МИНИСТР ӘРІПТЕСТЕРІН ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ АЛЬЯНСҚА БІРІГУГЕ ҮНДЕДІ
2019 ж. 01 ақпан
1280
0
Алматыда өткен Түркі Кеңесінің Ақпараттық-коммуникациялық технологияларына жауапты министрлердің үшінші отырысы барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктері жайлы баяндап берді.
Жиынға ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев, Түркия Көлік және инфрақұрылым министрі Мехмет Жахит Турхан, Қырғызстанның Ақпараттық технологиялар және байланыс комитетінің төрағасы Бақыт Шарщембиев, Әзірбайжан көлік, коммуникация және жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, Венгрияның Ақпараттық коммуникациялар, инновациялар және технологиялар Мемлекеттік хатшысының орынбасары Карол Балаш Солимар қатысты. «Заман талабынан қалыс қалмай, ақпараттық технология саласында әріптестікті күшейтуге баса назар аударамыз. Себебі, біз барлық мүмкіндігімізді тиімді деңгейде пайдаланып отырған жоқпыз. Біздің ел былтырдан бастап «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қолға алды. Бағдарлама жоғарғы технологияларды енгізе отырып әлеуметтік-экономикалық саланы қолдауға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру үшін мүмкіндік баршылық. Тәуелсіздік жылдары елде заман талабына сай ақпараттық коммуникациялық технологиялар қалыптасты. Соңғы 10 жылда интернет желісін пайдаланушылардың саны 8 пайыздан 76 пайызға артты. Электронды Үкімет жүйесі қарқынды дамып келеді. Осы жүйе бойынша 30 млн. мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ірі және шағын қалалар 4 G байланысымен қамтылған. Ауылды жерлерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылып жатыр», — деді Д.Абаев. Министр Түркітілдес Мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі елдеріндегі әріптестерін осы келешегі зор технологиялық альянстың мүшесі болуға шақырды. Сондай-ақ, әзірбайжандық әріптестердің бастамасы бойынша «Трансеуразиялық суперақпараттық магистраль» құру жөніндегі жобаға тоқталды. Оның мақсаты – Франкфурт пен Гонконг арасындағы еуразиялық елдердің аумағын қамтитын талшықты-оптикалық трансұлттық желі орнату. «Транзиттік желі 6 мемлекеттің аумағымен өтеді деген жоспар бар. Бұл — болашағы зор жоба. Бүгінгі іс-шара, біздің елдер арасындағы ақпараттық-коммуникациялық бағыттағы тығыз қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тың серпін береді деген сенімдемін», – деді министр.
qazaquni.kz