НАР ТҰЛҒАЛЫ НОҒАЕВ
2019 ж. 02 ақпан
3801
0
Мемлекетшіл, халықшыл тұлға Нұрлан Асқарұлы туралы үзік сыр
«Ақынның да ақыны бар, өлеңі бір бөлек, әкімнің де әкімі бар, берері бір бөлек» демекші, елдік мұрат жолында елеулі еңбек етіп жүрген қайраткерлеріміз елімізде аз емес. Олар мемлекет дамуына қызмет етіп, ұлттың ұлт болып ұйысуына ерекше үлес қосып келеді. Бір артықшылығы, қазіргі аға ұрпақтың қатарына еніп жүрген ел ағаларының маңдайына Тәуелсіз ел атанған мемлекеттің ауыр жүгін арқалау жазылды. Бұл біле білген адамға – зор бақыт, зіл батпан жауапкершілік. Кейбір мемлекеттік тұлғалар осы қазақ қоғамының аса ауыр жауапкершілігін иығына екі есе артып жүр. Әрине, олардың елге қызмет етудегі бағасын болашақта халық беретін болады. Мезгіл мінберінен көрінген тұлғаның болмысын айшықтау – уақыттың еншісіндегі мәселе. Дегенмен, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына білім-білігімен, ақыл-парасатымен үлес қосып жүрген азаматтар жайында жылы лебіз білдіргеннің айыбы болмас. Біз бүгінгі тақырыпта Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мырзаның мемлекетшілдік, ұлтшылдық қасиеттерін тілге тиек еткенді жөн санадық. Қажырлы еңбегінің арқасында қызметте өсті Нұрлан Асқарұлы – қатардағы қарапайым қызметкерден биік дәрежелі мемлекет қызметшісіне дейінгі еңбек жолынан өтіп, шыңдалған тұлға. Тау-кен инженері, экономист мамандығын меңгерген ол алғаш еңбек жолын өзінің туған жері Ақтөбе облысы, Октябрь ауданы, Қандыағаш станциясында электромонтер болып бастаған. 1993-1995 жылдары Мәскеудегі «Гили – Паскер» ЖШС-де мұнай өнімдері жөніндегі бас сарапшы, бөлім бастығы, бас директоры қызметтерін атқарған. 1995-1996 жылдары Алматыдағы «Отырар Лтд» шағын кәсіпорны директорының орынбасары болды. 1996-2006 жылдары «Қазтүрікмұнай» ЖШС-не инженер болып орналасып, бөлім бастығы, бас директоры қызметіне дейін өсті. Тіпті, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атқарушы директоры болды. Біз ол кісінің еңбек жолына бекерге тоқталып отырған жоқпыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, ол кейбіреулер құсап «әке-жәкенің» арқасында бірден жоғары қызметке топ ете қалған жоқ. Керісінше, бәрін ең төменнен бастап, өзінің қарым-қабілетінің арқасында қызмет баспалдақтарымен өсе білді. 2006 жылы ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болып, одан кейін бір жылдан соң әкімдік қызметке ауысты. 2007 жылдың қыркүйегінен бастап Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Кезінде талай жыл министр, облыс әкімі, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметтерін атқарған іскер басшы Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтың орынбасары болды. Қабілетті, мемлекеттік тәжірибесі зор, мықты ұйымдастырушының қасында жүріп, жақсы тұлғаның жағымды қасиеттерін бойына сіңірген Нұрлан Асқарұлы 2010 жылы БҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Жылдар бойы жинаған мол тәжірибесімен, өзінің жаңалыққа құмарлығы және тынымсыз еңбекқорлығының арқасында Ноғаев араға екі жыл салып Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Аймақ билігін қолына алған күннен бастап өңірдің дамуына, әлеуеттің нығаюына көп күш жұмсады. Елбасы тарапынан да, халықтан да лайықты бағасын алып, өзін нағыз істің адамы, ерінбейтін, жалықпайтын, табанды қызметкер екендігін байқатты. Оның осындай ерекше қабілетін аңғарған Елбасы енді оған жаңа міндет жүктейді. 