Министр 2 баланы өрттен құтқарған 10-сынып оқушысын марапаттады
2019 ж. 19 ақпан
2703
1
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Астанада бес жасар баланы құдықтан алып шыққан мектеп оқушысын марапаттады. Министрдің бұйрығымен Нәдір Омарғазиевке «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нәдір ерлік жасады, ешкімнен көмек сұрамай, баланы құтқарып қалды. Полицейлер оқиға орнында үнемі бола бермейді. Осындай уақытта Нәдір шешім қабылдап, кішкентай баланы құтқарды. Ата-анасына берген тәрбиесі үшін алғысымды білдіремін, мектепке де ризашылығымды айтқым келіп отыр», - деді Е.Тұрғымбаев марапаттау рәсімінде.
Осыдан кейін министр мектеп оқушысына төсбелгіні тағып, естелікке смартфон сыйлады. Министрдің айтуынша, Нәдір құқық қорғаушы болғысы келсе, оған Ішкі істер министрлігінің академиясында арнайы квота беріледі.
Шара кезінде Нәдір Омарғазиев те сөз алды. «Мен бұны ерлік деп санамаймын. Меніңше, өтіп бара жатқан кез келген адам солай істейді деп ойлаймын», - деп атап көрсетті Н.Омарғазиев.
Айта кетейік, 15 ақпанда №39 мектептің оқушысы Нәдір Омарғазиев бес жасар баланы құтқарды. №39 кешкі мектептің директоры Анар Қожахмет те шәкірті туралы айтып берген болатын. «Нәдір Омарғазиев көпшіл, талантты және өте тәрбиелі бала. Ол көпбалалы отбасынан шыққан және оның бес бауыры бар. Омарғазиевтер әулеті жалдамалы пәтерде тұрады», - деді Анар Қожахмет.
Оның айтуынша, Нәдір ән салғанды ұнатады және танымал әнші болуды армандайды. «Дүйсенбі күні мектепте салтанатты шара ұйымдастырылады. Онда мектеп басшылығы Нәдірді ерлігі үшін марапаттайды», - деді директор.