Шәкір Ыбыраев: «Стан» – түркі тіліне жат парсы сөзі

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Қазақстан атауын Қазақ Республикасы деп өзгерту туралы бастама көтерген ол Президенттің 2014 жылы жасаған ұқсас ұсынысын еске салды, - деп хабарлайды "Айқын" газеті.

– Негізінде, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын «Мәңгілік ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Елбасының ұстанымын жүзеге асыратын уақыт келді деп ойлаймын. Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп өз атымен атауымыз керек. Республикаға тоталитарлық биліктің өзі мойындаған байырғы «Қазақ» деген атауын қайтару тарихи әділдікті орнатып қана қоймай, біздегі әртүрлі ұлт өкілінің бірлігі мен достығының нығаюына әсер етеді», – деді Мәжіліс депутаты. Оның айтуынша, «Қазақ Республикасы» қазіргі Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы қажет. «Айқынның» бүгінгі алаңында депутаттың ұсынысын сарапшылармен бірге талқылап көрдік.

Біз әңгімеге тартқан тарихшы Мәмбет Қой­гелді мемлекет атауын өзгерту туралы ұсынысқа келісе­ті­нін білдіріп, өз ойын елдегі демог­ра­фиялық ахуал­дың қазақтардың пайдасына өзгеруімен тү­сін­дірді.

– Орынды ұсыныс. Мемлекетіміздің атауы кеңестік дәуірде біраз тәркіге түскені белгілі. 1920 жылы кеңестік автономия алған уақытта Қырғыз Республикасы аталдық. 1925 жылы мем­лекетке бұрынғы төл аты қайтарылды. Со­дан Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Қазақ Республикасы болып келдік. Тәуелсіздік алған тұста жерімізді Қазақстан деп жарияладық. Нег­ізінде, елдің мемлекет құрушы халықтың аты­мен аталуы әлемдік тәжірибеде бар құбы­лыс. Қазір қазақтың жалпы халық санындағы үлесі 70 пайызға жақындап қалды. Қай жағы­нан алып қарасақ та, мұндай өзгерістің уақыты келді деп ойлаймын, – дейді ол.

Академик Шәкір Ыбыраев «стан» қосым­шасының төл тілге жат екенін еске салған топқа қосылды. Ғалымның пікірінше, әлем ха­лықтарының 90 пайызы мемлекетіне титул­ды ұлттың атауын берген.

– «Стан» – түркі тіліне жат парсы сөзі. Мем­ле­кет деген ұғымды беретін бұл қосымша Орта­лық Азияда орнығып қалды. Әлемде қан­ша мемлекет бар. Солардың 90 пайызы титулды ұлт­тың атауымен аталады. Францияда фран­цуз­дан бөлек қанша этнос өкілі тұрса да, оны Фран­цуз мемлекеті дейміз. Испания мен Ита­лия, Германиядағы жағдай да осыған ұқсайды. «Тарихи әділеттілік» тұрғысын­дағы пікірлерді қолдаған эконо­мист Жанұзақ Әкім де «мемлекеттің атауы оның тағдырын анықтайтын маңыздылыққа ие» екеніне келі­седі.

– Қазақстан – әуелден ұлттық мемлекет. 1896 жылғы санақ бо­йынша жерімізде қазақтан басқа ұлттың үлесі небәрі 3 пайыз төңі­регінде болған. 1922 жылы Қазақ автономиясын құрғанда да, 1936 жылы Конституция қабыл­даған кезде де Кеңес Одағы Қазақ Со­веттік Социалистік Респуб­ли­касы деп атымызды нақты белгі­леді. Тоқсаныншы жылдары қолы­мыз жеткен тәуелсіздікпен бірге кері шегініс жасадық. Ол дұрыс емес. Адамның тегі немесе мем­ле­кеттің атауы оның негізгі тағдырын анық­­тайды. Сондықтан Қазақ Рес­­­­публикасы деген тарихи аты­мыз­ды қайтару керек деп есептеймін. Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстан атауын қалай алға­нымызды еске алып, бүгін талқыға түсіп отырған мәселенің бірнеше жылдан бері ара-тұра көтеріліп жүргенін айтады.

– Бұл мәселені 90-жылдардан бері бірқатар ұлтжанды азаматтар, сарапшылар, саясаткерлер көтеріп келеді. Кезінде Жоғарғы кеңес (қазіргі Парламент – ред.) бірнеше минут ішінде Қазақ Республикасы атауын халықпен ақылдаспай, ешбір талқылаусыз, қоғамдық пікірді ескермей Қазақстан деп өзгертіп жіберді. Бұл туралы бір­қатар депутаттарымыз өз есте­лік­терінде айтады. Сол кездегі Жо­ғарғы Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдиннің де осы мәселеге қа­тыс­ты пікір білдіргені бар. Мұның қаншалықты заңды екені бөлек әңгіме, – дейді ол. Мемлекет тарихы институ­ты­ның заңгері Еркеш Қалиұлы Қа­зақстан атауына ауысу туралы шешімді тоқсаныншы жылдары өзекті болған ұлтаралық мәсе­лемен байланыстырады.

– Ол кезде ұлтаралық қаты­нас­тар барлық одақтас мемлекеттерде өршіп тұрды. Кеңес Одағы кезінде интернационализм приницип­теріне сәйкес, өздерін Қазақ­стан­ның теңқұқылы азаматы сезініп, жерді ортақ санап келген өзге ұлт өкілдері үшін мемлекет атауын Қазақ Республикасы деп белгілеу «Сендер бұл ұғымға кірмейсіңдер!» дегенмен тең әсер етуі мүмкін еді. Осы мәселені ушықтырып алмау үшін «Қазақстан» деп атау келісілді деп ойлаймын.

Расул Жұмалы мемлекет ата­уын Қазақ Республикасы деп өз­герту «қолдан құрастырылған қа­зақ­стандық ұғымына» біржола нүк­те қойып, екіге бөлінген қо­ғам­ды біріктіруге мүмкіндік береді деп сенеді.

– «Стан» қосымшасы бар ел­дердің өзінде, біз оларды негізгі ұлт арқылы танимыз. Ауған­стан­дықтар емес, ауғандықтар, тәжік­стандық емес, тәжіктер дейміз. Ал бізде «қазақстандық» деген ұлтты ойлап табуға тырысады. Негізі бұл – қолдан жасалған түсінік. Өйт­кені ұлт болу үшін оның мәде­ниеті, тілі, тарихы болуы керек. Бұл ұста­ным­дарға қазақстандық деген атау сәйкес келмейді. Қа­зақстандық тіл, қазақстандық тарих, қазақ­стандық әдебиет жоқ. Сондықтан бұл біздің қоғамды өзін-өзі тану, идентификациялау тұрғысынан шатасуға әкеліп отыр. Орыстілді қауым өздерін – қазақ­стандықпыз, қазақтілді қоғам – қазақпыз дейді. Онсыз да саны аз мемлекетте осын­дай ішкі қарама-қайшы­лықтар бар. Қазақ Респуб­ликасы деп атау арқылы осы мәселелердің алдын алуға болады. Азат Пе­руашевтің ұсынысын қолдаймын. Бірақ оның Қазақ Республикасы мен Қазақстан тең жүруі керек дегені қисынға кел­мейді. Бірден Қазақ Республикасы болып түбегейлі өзгеріп, біркелкі жүйеге түсу керек. Екі атау қатар қалса, бұл қайтадан екіге жа­рылған көзқарасқа алып келуі ықтимал. Маңызды бір мәселе – мемлекет атауын ауыстыру басқа диаспора өкілдерін кемсіту емес­тігін түсіну керек. Конституция алдында азаматтың бәрі тең. Саясаттанушы 2014 жылы Мем­лекет басшысы ортаға тас­та­ған бастаманың біршама қоғамдық қолдауға ие болғанына қарамастан, кейінге қалып, 2019 жылы қайта көтерілуінің себебін халық тала­бының артуынан іздейді.

– 90-жылдардың басымен салыстырғанда, қазақтың үлесі 40 пайыздан 70-75 пайызға жетіп қалды. Қазақтың намысы, рухы, еңсесі де көтеріле бастады. Атал­ғандармен қатар елдің талабы да күшейетіні анық. Өз кезегінде билікке халықтың арман-тілегін ескеруге тура келеді. Латын әліп­биіне көшу, Рухани жаңғыру, Қазақ хандығының 550 жылдығын той­лау – сондай өзгерістердің көрінісі. Мемлекет атауына қатыс­ты ұсы­ныстар да қазақ қоғамында жиі айтылып жүрген қажетті­лік­терді ескеру, осы арқылы елдің көңілін табу мақсатында туын­дайды. Бірақ ондай бастамалардың іс жүзінде орындалмай тоқтап қалуы биліктің өзі бұл шешімге дайын болмағанын көрсетеді. Жоспарлардың іске аспай қалуы халықтың уақытша көңілін аулау, күн тәртібіндегі басымдықты осы мәселеге бере тұру мақсатымен де байланысты болуы мүмкін. Ел атауын өзгерту туралы ұсы­ныспен бірге оған жаңа «айдар» ойлап тапқандардың да қарасы көбейеді. Осыған дейін Қазақстан халқы Қазақ елінен бастап, Тұран, Алаш, Қазақия сияқты атаулардың бірқатар нұсқасын естіді. Расул Жұмалы мемлекет атауы тарихи мұ­раны арқау етуден бөлек, ха­лық­аралық қатынасқа да қолайлы болуы керектігіне назар аударды.

– Қазақстан атауының орнына Қазақ елі, Тұран, Ұлы дала елі сияқты бірнеше атау ұсынылды. Көпшілікке «Қазақ елі» деген әри­не ұнамды болуы мүмкін. Бірақ әлемдік деңгейде мемлекет ата­уы­ның өзіндік алғышарттары мен халықаралық бекітілген дәстүрлері болады. Сол ережелерге «Қазақ елі» деген аса сай келмейді. Сон­дық­тан әлемде мемлекеттерді атау тәжірибесін ескере отырып, та­рихи болмысымызға, тарихымызға сай келетін Қазақ Республикасы деп атау дұрыс деп санаймын. Көп ұсыныстың ішінде Қазақ Республикасы деген атауға тоқта­ғандардың бірі – Досым Сәтпаев. Саясаттанушы мемлекет атауын өзгерту туралы ұсыныстың саяси тұрғыдан дұрыс болғанымен, эко­номикалық-қаржылық тұрғыдан бірқатар қиындықтар болуы мүмкін екенін ескертеді.

– Қазір көп адамға мемлекет атауын өзгерту туралы саяси ше­шім қабылданса, бұл процеске қанша қаржы мен уақыт жұмса­ла­тыны қызық. Өйткені бұл маңызды есептеулерді қажет етеді. Бастама жақсы, бірақ бұл жерде де жем­қорлық орын ала ма деген қауіп бар. Мемлекет атауы іс жүзінде өзгеретін болса, бүкіл процесс ашық болуы тиіс. Мемлекет ата­уын өзгерту процесіндегі барлық өзгерістер мен шешімдерден қоғам уақытылы құлағдар болып отыр­ғаны дұрыс. Мемлекеттің қар­жы­лық мүмкіндігі де ескерілуі керек. Өйткені қазір сарапшылар әлемдік экономика дағдарыстың жаңа сатысына аяқ басқанын айтып отыр. Шикізатқа бағаның төмен­деуі экономикасы мұнайға тәуелді мемлекеттерді алаңдата бастады. Демек, Қазақстанға да кей жерде белін бууға тура келеді. Саяси тұрғыдан, бұл – өте дұрыс бастама. Ал экономикалық тараптан жо­баға қанша қаржы кететіні нақты есептелуі керек. Досым Сәтпаев мемлекет ата­уының ерте ме, кеш пе өзгеретініне сенеді. Бұл ойын сарапшы «қазіргі билік осыған дейін қабылдаған жаңа астана белгілеу, латын қар­піне көшу сияқты маңызды ше­шім­дердің қатарында мемлекет атауын ауыстырып, оны Кеңес Одағының қалдығынан азат ету арқылы тағы бір тарихи қадамды өз үлесіне жазуға талпынуы мүм­кін» деген болжаммен бекітеді. Саясаттанушы «Қазақ Респуб­ли­касы атауына оралсақ, Ресей тарапынан болатын ақпараттық соққыға дайын болуымыз керек», – дейді.

– АҚШ, Еуропа мемлекеттері Қазақстан атауының өзгеруіне ештеңе демесі анық. Бірақ көр­шіміз Ресей тарапынан көп нега­тив пікір болуы мүмкін. Өйткені Ресей сарапшылары, медиаке­ңіс­тігі 2014 жылдан бері қоршаған ортада болған кез келген оқиғаны «антиресейлік акция» деп қабыл­дайды. Латын қарпіне көшуді «орыстілділердің құқығын бұзу» деп түсіндірген қаншама ақылға қонымсыз ойлар мен пікірлер ай­тылды. Каспийдегі теңіз порт­та­рын америкалықтарға беру ту­ралы жаңалықты да кері түсін­діріп, «Қа­зақстанда АҚШ-тың әскери ба­засы ашылады» деп шу көтер­гендер табылды. Бірақ кирил­ли­ца­дан бас тарту немесе мемлекет ата­­уын өзгерту болсын, бұл Қазақ­станның ішкі ісі екенін түсіну керек. Азат Перуашевтың ұсынысы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, Қа­зақ Республикасы болуға ынта­лы­лармен қатар Қазақстан боп қалуды құп көргендер де табылды. Жур­налист Төреғали Тәшенов фейс­бук­тегі парақшасында: «Түр­кіс­тан­нан безіп қайда барамыз? Мына ел­дің бәрі Түркістанға кі­реді: Ау­ған­стан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тә­жікстан, Түркіменстан, Өзбек­стан, Қарақалпақстан, Татарстан, Да­ғыстан, Башқұрт­стан, Қытай­да­ғы Шығыс Түркіс­тан. Мұның сыр­тын­да Пәкістан, Са­марқандағы Ре­гистан, Өзбек­стандағы Гүлстан, Тә­жікстандағы Шахристан, Ауған­стандағы Ха­зарстан секілді толып жатқан «стандар» бар. Бізден басқа бір ел «станнан» безіп жатқан жоқ. Түр­кістанды бүкіл түркінің аста­на­сы қыламыз дейміз де, өзіміз Түр­кіс­­таннан бөлінгіміз келеді…» деп жазды. Халықтың көзқарасын сұраған өзге жазбалардың астындағы бірқатар ойлар «ел атауын өзгертуге жұмсалатын қыруар қаржыны халықтың ауызсу, баспана сияқты өткір мәселелерін шешуге неге жұмсамайды?» деген наразылыққа саяды. Депутат ұсынысын «ерік­кен­нің ермегіне», «ақшаны босқа шашудың амалына» балағандар мен «Қазақстанның атын өзгерт­кеннен, қазақтың тұрмысы өзге­ріп, байып кете ме?» деп қынжыл­ғандар да кездесті. Тағы бір қол­данушы «стан» қосымшасын Еуропа елдері атауларының со­ңын­дағы land сөзімен салысты­рыпты. Батыс мемлекеттерінің біразына ортақ осы сөзге олардың арланбайтынын алға тартқан пікір иесі «біз неге бос дақпырт қуамыз осы?» деп қорытындылайды.

P.S. Мемлекет атауын ауыстыру біркүндік мәселе емес. Мұндай қадамға бару халық арасында кеңінен талқыланып, көптің ойы сөзсіз ескерілуі керек. Биліктің қоғамдық пікірге қозғау салатын ұсыныстарының көптігі азаматтық белсенділікті алға ілгерілетуге жақсы да шығар. Бірақ осындай таластарда көбіне мемлекет пен халық түсінігіндегі «уақыты келген мәселе» екі түрлі болатыны өкінішті.

Динара Тілеубек