2016 жылы Қазақстан мұнайының астанасы – Атырау облысының әкімі етіп тағайындайды. Содан бері Ноғаевтың тағы бір тынымсыз күндері басталады. Жүрекжұтқан азамат Айта кетейік, Атырау облысы – Қазақстан үшін өте маңызды стратегиялық аймақ болып саналады. Қазақстан мұнайының басым көпшілігі осы өңірден шығады десек, артық айтқандық емес. Мұнда халық мұнай өңдеу, балық шаруашылығы, аграрлық сектор, т.б. істермен айналысады. Атырау облысын басқару оңай емес. Бұл жақтың халқы да тасқын секілді өр рухты, өжет мінезді келеді. Өңірдің оппозициясы да анау-мынау емес, бұрынғы ірі-ірі шенеуніктерден құралған үлкен топтар. Олармен жұмыс істеу өте күрделі. Естеріңізде болса, Нұрлан Ноғаев аймақ тізгінін қолына алғанына бір ай уақыт өтпей жатып, Атырауда жер дауына байланысты алғаш бейбіт шеру өтті. Осындай нағыз сыналар сәтте облыс әкімі креслода отырмай, керісінше, ашуға булыққан мыңдаған жұрт арасына күзетсіз-ақ өзі батыл кіріп, халыққа басу айтып, сабырға шақырды. Еш кісілігі жоқ, қарапайым, қызметін де, қажыр-қайратын да халыққа арнаған азамат, міне, осындай-ақ болсын! Ноғаевтың бұл ерлігі халықтың жадында сақталып, тарихта қалатыны сөзсіз. Әйтпесе жерге байланысты митингтер еліміздің өзге аймақтарында да орын алды. Бірақ дәл Ноғаевтай ызаға булыққан халық арасына ешқандай әкім шыға алған жоқ. Ол – шындық! Қайта керісінше, осындай қиын сәтте көп әкімдер бұғып қалып, ашуға мінген жұрттың алдына полицияны айдап салып отырды. Осы кезде халық Ноғаевқа риза болып: «Әкімдердің ішіндегі нағыз ер жүрек азамат екен» деген баға берді. Әкім деген осылай халықпен бірге болуы керек. Басқа әкімдер немесе депутаттар ашу үстінде тұрған халықтың арасына кіріп, сөз сөйлемек түгілі, экраннан да басу айта алмай, «ереуілді естімедім» деп, журналистерден қашып жүргенін көрдік. Ал Ноғаев көтеріліп кетуге шақ тұрған халыққа басу айтты, сабырға шақырды, тыныш тарқата білді. Міне, нағыз елшіл, мемлекетшіл, халықшыл азамат дегенді осындай әкімдерге қарата айтуымыз керек. Қалай десек те, Нұрлан Ноғаевтың ел үшін қандай қадамға барса да қажымай, шаршамай, ширыға жұмыс істеуі, күрделі кезеңдерде қателеспей шыдамдылық танытуы, тіпті қиын істе батырға тән байламға барып, қол бастай білуі, алған беттен айнымай жол бастай білуі – қазіргі тізгін ұстаған талайға үлгі боларлықтай зор әрекет. Нағыз халықшыл әкімнің бұл ісін бас бармақпен бағалауымыз қажет. Елдің де, Елбасының да көңілінен шығып келеді Жасыратыны жоқ, Ноғаев Атырау облысына әкім болып келгенде, жергілікті жұрт жатырқай қарағаны рас. Дегенмен, онда ол халықпен етене жұмыс істеудің үздік үлгісін көрсетті. Облыс әкімінің Атырау аймағына табаны тимеген жер қалмаған шығар. Барған жерінің бәрінде жергілікті шенеуніктерге қатаң талап қойып, тиісті тапсырмалар берді. Өз ісіне немқұрайлы қараған кейбір жергілікті басшыларды сынға алып, халықпен етене жұмыс істеуге үгіттеді. Әсіресе, жергілікті әкімдіктің, ветеринария басқармасының жұмысына көңілі толмайтынын ашық жеткізді. Бір өкініштісі, біздегі әкімдердің басым көпшілігі Елбасы көңілінен