Қазыбек Иса. Гауhарды алаяқ жасасақ, сайтандарды періште етейік !..
2019 ж. 02 ақпан
8715
2
Халықтың сүйікті әншісі Гауһар Әлімбекованың келесі сотта ақталып шығарына сенеміз
Қазақтың бар қызына бақытқа бастар "Ақ босаға" тілеп келген әйгілі әнші Гауһар Әлімбекова енді ақ босаға емес, түрме табалдырығын аттап отыр. Жазықсыз, біреуге жақсылық жасаймын деген әрекеті үшін...
Әйгілі комедияда айтылатындай, біздің "Әлемдегі ең гуманды, әділетті сот" Гауһар Әлімбекованы "алаяқ" жасап шығарғанда, ел төбеден жай түскендей аңтарылып қалды... Бірақ жұрт бұл негізсіз "үкімге" үрке қарап, сенбей отыр.
Бақсақ, бақа екен дегендей, жәбірленуші болып сотқа берген Бақыт Назарова Гауһардың өзі де алданып қалғанындай, әншінің үйіне келгенде, осы үйді 40 мың долларға "алып берген" нағыз алаяқ Ферузамен таныстыруды сұрайды. Танысқасын, 40 мың долларын беріп, пәтер кілтін алады. Сөйтіп, Гауһардың көршісі болады. Ал пәтерді жалға беріп қояды. Екі жылдан соң, пәтер жалған сатылғаны анықталғасын, Гауһар да, бауырлары да, Бақыт Назарова да пәтерлерінен айрылады. Айдың-күннің аманында алданып қалған Бақыт ханым, "Ферузамен сен таныстырдың" деп, Гаухарды сотқа береді.
Бұл жерде Гаухардың бар "кінәсі" Бақыттың өзі өтінгесін, Ферузамен таныстырғаны ғана. Ал негізі Гауһар да Бақыт секілді 35 жәбірленушінің бірі ғой.
Қарапайым ауылдағы ел де Гауһардың кінәсіздігіне көзі жетіп отырғанда, соттың, прокурордың, тергеушінің неге сауаты жетпейді айдан анық нәрсеге? Олардың және Бақыт Назарованың Гаухарды негізсіз кінәлауында қандай мақсат жатыр? Алматы қаласы Алмалы аудандық сот шешіміне сәйкес, әнші 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал прокурор Дәурен Дүнбаев тіпті, 8 жыл бас бостандығын айыруды сұраған болатын... Айыпталушы жәбірленушіге 40 мың долларды қайтаруға міндеттелді.
Сетьтік маркетинг деген бар. Біреу біреуді үгіттейді - бірінің артына, бірі тіркеледі. Талай адам осы маркетингке кіріп, біреу байып, біреу ұтылып жатады. Сонда ұтылып қалған олардың бір де бірі сетьтік маркетингпен таныстырған адамды айыптап, сотқа беріп, ақша өндіріп алғанын естімеппін. Өйткені оны ешкім зорлаған жоқ, өзі кірді. Бұл жерде, иә, үгіттейді. Ал Гауһар үгіттеген де жоқ, өзі үй алғасын өзге де алсын деген жақсылық ниетпен таныстырды ғой Бақытты Ферузамен. Онда да Бақытты үгіттеген жоқ, зорлаған жоқ, оның өзі өтінгесін таныстырды.
Ендеше Бақыт Назарова
1.Өзі таныстыруды сұраған;
2. Ақшаны алған басқа адам өзі мойындап тұр;
3.Өз қолымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінің әкімшілігінен пәтердің кілтін алып, екі жыл жалға беріп, жалғанды жалпағынан басып жүріп, енді неге алданып қалған 35 адаммен, Гаухармен бірге жәбірленуші болып, аңқаулықтарының азабын өзі тартпайды?
