Аюп Ысқақов: Жетістіктеріміз алдымен отаншылдық қасиеттермен бағаланады
2019 ж. 15 ақпан
1793
0
– Асқаралы алпысыңыз құтты болсын! Бүгінгі күні өткенге көз салсаңыз өміріңіздің қандай сәттерін алдымен еске алар едіңіз?
– Кез келген адам өз өмірінде жеткен жетістіктерін саралағанда алдымен адами тұрғыдан не істедім дегенді ойлағаны дұрыс. Кәсіби салада адам жеке басының табысын алға қоятыны анық. Ал адами тұрғыдан алғанда жетістіктерді алдымен адамгершілік, отаншылдық, ұлтжандылық сезімдер анықтайды. Өткен өміріне көз салғанда алдымен адам ұлты үшін, елі үшін, ана тілі үшін не істедім деген сұрақты алға қоюы тиісті. Қазақта «ананың сүтімен келмеген тананың сүтімен енбейді» деген сөз бар. Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндері қалқып жүрген өңірде дүниеге келгендігімнен болар, бойымда ана тілімізге, ұлтымыздың рухани дүниесіне деген құрмет ерте қалыптасты. Оның үстіне мектепте тәрбие берген ұстаздарымыз ана тіліміз бен әдебиетімізді ерекше үйрететін. Сол тәрбиенің нәтижесінде Қазақ ауыл шаруашылық институтында оқып жүрген кезімде студенттер арасында қазақ тілінің насихаттаушысы болдым, кез келген мерекелік шаралардың сценариін қазақша жазып, қазақ тілінде өткізуші едік. Әсіресе, 1980 жылы Мәди атамызға арнап факультетімізде әдеби кеш ұйымдастырғанымды осы күнге дейін мақтанышпен еске алам. Кейін төменгі курс студенттері сыртымнан мені кішкентай Мәди деп атап кеткенін естідім. Ол жылдар қазақ тілінің қолдану аясы әбден тарыла бастаған кезі болатын. Тағы бір еске аларым, қайта құру заманы басталған кезде Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты орналасқан Алмалыбақ ауылында Қазақ тілі қоғамын құрып, соны басқардым, жергілікті жерде ана тіліміз бен дәстүрімізді таратуға күш салдық. 1991 жылы Республикалық телеарнадан «Алмалыбақтағы той» деген айдармен көрсетілген Наурыз тойын ұйымдастырып, жүргізушісі болдым. Сол жылдары Алтын дән бала бақшасы мен Қазақ мектебін ашуға мұрындық болдық. Ол мектепке менің ұсынысыммен Әл Фараби бабамыздың аты берілді.
– Сол заманда көзделген мақсаттар толық орындалды ма? Ана тіліміздің тәуелсіздік алған заман ішінде даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Әрине, осы уақытқа дейін әртүрлі деңгейде ана тілімізді дамыту және қолдану аясын кеңейту жолында істелген жұмыстар біршама. Жетістіктер қомақты, оны жоққа шығаруға болмайды. Алайда сандық арттыру сапаға кері әсерін тигізіп жатқанын айтуға міндеттіміз. Сондықтан, ана тіліміздің сандық дамуына көңілім толғанымен сапалық дамуына көңілім көншімейді. Ана тілімізді дамытамыз деген желеумен көздеген мақсатына сай емес орынсыз аудармалар көбейіп кетті, әсіресе, қолданысқа әбден еніп кеткен терминдерді аудару дұрыс емес деп ойлаймын. Тіл алдымен байланыс құралы. Онда белгілі бір консерватизм болған дұрыс, егер заманына қарай құбыла беретін болса кейінгі ұрпақ алдыңғы ұрпақты тек арнаулы сөздіктер арқылы ғана түсіне алатын заманға тап боламыз. Осыған абай болуға тиіспіз. Тілмен тек білгір мамандар ғана айналысқаны дұрыс. Әсіресе, ғылыми терминологияға өте мұқият қарау керек. Бұл мәселелер бойынша 90-шы жылдардың басында «Зерде» журналында «Оқулықтар талғамға сай ма?», «Ғылыми тіл негізі сөздікте жатыр», «Қазаққа биология да қажет» деген мақалаларым шыққан еді. Сол кезде біраз өзекті мәселелер көтерген едім. Сонда байқағаным кейбір адамдардың ана тілі мәселесіндегі жауапсыздығы, тіпті сауатсыздығы көзге ұрып тұрады. Сондықтан, алдымен ана тілімізде шығатын оқулықтар жазуға, термин қалыптастыруға өте білікті мамандар тартылуы керек.