шығуды ғана ойлап, халыққа жағымды болуды екінші планға ысырып қояды. Ал Ноғаевтың артықшылығы сол, ол Елбасының да, елдің де көңілінен шығуды қатар алып жүреді. Елбасының сеніміне ие болған Ноғаевтың Қазақстанның мұнайлы өлкесіне ауыстырылуының тағы бір себебі, мәні мүмкін осыда жатқан шығар, кім білсін?! Өзге өңірлердің әкімдерін мүмкін қазандықтың отыны мен құбырлардың жай-күйі алаңдататын шығар, ал Нұрлан Асқарұлы соның бәрімен бірге Атыраудың рухани өміріне, ағарту саласына, зиялы қауымды ойландыратын мәселелерге, т.б. ерекше мән береді. Өйтпеске тағы болмайды. Өйткені, бүгінгі әкім тек шаруашылық мәселелерімен ғана емес, сондай-ақ, жаһандану заманында қазақстандық мәдениетті нығайтып, елдік, мемлекеттік мүддеге қызмет етумен қатар, тұрғындардың әкімдікке деген сенімін арттырып, халықпен қоян қолтық жұмыс істеу секілді қат-қабат шаруалармен де айналысуы тиіс. Осы ретте қайбір жылы Атырауда Алаш қозғалысының 100 жылдығы дүркіреп аталып өтті. Облыс әкімі ұмыт болған Алаш қайраткерлерінің өмірі мен құндылықтарын ұрпаққа насихаттау мәселесіне ерекше назар аударды. «Өскелең ұрпақ, жастар Алаш қайраткерлерінің аттарын біле бермейді. Осы өңірде сол идеяны ту етіп ұстап, сол жолда жанын пида етіп, қамауға кеткен қаншама азамат бар. Солардың аттарын шығаруымыз керек. Олар туралы деректер әзірге, өкінішке орай, аз. Бәрі «шаң басқан архивтерде» жатыр. Соны табу – біздің міндетіміз», – деген болатын Н.Ноғаев. Мұның алдында мұнайлы өлкеде Атырау өңірінің тумасы, ақиық ақын, ҚР Әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтің оқулары өткен еді. Онда да Ноғаев ұлт мәселесін көтеріп, қазақ қоғамын ұлтсызданудан қорғау керектігін жеткізген. Сол кездегі мәлімдемесінде ол: «Арамызда дәстүрін, мәдениетін ұмытып бара жатқан азаматтар бар. Біз ұл-қыздарымызды ұлтсызданудан қорғауымыз керек. Ал бұл процеске төтеп беретін бірден-бір жол, ол – рухтың биіктігі. Жастар рухқа азық болатын халқының мұраларынан үнемі нәр алып отыруы қажет», – деген еді облыс әкімі. Тіл жанашыры Айта кетейік, Атырау облысы еліміздің негізгі өнеркәсіптік орталығы болғандықтан, мұнда тек қазақстандық емес, сонымен бірге шетелдік ірі компаниялар да жұмыс істейді. Нұрлан Асқарұлы осы кәсіпорындарда жұмыс істейтін қарапайым жұмысшылардың да қамын ойлап келеді. Ол бір сөзінде бүкіл әлемде мұнай өндірудің азаюына қарамастан, жұмысшылардың жаппай қысқаруға ұшырауына жол беруге болмайтынын жеткізді. Міне, Ноғаевтың шетелдік инвесторларға қатысты осындай батыл әрекеттері де көпке үлгі бола алады. Нұрлан Асқарұлы мемлекеттік тілге де үнемі қамқорлық танытып жүреді. Бірде ол Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы, Тәжікстандағы, Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коппен кездескенде орыс тілінде сөйлесуден бас тартты. Әкім орыс тілінде сұхбаттасуды ұсынған елшіге «Біз Қазақстаннанбыз ғой. Мысалы, мен Нидерланд еліне барар болсам, қасыма голланд тілінде сөйлейтін аудармашыны ертіп апарамын, сондықтан қазір қазақ тілінде әңгімелесуге мүмкіндігіңіз болмаса, келесіде қазақша сөйлесуге келісейік», – деген еді Нұрлан Асқарұлы. Осылайша облыс басшысы аймақтағы тіл мәселесін достық, сыйластық арқылы жолға қоя білді. Әйтпесе, облыс әкімі