"Тергеу әрекеті заңды жүргізілді": Полиция өкілдері Қатауовтың айыптауына жауап берді
2019 ж. 12 ақпан
2850
0
Кеше "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде қоғам белсендісі Талғат Қатауовтың полиция тарапынан қысым көргенін айтқан ашық хаты жарияланған болатын. Осыған орай БҚО ІІД баспасөз қызметі Қатауовтың сөзін жоққа шығарып хабарлама таратты. Құзырлы органның таратқан мәлімдемесін еш өзгеріссіз оқырман қауымға ұсынамыз.
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Т.Катауовтың полиция қызметкерлерінің құқыққа қайшы әрекеттері туралы мақаласында атап көрсетілген факті бойынша төмендегідей ақпаратты хабарлаймыз:
Орал қаласының тұрғыны Талгат Катауов 2019 жылғы 06 қаңтарда ғаламтордың әлеуметтік желісі арқылы ашық түрдегі жеке парақшасында «Қарағандыдағы қазағымның бас көтеруі халықтың үміт отын жақты» деп ашық хат қалдырған. Осы жазылған ақпаратты әлеуметтік желінің кез келген қолданушысының еркін түрде оқуға мүмкіндігі бар.
Аталған факті бойынша 2019 жылғы 11 қаңтарда Орал қаласының Полиция басқармасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігімен (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Жоғарыда аталған қылмыстық іс бойынша Қылмыстық-процестік кодекстің 78-бабы 6-бөлігінің негізінде Талгат Катауовтан қорғануға құқығы бар куә ретінде жауап алу үшін Орал қаласы Полиция басқармасының тергеушісі Ардақ Габдуллина оны ішкі істер органдарына жеткізу туралы жеке тапсырма шығарды.
Осы тапсырманың негізінде анықтау органының қызметкері Талгат Катауовты 2019 жылғы 9 ақпанда Орал қаласындағы теміржол вокзалында тоқтатып, оған құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, қылмыстық іс бойынша қорғануға құқығы бар куә ретінде тергеу іс-әрекетіне қатысу үшін тергеушіге жеткізген.
Сол сәтте Т.Катауов өзіне тиесілі 2 ұялы телефонын өзімен бірге бір вагонда келген туысқаны Р.Абденовке бергенін полиция қызметкерлері байқап қалған. Сол себепті де туысқаны Р.Абденов Орал қалалық полиция басқармасына жеткізілген.
Тергеуші А.Габдуллина Р.Абденовтен жауап алу кезінде ол 2 ұялы телефон Т.Катауовқа тиесілі екенін, пойыздан түскеннен кейін бергенін, «кейін аламын» дегенін мәлімдеген.
Тергеуші Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сәйкес Т.Катауовтың ұялы телефондарын оның туысқаны Р.Абденовтен алу жүргізген, бұл туралы хаттама толтырған, туысқаны Р.Абденов ақша немесе өзге де құнды заттар болмағанын растап, хаттамаға қол қойған, тергеуші қаулы шығарған. Сондықтан Т.Катауовтың тергеушіні қаралауын негізсіз деп санаймыз. Бұл ретте тергеушінің әрекеті заңды түрде жүргізілген. Осы тергеу әрекеттерін жүргізу барысы фото-аудио-бейне жазбаға түсірілді. Ұялы телефондарды алу процесін жүргізу тергеушінің қызметтік кабинетінде Р.Абденовтің қатысуымен іске асырылды. Қызметтік кабинет бейне бақылау жүйесімен жабдықталған. Аталған тергеу іс-әрекеттері бейне жазбаға сақталған.
Бұл ретте Т.Катауов полиция қызметкеріне еш дәлелсіз жала жауып, жалпы Қазақстан полициясының имиджіне кір келтіріп, қоғам тарапынан құқық қорғау органдарының атына негізсіз сын айтылуына ықпал етті.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Сізден Т.Катауовтың «Мені Оралдың полицейлері тонады» деген атаумен жарияланған мақаласындағы ақпараттардың негізсіз болуына байланысты бұл мақаланы жоққа шығарып, тергеуші А.Габдуллинаның жүргізген тергеу әрекетінің заңды екенін қайта жариялауыңызды сұраймыз.
БҚО ПД баспасөз қызметі