Ресеймен шектесетін болғандықтан, осы елдердің МАФИЯсы жайлы аз-кем таратып айта кетсек, артық болмас деп ойлаймыз. Өйткені ресми емес мәліметтерге қарағанда, Қытай елінің қылмыстық «авторитеттері» осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ елінің территориясына да өз ықпалын жүргізбек болған көрінеді. Қызық дерек. Ендігі аз-маз әңгіме осы Қытай мафиясы туралы болмақ...

Америкалық Кosa Nostra тәрізді, қытай мафиясы ресми құжаттарда ТРИАДА деген атпен тіркелген. Орыс мафиясына ұқсас жері – мұның да штаб-пәтері күштік құрылымдарға белгісіз. Негізгі айналысатын «қызмет» түрлері – қылмыстық бизнесті, сондай-ақ, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және байланыс салаларын толықтай қадағалап отыру болып саналады. Қытай тарихшыларының деректеріне сүйенетін болсақ, Триаданың тарихы сонау біздің эрамызға дейінгі 221-206-шы жылдардан бастау алатын көрінеді. Яғни, сол жылдары үстемдік құрған әйгілі Цин династиясы заманынан бері өте жақсы ұйымдасқан қытайлық қылмыстық топтар тек Қытай елін ғана емес, онымен көршілес жатқан елдердің көпшілігіне дендей еніп кеткен. Ресми дерек көздерінің мәліметтеріне қарағанда, бір орталыққа бағынып, мыңдаған қылмыстық топтарды құрайтын Қытай Триадасының құрамындағы адамдар бүгінгі күні миллионнан асып жығылады. Тағы бір қызық мәлімет – Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзэдун да Триаданың «шекпенінен» шыққан қылмыстық авторитет деген әңгіме. Бұған сену-сенбеу әркімнің өз еркінде әрине, дегенмен, Маодан бұрынғы Кеңес коммунистерінің жетекшісі болған Иосиф Сталиннің кавказдық қылмыстық авторитеттер арасында КОБА деген лақап атпен белгілі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бүгінгі күні Қытай Триадасы Парижден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі қылмыстық топтар арасында жетекші рөл атқарады. Орта Азия мен Қазақстан территориясына көз алартып отырған Қытай елінің саясатын ТРИАДА «туралап» отыр деген әңгіменің де анық-қанығын алдағы болашақ анықтайтын болады.

Тағы бір жұмбақ жайт бар: жарты әлемге «жапырағын» жайып жіберген ТРИАДАНЫҢ оншақты ғана қылмыстық авторитеті бар қазақ елінің кейбір территориясын қадағалауға қалайша шамасы жетпей отыр? Жауабы қиын күмәнді сұрақ. Дегенмен, әрі қиын, әрі күмәнді сұраққа жауап іздеп  көруге болады, бірақ айналып-айналып атақты орыс мафиясына қайта ораламыз...

                           

 

ТМД – ТӘУЕЛСІЗ МАФИЯЛАР ДОСТАСТЫҒЫ

 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, орыс мафиясының штаб-пәтері белгісіз болғанмен, оның ықпалы жүретін аумақ өте үлкен. Еуропа мен өзге мемлекеттерді есептемеген күннің өзінде, бұрынғы Одақ көлеміндегі қылмыстық топтар түгелге жуық осы құрылымның құрамына кіреді. Рас, кезіндегі Кеңес Одағы құлағанмен, оның территориясындағы қылмыстық топтар «құлаған» жоқ. Бұрынғы республикалар өз алдыларына жеке-жеке мемлекет болып, тәуелсіздігін алғанмен, олардың территорияларындағы қылмыстық топтар өздерінің «суверенитеттерін» алған жоқ. Яғни, бұрынғы Одақ көлеміндегі ұйымдасқан қылмыстық топтарды жаңа деңгейге – ТМД көлеміндегі халықаралық деңгейге шықты деп пайымдауға болады. Бір ғана мысал: бұрынғы Одақ кезіндегі қылмыстық авторитеттердің қылмыс әлеміндегі ең жоғарғы «статусы» – «ЗАҢДАҒЫ ҰРЫ» («Вор в законе») деп аталған болса, Одақ құлағанмен барлық бұрынғы одақтас республикалар көлемінде осынау статус сол «мұрты қисаймаған» күйінде сақталып қалды. Парадокс!

Орыс мафиясындағы «ҰРЫЛАР ТҮСІНІГІ» («Воровское понятие») бойынша «ЗАҢДАҒЫ ҰРЫ» ешқашан үйленуге, мемлекетке қызмет етуе, құқық қорғау органдарымен әмпей-жәмпей болуға тиісті емес, осы «ұрылар қағидасын» қатаң сақтауға міндетті болса, соңғы 15-20 жыл ішінде бұл үрдіс түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Қоғамдағы жаңалықтарға, оның ішінде ақпараттар ғасырының соңғы технологияларына тез арада бейімделе кететін өркениетті ұрпақ арасынан «ЗАҢДАҒЫ ҰРЫЛАРДЫҢ»  жаңа фармациясы өсіп шықты. Ел ішіндегі экономикалық, қаржылық дағдарыстарды сәтті пайдаланған қылмыстық авториттеттер «көлеңкедегі қимылдар» арқылы табылған қыруар қаржыларын заңдастыра отырып, беделді, ел таныған бақуат бизнесмендерге айналды. Бірақ олар заңды кәсіпкерліктерімен айналыса жүріп өздерінің қылмыстық топтарына жетекшілік ету «қызметін» де тоқтатқан емес. Тіпті «қылмыстық хикаяларын» еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жақсы білетін кейбіреулер Парламент, Дума, Мәслихат депутаттарының арасынан да байқалып қалып жатыр. Бұл дегеніміз – қылмыскер-депутат өзінің, өз «империясының» оң жамбасына келетін заңдарды  шығаруға әрекет жасайды деген сөз...

Әңгімеміздің басында МАФИЯ сөзінің шығу, пайда болу мәселесін сөз еттік қой, енді мына бір мәселеге де назар аудара кетейік: Ресейдің сөздігінде «тайға таңба басқандай» етіліп мынандай түсініктер берілген: «МАФИЯ – ЭТО ОРГАНИЗОВАННАЯ ПРЕСТУПНАЯ ГРУППИРОВКА». Қазіргі қазақ тілімен айтқанда, МАФИЯ – ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП. Ал біздің елімізде қанша қылмыстық топ бар? Яғни, қанша МАФИЯ бар? Сонда ҚАЗАҚТЫҢ МАФИЯСЫның басында КІМДЕР тұр? Елімізге ентелей еніп, байлығымызды бауырына басып жатқандар жоғарыда айтылып кеткен ҚЫТАЙ ТРИАДАСЫ еместігіне кім кепіл бола алады?

Соңғы кездері Мемлекеттік тіл – қазақ тілі мәселесі ең актуальды тақырыпқа айналды. Ал Сіз білесіз бе, құрметті оқырман, ҚАЗАҚ МАФИЯСЫ қай тілде сөйлейді? Білмейсіз бе?

Газетіміздің келесі нөміріндегі әңгімеміз осы жөнінде болмақ...

 

                                                  Марат МАҚАНШЫ

Шығыс Қазақстан облысы

(Жалғасы бар).