бір емес, бірнеше тіл білетінін жұртшылық біледі. Ол орыс, түрік, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Ілгерідегі бір сұхбатында Нұрлан Асқарұлы тілге қатысты былай депті: «Тіл – халықтың жаны. Сондықтан бұл бағытта адамның қанын қоздырар, жанын тебірентер қызу әңгімелер жүруі, әлбетте заңды. Ақын Қадыр Мырза Әлидің «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген ұлағаты өз маңызын ешқашан жоймайды. Бірақ тіл әсіреқызыл саясаттың «әпербақан» құралына айналмауы тиіс. Берекелі ел болса, басымызда – баянды бағымыз, қоғамымызда – тұрақты тірлігіміз тұрса, бәрін де бірігіп атқаруға боларына елдің көзі ендігі жерде жетті. Абай атамыз «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп айтқандай, ендігі мәселе – сол ана тіліміздің ұлы көшке ілесіп, қатардан қалмай, алға озуында. Бұл – баршамыздың ісіміз...». Тоғыз жасар бүлдіршінге өмір сыйлады Нұрлан Асқарұлының тағы бір ерекшелігі, ол қайда жүрсе де ел-жұртқа, әсіресе, мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек беріп жүреді. Оның жергілікті таланттарға, ақын-жазушыларға көп қамқорлық жасағанын талай естіп жүрміз. Біз оның бәрін қайталамай-ақ, тек өзіміз куә болған бір оқиғаны жеткізгіміз келеді. Осыдан біраз бұрын ДЦП диагнозымен ауырып, қосымша эпилепцияға шалдыққан бүлдіршіннің анасы бізге шығып, баласын емдетуге қаражат таппай, қатты қиналған болатын. Бүлдіршінге шұғыл көмек қажет. Әр сәт қымбат. Осындай қысылтаяң кезде 9 жасар бүлдіршінге өмір сыйлағысы келетін мейірімді жандар іздей бастадық. Бір көмектессе, Нұрлан Асқарұлы жәрдем етер деген ниетпен ол кісіге арнайы хат жазған болатынбыз. Жас бүлдіршіннің өміріне араша түсер деген сенімімізді ол кісі жерге таптаған жоқ. Қайта кәсіпкерлерге шығып, мүмкіндік болғанша көмектесуін сұрады. Осыдан кейін кәсіпкерлер қаражат жағынан көмектесіп, бүлдіршіннің емделуіне зор мүмкіндік жасады. Нұрлан Асқарұлының бұл жақсылығына айтар алғысымыз шексіз. Әсіресе, жас бүлдіршіннің анасы ол кісінің көмегіне қатты риза болып, жылап жіберді. Нұрлан Ноғаевтың бұл жақсылығы ешқашан ұмытылмайды. Жүректе мәңгі сақталады. Әрине, Ноғаев ел-жұртқа жасаған жақсылығын көпке айтқанды қаламайды. Өйткені, жақсылықтың бәрі жасырын жасалғаны абзал. Дегенмен, «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген халық даналығын ескере отырып, ол кісінің осы бір қайырымды әрекетін айта кеткенді жөн санадық. Қазақ руханиятының қамқоршысы Бүгінде елуді еңсерген ағамызға облыс әкімі деген абыройлы қызметті атқару мақтаныш қана емес, міндет пен жауапкершілік сезімін де сыйлайтыны анық. Әрі Ноғаев бұл орынтақ миссиясын өз деңгейінде атқарып келеді. Сол себептен шығар, ұлт руханиятына етене жақын шенеунік ретінде ол зиялы қауым арасында орынды мадаққа жиі ұшырап жатады. Қалай дегенмен де, қазақ руханияты үшін қабырғасы қайысатын атқамінерлер арасында Н.