"Каспий банктің" мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап етеміз...

Айлығы шайлығына жетпейтін көп қазақтың күнкөріс көзі кредит болғалы қашан. Бала-шағаның қамы деп амалсыз банк жағалап жүрген ағайын қарыздың күліп кіріп, жылап шығатынын білмейді емес. Алайда, қысқа жіп күрмеуге келмеген соң амалсыз банкке борышкер болып шыға келеді. Сөйтіп, берерінде туысындай төріне шығарған қарыз иелері аз уақыттың ішінде қарапайым халықтың мойынына мініп алады.

Қарыз арқалаған қазақ жайлы бұған дейін де көп жазылды. Әлі де айтылар. Бүгінгі біздің әңгіме бұл емес. Біз банктерді тек қарыз тарқататын орын деуден аулақпыз. Банктің халық өміріндегі маңызын жоққа шығаруға ешкімнің қақысы жоқ. Әсіресе цифрлы технология күш алған бүгінгі таңда электрондық банктік қызмет көрсету жүйесінің жақсаруы халық тұрмысына көп жеңілдік тудырып отыр. Әділін айтқанда бұл бағытта елімізде ең өнімді жұмыс істеп тұрған екінші дәрежелі банк — Kaspi bank екені сөзсіз.

«Kaspi Bank» 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәуелсіздікпен бірге өсіп келе жатқан банк 2018 жылдың қазан айындағы есеп бойынша активтерінің мөлшері 1471,2 млрд теңгеге жетіп, еліміздегі 28 коммерциялық банктің ішінде төртінші орын алған. Көпшілік аталған банктің қызмет көрсетуі қолайлы әрі сапалы екенін айтады. Инновациялық технологиялардың адам өмірін анағұрлым жеңілдеткені анық. Сондықтан кім болса да өмір салтының барынша оңайласқанын қалайды. Электронды жүйеде керек-жарақты сатып алып, коммуналдық төлем жасауды мобильді қосымша арқылы жүзеге асыру қызметі Каспий банктің асығын алшы түсірді. Осы жүйе арқылы банк халыққа қолайлылық жарата отырып, өз есептерін түгендеп алды.

Электронды ақшаның елімізде қарқынды дамып келе жатқанына мысал ретінде айтайық, төлем картасын пайдалана отырып интернет және мобильді банкинг арқылы жүргізілген төлем көлемдері 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 78,9%-ға өскен. Тағы бір мысал 2015 жылы электронды қапшықты қолданушылардың саны 1 миллион көлемінде болса, 2017 жылы 1 қазандағы есеп бойынша электронды ақша жүйесінде тіркелген «электронды әмиян» саны 7,2 млн бірлікті құраған. Бұл мәліметтерді Бас банктің архивінен алғанымызды айта кетейік.

Қазақстан аумағында электронды ақшаны пайдалану туралы 2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Электронды ақша мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнамаға қол қойған. Қабылданған заң бойынша электронды ақша ұғымы енгізіліп, құқықтық мәртебесі де айқындалды. Заң бойынша электронды қаржы жіберу басқа да төлем құралдары, яғни төлем картасы, вексель, төлем сенімхаттары сияқты банк операциялары арқылы жүзеге асырылатын болды.

Осы бағытта «Kaspi Bank» халыққа тиімді қызмет көрсетіп отыр. Алайда бұл қызметтердің барлығы орыс тілінде көрсетілетіні өкінішті. Өз ісін жақсы білетін банк қызметкерлері мемлекеттік тілді менсінбей ме деген заңды сұрақ туындайды. Бұған себеп, «kaspi.kz» ресми сайты мен «kaspi.kz» мобильді қосымшасы мемлекеттік тілде мүлде жұмыс істемейді. Тіпті «Kaspi Bank» банкоматтары да тек орыс тілін қолдайды.

«Kaspi Bank» салымшылары мен «kaspi.kz» қызметін пайдаланушылардың көбі қазақтар екені сөзсіз. Себебі Қазақстан халқының 70%-дан астамын қазақ ұлты құрайды. Демек Каспий банк мемлекеттік тілді және қазақ тілді тұтынушыларын құрметтесе бұл кемшілікті түзетулері керек. Барлық банкоматтары мен «kaspi.kz» ресми сайты және мобильді қосымшасы мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап етеміз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz