ҚазҰУ студенттері Қазақстан жастарына ҮНДЕУ жасады
2019 ж. 30 қаңтар
3370
0
Мемлекет басшысының «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылуында айтылған ойлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен студенттік форумда талқыланды. Өздері бастама танытқан жетекші университеттің студенттері Қазақстан жастарын «Жастардың шығармашылығы мен күш жігері – еліміздің инновациялық дамуы үшін» ұлттық жастар қозғалысына қосылуға шақырды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Бір алаңда 2 мыңнан асқан жастар – студенттік ұйымдардың көшбасшылары, жас ғалымдар, стартаперлер, кәсіпкерлер мен еріктілер жиналды. Пікірлермен және тәжірибелермен алмасу Президент айтқан барлық негізгі бағыттар бойынша өрбіді. Талқылаудың басты бағыты білім экономикасын құруға жастарды қатыстыру жолдарын табуға арналды.
Форумды ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов: «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жаңа формацияның жас толқыны өсті. Ел Президенті мен мемлекет оның қалыптасуына және дамуына көп үлес қосты. Мемлекет тәуелсіздігін нығайтудың жауапкершілігі мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру және әлемдік деңгейде ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жастарға аса зор жауапкершілік пен үлкен үміт жүктеледі», - деп атады.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің Қазақстан жастарына ҮНДЕУІ
Біз, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері, бүкіл ел жастарына үндеу тастаймыз!
Қазақстан Жастар жылына аяқ басты, бұл – Елбасының ел болашағы жас ұрпаққа деген үлкен әрі ерекше қамқорлығының көрінісі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтудың жауапкершілігі мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру және әлемдік деңгейде ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жастарға аса зор жауапкершілік пен үлкен үміт жүктеледі.
Жастар жылы жарияланды, ендігі іс - біздің қолымызда! Мемлекет біз үшін бір нәрсе жасап береді деп күтіп отырудың еш қажеті жоқ. «Мен елім үшін не істей аламын?» деген сұрақты әрбір адам өзіне қоюы тиіс. Жыл сайын елімізде ЖОО қабырғасынан 200 мыңға жуық түлектер бітіріп шығады. Олар өмірге қаншалықты білім қорымен қадам басады және азаматтық ұстанымы қаншалықты белсенді деген сұрақ туады. Маңыздысы сол олар қажетті құзіреттілікке қол жеткізгеннен соң жұмыссыздардың қатарын емес, өздері жұмыс орындарын құра алған азаматтардың бірегейі болу тиіс.
Себебі еліміздің ертеңгі гүлденуі олардың Қазақстан қоғамының дамуына қосқан үлесіне тығыз байланысты.
Постиндустриалды қоғам жағдайында мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі жоғары инновация мен технологияға қарай айқындалады. «Асыл тастан – ақыл жастан» деген дана халқымыз. Қазақстанға біздің жаңа идеяларымыз, ойларымыз жаңалықтарымыз, сонымен бірге Индустрия 4.0. құруға белсенді түрде қатысуымыз аса қажет. Тек осындай жағдайда ғана елімізді ғаламдық технологиялық трендтермен сәйкестікте дамыта аламыз. Жастарды елімізді дамытудың инновациялық жаңғырту үдерісіне тарту тәжірибесі жаңа идеяларды айқындау мен қолдау жаңа арнайы алаңдар құруға жағдай жасап отыр. Мысалы, интеллектуалды-шығармашылық әлеуетті ынталандыру мақсатында және талантты жастарды анықтау үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 6 жылдан бері «Менің Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан нақты үлесім» үздік жас ғалым, үздік студенттік старт-апқа, «Өз елімнің гүлденуі үшін мен не істей аламын?» атты үздік эссе мен поэтикалық шығармаға, «Мәңгілік ел – менің мұратым» үздік патриоттық әндерге арналған ҚР Бірінші Президенті күнінде қортындысы шығарылатын байқаулар жобасы жүзеге асырылып келеді.
Осы өткен 6 жыл ішінде бұл жобалар елеулі шығармашылық алаңға айналып, студент жастар арасында қызығушылық туғызып, өзінің өте жоғары деңгейдегі тиімділігін көрсетіп отыр. Бабаларымыздан қалған «Бұлақ көрсең - көзін аш» деген қанатты сөз бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибесі негізінде ұлттық жастар қозғалысын қалыптастыру мақсатында барлық ел жастары арасында жыл сайын «Жастардың шығармашылығы мен күш-жігері
– еліміздің инновациялық дамуы үшін» ұранымен аталмыш байқауды өткізіп отыруды ұсынамыз.
Осынау жобаның жыл сайын жүйелі түрде Қазақстанның барлық аумағында өткізілуі жаңа жобалардың, жаңа идеялар мен бастамалардың пайда болуына негіз қалап, олардың кәсіпкерлік құзіреттілігінің қалыптасуына және жастардың болашақта жеке инновациялық кәсіпорнын құруына жол ашады деп сенеміз. Егер, бұл жобаға әр университет, кәсіпорын, аймақ қосылатын болса, инновациялық жастар қозғалысы еліміздің дамуына игі ықпал ететін, нағыз бұқаралық жобаға айналарына сенімдіміз.
Біз жастардың ең үздік бастамалары мемлекеттік ұйымдардың барлық деңгейіндегі тиісті ресурстардан қолдау табады деп сенеміз! Осыған орай Біз үлкен ынтамен Президенттің тапсырмасын қолға ала отырып, талантты жастардың идеялары мен стартаптарына көмек көрсету мақсатында арнайы грант табыстайтын бизнес-құрылымдарға ұсыныс тастаймыз. Біздің ұсынысымыз ары қарай кең көлемде жүзеге асырылса, онда ол қоғамда қолайлы инновациялық орта жасауға, әрі жастардың күш-жігері мен шығармашылығының жасампаз күшке айналуына мүмкіндік береді.
Біз еліміздің жастарын «Жастардың шығармашылығы мен күш жігері – еліміздің инновациялық дамуы үшін» атты жобаға белсенді түрде қатысуға және өз білімдерін, біліктілік пен шығармашылықтарын жаңа креативті идеялар мен инновацияларды ойлап табуға бағыттауға шақырамыз. Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы толығымен бізге байланысты!
Еліміздің болашағы - біздің қолымызда!
qazaquni.kz