Асқарұлының тұлғасы бір төбе десек, артық айтқандық емес. *** Бір сөзбен айтқанда, Атырау облысына Нұрлан Ноғаев әкім болып келгелі аймақтың әр саласында ілгерілеу бар. Өнеркәсіп саласы, балық шаруашылығы, азаматтарды баспанамен қамту мәселесі де жылдан-жылға жанданып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар да талапқа сай орындалып отыр. Президент тапсырмаларын тыңғылықты орындап, халықтың көңілінен шыға білген, мұнайлы өлкенің дамуына зор үлес қосып келе жатқан мұндай басшыны қалай мақтамайсың? Ол елі үшін аянбай тер төгіп, өзіне артылған үмітті абыроймен атқарып келеді. Нұрлан Ноғаев басқалардан осы қасиетімен ерекшеленіп тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, Атырау облысын басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін өте күрделі шаруа. Егер Нұрлан Асқарұлы осы сынақтан жақсы өтетін болса, онда оның болашағы бекем, келешегі кемел болмақ. Өйткені, көп саясаткерлердің айтуынша, Атырау облысы әкімі лауазымы қызметтік баспалдақта өсуге зор мүмкіндік беретін табысты орын саналады екен. Кезінде бұл лауазымды қазаққа жақын тұлға Иманғали Тасмағамбетов абыроймен атқарып, мәртебесі биіктеді. Ел арасында саяси салмағы мен танымалдығы артты. Аслан Мусин де осы орыннан жоғарылап, Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіне дейін өсті. Бақтықожа Ізмұхамбетов те Мәжіліс спикеріне дейін көтерілді. Қандай лауазым болсын біз Нұрлан Асқарұлының қыран құстай самғап, биіктерден көріне беруіне тілектеспіз. Өйткені, оның елге бергенінен әлі берері көп. Атқаратын игі істері әлі алда деп санаймыз. Еңбегіңіз жанып, абырой биігіне көтеріле беріңіз, жақсы аға! АТЫРАУЛЫҚТАР КӨМІР ЖАҒУ МАШАҚАТЫНАН ҚҰТЫЛАДЫ Атырау жұрты қара күйе болып, көмір жағудың машақатынан құтылды. Аймақтағы елді мекендердің 130-ы немесе 79,2 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштің бірі. Енді облыс көлеміндегі қалған 34 ауылды газдандыру жоспарланып отыр. Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Сүйіндік, тағы басқа ауылдарда 7 мыңның үстінде адам тұрады. Елдің батыс бөлігін мекендеген тұрғындар табиғи әрі арзан отынды армандағанына талай жылдың жүзі өткен. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиевтің айтуынша, аталған елді мекендерді газдандыру үшін екі жоба әзірленген. Соның бірі 365 шақырымдық магистралдық және кентаралық жоғары қысымды газ құбыры. Екіншісі – жалпы ұзындығы 67,6 шақырымды құрайтын селоішілік көгілдір отын желісі. Жобалардың жалпы құны – 10, 3 млрд. теңге. Қазір «КА-СтройЛТД» ЖШС-нің күшімен 362 шақырым кентаралық газ желісі тартылған. Селоішілік құбырдың құрылысы да басталуда. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау көзделіп отыр. Бұған қоса, 13 шағын ауылға газ құбыры тартылады. Олардың қатарында Бала Ораз, Атамбаев, Көздіқара, Есмахан ауылдары (Махамбет ауданы), Амангелді, Жасқайрат, Қызыл үй (Исатай ауданы) және Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендері (Қызылқоға ауданы) бар. Облысты газдандыру мақсатында бұдан өзге ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Соның бірі – «КазТрансГазАймақ» АҚ-на қарасты Атырау өндірістік филиалы үсынған 9 инвестициялық жоба. Бұл тозығы жеткен болат құбырларды полиэтиленге ауыстыруды мақсат етеді. Мұндай бастама желінің қуаттылығын да арттырады. Жобадағы 6 нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 228,2 млн. теңге бөлінген. Қалған үш жобаға биыл қаржы қарастырылады. Бәрінен де маңыздысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы тұрғындар үшін тарифті көтермеуге мүмкіндік береді.Серік ЖҰМАБАЕВ
qazaquni.kz