Ол неге алаяқ Ферузаға кеткен ақшасын өзі секілді жәбірленуші Гауһардан сот арқылы өндіріп алуы керек? Оған оның қандай заңдық және моральдық хақысы бар? Гауһардың ағасы Әділханның біздің "Қазақ үні" сайтында жарияланған сұхбатында айтқанындай, Бақыт Назарованың "Сен таныстырғасын алданып қалдым, ақшам жоқ, маған ақша бер" деп, жүрегі жұмсақ, ақ көңіл Гауһардан негізсіз ай сайын жүз мың теңгеден алып келуі - бопсалауға жатпай ма?
Сот пен прокурор алдымен елдің бәрі қойып отырған осы қарапайым сұраққа жауап беруі керек! Ендеше, алданған 35 адам бір-бірінен естіп жалған пәтер алып алданды, бәрі бір-бірін сотқа берсін онда?
Адвокат Жұмағали Зейнеловтың да дәрменсіз, әлсіздігі көрініп тұр бұл жерде!
Біздің елдің сотын, шынында да ""Әлемдегі ең гуманды, әділетті сот" деп ойлап қалған ақкөңіл әнші Гауһар Әлімбекова қапыда қолына кісен түскенше, сотқа сеніп келгендіктен, бұл оқиғаны жария қылмай келгені де өкінішті.
Енді ғана, темір тордың аржағынан елге хат жазып жатыр: "Қайран қазағым-ай, не боп кетті, түсінбей қалдым. Ешбір дәлел болмаса да, ең бастысы - ақшаны алған адам толық мойындап тұрса да, қалай бәрі астан-кестен боп кетті, мең-зең боп, жүрегім бір сәтте тоқтап қалғандай болды…
Алаяқтық деген де-үлкен бір Өнер ғой, менің қолымнан ән шығарып, сол әнді жеткізгеннен басқа қолымнан ешнәрсе келмейді ғой, қайтем, маңдайға жазылғанды көріп жатырмын. Мүмкін Бақыт тәте мені темір торға отырғыздым деп, мәз боп бақытты боп жүрген шығар, мен оған жамандық тілемейм, Алла разылығы үшін кешірдім. Алланың осы бір сынақты бергеніне шүкір.
Ең маңыздысы, бұл шіркіндердің тұмшаланған темір тордың ішінде бас бостандығымнан айырғанмен, менің Аллаға деген сенімім мен халықтың маған деген-ыстық ықыласы мен менің халыққа деген үлкен махаббатымды тартып ала алмайды, себебі шығарып алған қолыма гипс салдыруға емханаға апарғанда, сол жердегі қыз-келіншектер мені танып қойып, құшақтап жылап, сабырлы бол-дегенде, түк түсінбей, бұлар қайдан біледі?-деп тұрып қалдым. Сөйтсем бәрі инстаграм желісінен хабардар екен. Көзімнің жасы мөлт-мөлт етіп, “Бір тамшы көздің жасындай” болды. Қысқасы, мейлі, уайымдамаңыздар, бәрі жақсы, Алла нәсіп етсе-амандықпен кездесерміз!"-деп, үміт етіп жатыр қайран әнші қызымыз!..
Аппелияцадан кейінгі соттан әділдік күтеміз. Гауһар Әлімбекова келесі инстанцияда ақталып шығарына сенеміз.
Өйткені, біз білетін жаны таза жайсаң әнші Гауһар Әлімбекова біреуден сабақты ине алмайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын адал жан. Егер Гауһар алаяқ болса, онда халық қазынасын миллиондап жеп жатқан жемқорларды періште деп жариялау керек шығар....
Қазақтың дарынды әнші қызына араша түсіп жатқан Ермұрат Бәпи, Мұқтар Шерім, Сәуле Әбілдаханқызы, Динар Камиловалар бастаған журналистер қауымына, алданған әншіге адвокат болуға келіскен Абзал Құспан бауырымызға, әйгілі әншілер, Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев, Нұрлан Албан, Гүлзира Айдарбекова, Жазира-Жанболат, Айнұр Тұрсынбаева, Бағлан Әбдірайымов секілді әріптестеріне алғыс айтамыз.
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz