Қостанайда оқушының әкесі мұғалімнің жағын сындырды

22 қаңтарда Қостанайдағы А.М.Горький атындағы гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімін ұрып кетті деп жазады kstnews.kz.

Гимназия директоры Ирина Шушпанованың айтуынша, сол күні мектепке екінші сыныпта оқитын қыздың әкесі сынып жетекшісімен сөйлесуге келген екен.

«Дене шынықтыру пәні мұғалімінің айтуынша, сабақта қыз тыныш отырмаған. Содан оған ескерту жасайды. Тыңдамаған соң ол қыздың көңіліне тиетін сөз айтқан. Сөйтіп кішкене қыз мектепте жүрген әкесіне мұғалімінің өзін ұрысқанын жеткізеді. Дәл сол кезде дене шынықтыру сабағы аяқталып, мұғалім оқушыларды сынып жетекішісіне тапсырған. Ары қарай өзі залға кетіп бара жатқанында қыздың әкесі алдынан шығыпты. Ол дәлізде мұғалімге айғайлап, оны ұрып, жағын сындырған. Сол уақытта әкесінің жанында қызы болған», - дейді мектеп директоры.

Мұғалімді ұрып жатқан сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бірден жедел жәрдем шақыртылып, мұғалім ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта дене шынықтыру пәні мұғалімі соққының салдарынан есін жоғалтып алғанын айтып, полицияға шағымданды.

Ал қыздың әкесі өз ісіне өкінбейтінін жеткізген.

Дереккөз: sn.kz