Қайтыс болған отбасының фото-видеосын әлеуметтік желіге жүктегендер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
2019 ж. 11 ақпан
5737
0
2019 жылдың 8 ақпан күні Түркістан облысы Келес ауданы Бесқұбыр ауылында бір отбасы табиғи газбен жанатын пештің ақау салдарынан уланып қайтыс болған. Сағат 16:30 шамасында Қошқар ата ауылындағы жеке үйлердің бірінен 1986 жылғы ер азамат пен оның 1993 жылғы келіншегі, екі баланың мәйіті табылған.
Бұл туралы Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.Оқиға орында болған Келес аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің алғашқы тексеру барысында пеш мұржасы күйген және қам кірпішпен араласып, лай сылағымен қаланғаны анықталды. Мұржаның кірпіштері (негізі) шатырдан аққан судың нәтижесінде ылғалданып, тұрақтылығын жоғалтып, ішіне қарай құлап, түтін шығу жолдарын бітеп қалған. Сараптама тағайындалды, қосымша ақпарат жарияланады.
Келес аудандық полиция бөлімі қайтыс болған отбасының фото-видеосын әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жариялау ҚР Қылмыстық Кодексiнің 147- бабының 5 — тармағына сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға соқтыратындығын ескертеді. Жариялаған барлық азаматтарға өшіру және таратпау керектігін назарларыңызға жеткізеді. Аталған оқиға бойынша полиция бөлімімен тергеп тексеру амалдары басталды және заңды бұза отырып таратушыларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Келес ауданының әкімдігі орын алған оқиғаға орай отбасының ағайын-туыстарына қайғыра отырып, көңіл айтады.
Сонымен қатар, әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылуда.