Дәурен Абаев Астанадағы өртке қатысты пікір білдірді

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астанадағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты, ҚазАқпарат.

"Бүгін Астанада қайғылы оқиға болды. Осыған баланысты балалардың ата-анасына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Өрт шыққан кезде кішкентайлардың ата-анасы жұмыста болды. Осы жағдайға байланысты бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында арнайы баспасөз жиыны өтеді. Өрттің шығу себептерін құзырлы органдар өте мұқият тексеріп, нақты ақпарат береді деп сенеміз. Өте қайғылы жағдай. Балаларымызға, олардың өміріне сақ болайық", - деді Д.Абаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Министрдің айтуынша, Астана әкімдігі балаларды жерлеудің барлық шығындарын өтейтін болды. Ал ата-аналарға кәсіби псиxологиялық көмек берілуде.

"Әкімдік барлық шараларды атқарып жатыр", - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Айта кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 қыз баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді.  Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.