"Туыстары түнде тексеріп кеткен": бес баланың өмірін қиған өрттің мән-жайы

Астанада жер үйлердің бірінен шыққан жойқын өрттің мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин өрттен көз жұмған балалардың ата-анасына көңіл айтты.

"Орталық пультке өрт туралы ақпар түнгі сағат 02:34-те көршісінен келіп түсті. Шыңғыстау көшесінде орналасқан "Көктал 1" тұрғын үй массивінде өрт шыққан. Өрт сөндірушілердің алғашқы бригадасы оқиға орнына жөнелтілді. Екі минуттан кейін барлық өзара іс-қимыл қызметтеріне, яғни жедел жәрдем станциясына, полицияға хабар берілді", - деді Ильин.

Айтуынша, өрт сөндіру бөлімінен өртенген үйге дейінгі қашықтық шамамен 4 шақырымды құрайды. Бару уақыты – 7 минут.

"Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде, аумағы 30 шаршы метр уақытша құрылыстың жалынға оранғанын байқайды. Өртті сөндіру кезінде сағат 02:45-те үйдің төбесі жарым-жартылай құлаған, ал 02:53-те бес мәйіт табылды",- деп мәлімдеді министрдің орынбасары.

Сағат түнгі 03:06-те өрт ауыздықталып, 03:24-те толығымен сөндірілген.

Ильин өрттің алдын ала себебін атады.

"Өрт қатты отынмен жанатын пешті жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан шыққан. Оның үстіне балалар түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз қалған", - деді ол.

Оның айтуынша, өрт шыққан аумақта қайғыға душар болған отбасының туыстары да тұрады екен.

"Туысының айтуынша, олар түнгі сағат екілер шамасында үйге кіріп, балалардың ұйықтап жатқанын көрген. Пештен қандай да бір ақау байқамағаман. Ал 02:34-те өрт шыққаны туралы ақпар түсті", - деді Ильин.

Қаза болған балалардың әкесі Техникалық қызмет көрсету станциясында істейді екен. Түнде жұмыс берушісі оны шұғыл істермен жұмыс орнына шақыртып алған. Ал полиэтилен кәсіпорындарының бірінде істейтін анасы түнгі ауысымда болыпты.

Ильин бес бірдей бала өртеніп кеткен "времянка" марқұм қыздардың анасының үлкен апасына тиесілі екенін айтты.

Еске сала кетсек, бүгін түнде Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын үй массивінде жойқын өрт болды. Жер үйдің аумағында орналасқан "времянка" отқа оранған. Салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес бала көз жұмды. Қаза болғандардың барлығы – қыздар.