– Ғылымға қалай келдіңіз?
– Біздің заманымыз ғылымның дүрілдеп тұрған шағы еді ғой. Оқушы кезімізде «Білім және еңбек» журналын жаздырып алып, ғылымның жаңалықтары мен белгілі ғалымдар туралы жазылған мақалаларды қызыға оқушы едік.
Ғылымға құштарлығым қазір «Зерде» деп аталатын осы журналдың әсерімен оянды десем де болады. Кейін Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылық институтының студенті болып жүрген кезімде демалысқа ауылға келген кезде мектептегі ұстаздарым «мектепті тұңғыш медалмен бітірдің, оқуды одан әрі жалғастырып аспирантураға түс, ғалым бол» деп кеңес беретін. Өкінішке орай, институт қабырғасында жүргенде ғылымға талпынысым қолдау таба қоймады. Ол кезде оқу бітірген түлектерді жолдамамен жұмысқа орналастырушы еді ғой, Алматы облысы Қарасай ауданындағы Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына аға лаборант болып орналастым. Осы институтта одаққа танымал ғалымдар жұмыс істейтін. Әсіресе, өсімдік генетикасы және селекциясы саласының белді мамандары Н.Л.Удольская мен Р.А.Оразалиевтің шәкірті болуға талас көп болатын. Надежда Львовна кезінде академик Н.Вавиловтың назарына іліккен, жаздық бидайдың тамаша сорттарын шығарған, өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан үлкен ғалым болатын. 79 жасқа таяп қалса да жастардан қалмай далалық зерттеулерге қатысатын. Сол кісімен екі жыл қоян қолтық жұмыс істеу маған үлкен мектеп болды.
1983 жылдың күзінде Мәскеу қаласындағы Н.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтында алдымен тәжірибеден өтіп, кейін аспирантурасында оқыдым. Онда ғылыми жетекшім сол институттың директоры, Васхнил мен Украина ғылым академиясының академигі А.А.Созинов деген кісі болды. Ғылыми жетекшім сол кезде қарқынды дамып келе жатқан өсімдік биотехнологиясы саласы бойынша тақырып берді. Алексей Алексеевич ғалымдығы қандай ірі болса, қарапайымдылығы да керемет еді. Менің зерттеу жұмысым арпа дақылын шыны ішінде өсіріп, сомаклондарын алу, олардың сомаклондық өзгергіштігін зерттеу болатын. Алғаш рет in vitro жағдайында арпаның тетраплоидты, яғни хромосомалары екі еселенген түрлерін алдым. Ғылыми еңбектерім 1987 жылы Бүкілодақтық көрмеге қатысып, қола медалмен марапатталды. 1989 жылы кандидаттық диссертация қорғап, еңбек жолымды Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтында жалғастырдым. Сөйтіп биотехнология саласында алғашқылардың бірі болып ғылыми дәреже иелендім. Кейін аспирантурадағы еңбектерімді жалғастырып, 1999 жылы докторлық диссертация қорғадым.
Ғылым тек теориялық емес, қазіргі заманда практикалық нәтижелігімен құнды ғой. Осы орайда зерттеу жұмыстарымның нәтижесі ретінде биотехнологиялық жолмен Қазақстанда алғаш шығарылған арпаның сорттары Бастама мен Акжолды атап өткім келеді. Соңғысы аудандастырылып, қазір өндіріске ендіріле бастады.
– Биотехнология елімізді индустриалды инновациялық дамытудың басым бағыттарының бірі болып саналатыны белгілі. Осы бағытты дамыту туралы қандай пікір айтасыз?
– Қазіргі кезде биотехнология ғылым мен өндірістің қарқынды дамып келе жатқан жетекші бағыты. Жер бетінде халық санының күрт өсуі адамзат алдына күрделі мәселелер қоюда. Биотехнология жетістіктерінің қолдану аймағы өте кең және сан алуан. Бүкіл дүние жүзінде экономикалық жағынан тиімді де маңызды заттар өндіру, өсімдіктердің жаңа сорттарын, малдардың асыл тұқымдарын шығару, селекция процестерін жылдамдату, экологиялық таза өнім алу, қоршаған ортаның ластану мәселелерін шешу жолдарын жасау биотехнология ғылымының үлесіне тиеді. Бүгінгі күнде биотехнология ауыл шаруашылығында, дәрі дәрмектерді өндіруде, қайта өңдеу және кен өндіру өнеркәсібінде, сыртқы ортаны қорғауда және тағы басқа салаларда кеңінен қолданылады. Биотехнологиялық индустрия 200-ден астам түрлі ауруларды емдеуге, соның ішінде онкологиялық, жүрек-тамыр, диабет, жүйке аурулары, СПИД, артрит секілді ауруларды емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектер мен вакциналарды шығаруды қамтамасыз етуде. Адамдар соя, жүгері, рапс секілді дақылдардың генетикалық модификацияланған өнімдерін тағам ретінде пайдалануда, генетикалық модификацияланған мақтадан жасалған киім киюде. Биотехнологиялық жолмен әр түрлі микроағзалар мен өсімдіктерді пайдалана отырып, сыртқы ортаны ластанудан тазарту мүмкіндігі туды. Ауыл шаруашылық дақылдарының генетикалық модификацияланған түрлерін өсіру, сондай-ақ биопестицидтерді қолдану сыртқы ортаны ластаушы химиялық пестицидтердің қолданылу мөлшерін азайтты. Биотехнологиялық тәсілдермен алынған ферменттер (энзимдер) бүгін химиялық, тағамдық, целлюлоза-қағаздық, тоқыма және басқа өнеркәсіп салаларында кең қолданыс тауып отыр, соның нәтижесінде өнеркәсіп қалдықтарының көлемі кеміп, энергия мен суды тұтыну шығыны азайды. Атап өтілген бағыттар тек жоғары дамыған елдер үшін ғана емес, сондай-ақ экономикасы шағын елдер үшін де маңызды. Бүгін биотехнологияны дамыту ақпараттық технологиялар секілді кез- келген ел экономикасының қуатын және бәсекелестік қабілетін арттырудың негізгі көзіне айналып отыр. Биотехнологияны дамыту Қазақстан үшін де өте маңызды.
– Біздің замандастарымызға қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыз?
– Біздің замандастарымызда отаншылдық, ұлттық намыс жеткіліксіз секілді. Мені толғандыратын мәселе қолына билік тие қалған азаматтар алдымен өз бастарының қамын ойлайды. Алдымен елді, халықты ойлау керек деген сөздерді өте сирек еститін болдық. Екінші мәселе, өңкей қазақтар отырып алып бір-бірімізбен орысша сөйлесу әдетінен әлі арыла
алмай отырмыз. Осы кемшіліктеріміз ұлтымыздың дамуына үлкен кедергілер жасап отыр. Талай қазақ бар балаларын шет елдерде оқытып жатқан. Солардың біршамасы бірнеше тілді білсе де қазақ тілін білмейді ау! Сол жаныма батады.
– Оқырмандарымызға отбасыңыз туралы не айтар едіңіз.
– Жұбайым Ажар Батырбекқызымен 1983 жылы отау құрғамыз. Жұбайым ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты, Биология және биотехнология институтының ғылыми қызметкері. Тұңғышымыз Гүлнұр да ғылым жолында, Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетінде білім алған, М. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының ғылыми қызметкері. Үлкен ұлым Бауыржан Қ. Сәтпаев атындағы Ұлттық политехникалық университеттің түлегі, қазір «Центркредит» банкінде инженер программалаушы болып жұмыс істейді. Екінші ұлымыз Нияз Қытай елінде сегіз жыл оқып қытай тілінің магистрі атанды. Балаларымыз Әл Фараби атындағы Қазақ орта мектебінде оқыған, құдайға шүкір, үшеуі де домбыра тартады.
– Алға қойған жопарыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Қазір біз тынымсыз өзгеріп жатқан ғаламда өмір сүріп отырмыз. Бәрі өзгерер, бірақ кез келген қоғамның жетекшісі білім мен ғылымның маңызы ешқашан өзгермейді. Алда тұрған көп мақсаттардың ішінде ғалым есебінде ғылым мен білімнің рөлін, осы салада еңбек етіп жатқан қайраткерлердің еңбектерін насихаттауды ерекше атар едім. Бұған дейін қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті қайраткерлері Мұхамеджан Ерлепесов, Талғат Тегісов, революцияға дейін ауылды жерлерде мектеп ашқан ағартушы Ахмет Жәнтәлі секілді тұлғалар туралы зерттеу мақалаларын жазған едім. Алдағы уақытта соны жалғастырсам, ортамызда жүрген ғалым ағаларымыздың тұлғасын сомдасам деген мақсаттар бар. Сонымен бірге байлық, биліктен басқа да құндылықтар бар, соның ең бастысы адамшылық қасиетті жоғалтпау дегім келеді, соны жастар түсінсе екен деймін.
Сұхбаттасқан: Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Қазақ үні