Депутат Нұртай Сабильянов ұстаздарымен кездесті

нуртай Таяуда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Шыңқожа ауылы мектебінің 10 мұғалімі Парламент үйіне келді. Олар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-ның Саяси кеңесінің Бюро мүшесі Нұртай Сабильяновқа кезінде тәлім-тәрбие берген ұстаздары. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай білім беру ісінің ардагерлері Астанаға депутаттың арнайы шақыруымен келген. Н.Сабильяновтың айтуынша: «Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарынан Астанаға соғыс және еңбек ардагерлері, теміржолшылар, мектеп мұғалімдері мен оқушылар келген болатын. Осы жолы өзіме сабақ беріп, қанатымды қатайтып, білімімді ұштаған ұстаздарым келді. Ұстазға құрмет көрсету – халыққа адал қызмет етумен тең» деді. Шыңқожа ауылы мектебінің мұғалімдері Астана қаласымен танысып, аралап көрді. Экскурсия барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайын, «Бәйтерек» кешенін, «Думан» ойын-сауық орталығын, Хан Шатырды, Бейбітшілік және келісім сарайын, Елорданың басқа да көрікті жерлерін аралады. Депутатпен кездесу кезінде ұстаздары Айтқазы Исатаев, Қапау Аушанова, Биторы Жалбағаев, Қайырбек Қарымбаев, Әбдіқадыр Оспанов кезек-кезек сөз алып, өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтты. «Нұр Отан» партия­сынан сайланған халық қалаулысына ризашылықтарын айта келіп, туған жерінің тілегін жеткізді.

Әсел РЗА